Полиция тұрғындарға интернетте өзін «емші», «көріпкел» немесе «балгер» ретінде таныстырып, азаматтарды алдайтын жаңа тәсілден сақ болуды ескертті.
Кейінгі уақытта алаяқтар адамдардың қорқынышы мен алаңдаушылығын пайдаланып, «балаңызға дуаланған» деген сылтаумен ақша талап ететін жағдайлар жиілеген.
Әдетте олар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы азаматтармен байланысады. Түрлі «белгілерді» алға тартып, жағдайдың күрделі екеніне сендіреді. Кейін «ем жүргізу», «дуаны қайтару» немесе арнайы «қажетті заттарды сатып алу» үшін ақша аударуды сұрайды.
Полиция тұрғындарға мұндай жағдайларда сақтық танытып, бейтаныс адамдардың уәдесіне сенбеуге кеңес береді.
Құқық қорғау органдары мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:
- интернеттегі бейтаныс адамдардың «емдеп жазу», «көз тиюден арылту» туралы уәделеріне сенбеңіз;
- таныс емес адамдардың есепшоттарына ақша аудармаңыз;
- жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін және SMS арқылы келген кодтарды ешкімге бермеңіз;
- қорқыныш пен дүрбелеңге бой алдырмай, күмәнді ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеріңіз;
- алаяқтармен хат алмасуды және ақша аударылғаны туралы түбіртектерді сақтап қойыңыз.
Полицияның айтуынша, алаяқтар көбіне адамның сеніміне кіріп, қорқынышы мен алаңдаушылығын пайдаланады. Сондықтан күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарау маңызды.
Егер сізден осындай жолмен ақша талап етілсе немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласыңыз.





