Қазақстанда базалық банк лицензиясы бар банктердің қызметіне қатысты жаңа талаптар белгіленді. Оларға сәйкес мұндай банктердің жиынтық активтері 500 млрд теңгеден аспауы тиіс. Сонымен қатар бір жеке тұлғаның депозиттері мен банк шоттарындағы қаражатының жалпы көлеміне 20 млн теңге шегі белгіленді.
Тиісті қаулыны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы қабылдады.
Жаңа талап бойынша жеке тұлғалардың қаражатына мынадай лимиттер белгіленеді:
- 20 млн теңгеге дейін – ұлттық валютадағы жинақ депозиттері бойынша;
- 10 млн теңгеге дейін – теңгедегі өзге депозиттерге, оның ішінде банк шоттарындағы ақшаға;
- 5 млн теңгеге дейін – шетел валютасындағы депозиттер мен банк шоттарындағы қаражатқа.
Бұл шектеулер бір клиенттің банктегі барлық қаражатының жиынтық көлеміне қатысты қолданылады. Яғни клиенттің бірнеше депозиті немесе банк шоты болған жағдайда, олардағы жалпы күнделікті қалдық белгіленген талаптардан аспауы керек.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда базалық лицензиясы бар банктер жоқ. Екінші деңгейлі банктер әмбебап лицензия негізінде жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жаңа талаптар қазіргі уақытта олардың қызметіне қолданылмайды.
Қаулы 2026 жылғы 13 қыркүйектен бастап күшіне енеді.





