Бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл бағытта медициналық-әлеуметтік сараптаманың атқаратын рөлі айрықша. Сараптама адамның денсаулық жағдайын ғана емес, оның күнделікті өмірдегі мүмкіндігін, еңбек ету қабілетін және әлеуметтік қолдауға қажеттілігін кешенді бағалауға бағытталған.
Облыста қазіргі таңда мүгедектігі бар 25 824 адам тұрады. Бұл облыс халқының жалпы санының 3,8 пайызын құрайды. Оның ішінде 22 288-і ересектер, 3 536-сы 18 жасқа дейінгі балалар.
Медициналық-әлеуметтік сараптаманың негізгі міндеті – адамның денсаулық жағдайын, ағза қызметінің бұзылу дәрежесін және тіршілік-тынысының шектелуін кешенді бағалау. Сонымен қатар азаматқа қажетті әлеуметтік қорғау шаралары айқындалады.
МӘС барысында адамның өзіне-өзі қызмет көрсету, жүріп-тұру, оқу, еңбек қызметімен айналысу, бағдарлану, қарым-қатынас жасау және өз мінез-құлқын бақылау қабілеттерінің шектелу дәрежесі бағаланады. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесінде мүгедектік тобы, оның себептері мен мерзімі белгіленеді.
МӘС қорытындысы бойынша мүгедектіктің жас ерекшелігіне қарай санаттары белгіленеді. Жеті жасқа дейінгі балаларға – «мүгедектігі бар бала» санаты, 7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға – 1, 2 немесе 3 топтағы мүгедектігі бар бала санаты белгіленеді. Ал 18 жастан асқан азаматтарға 1, 2 немесе 3 топтағы мүгедектік белгіленеді. МӘС жүргізу кезінде мүгедектіктің және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесінің себептері де анықталады. Оларға жалпы ауру, еңбек жарақаты, кәсіптік ауру, бала кезінен мүгедектік, жеті жасқа дейінгі балалардың мүгедектігі, сондай-ақ жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың мүгедектігі жатады.
Сонымен қатар қызметтік немесе әскери міндеттерін атқару кезінде, азаматтық немесе әскери мақсаттағы ядролық нысандағы апаттардың зардаптарын жою барысында, сондай-ақ жаралану, контузия, жарақаттар мен аурулар да мүгедектік себептерінің қатарына жатады. Бұл ретте тиісті қызмет саласының уәкілетті органы олардың себеп-салдарлық байланысын белгілеуі қажет. Мүгедектік төтенше экологиялық жағдайлардың салдарынан, соның ішінде ядролық жарылыстар мен сынақтар кезінде радиациялық әсер ету және олардың зардаптары нәтижесінде де белгіленуі мүмкін. Мұндай жағдайда да себеп-салдарлық байланыс уәкілетті органның тиісті қорытындысы негізінде анықталады.
Өндірістік жарақат алған немесе еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауына байланысты кәсіптік ауруға шалдыққан қызметкерге МӘС жүргізу кезінде оның себептері айқындалады. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес мүгедектік белгіленетін мерзімдер де әртүрлі. 7 жасқа дейінгі балаларға мүгедектік 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе 7 жасқа толғанға дейін белгіленуі мүмкін. 7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға – 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе 18 жасқа толғанға дейін белгіленеді. Ал 18 жастан асқан азаматтарға мүгедектік 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленуі мүмкін.
Қайта куәландыру мерзімінсіз мүгедектік МӘС жүргізу қағидаларында көрсетілген тізбеге сәйкес қалпына келмейтін анатомиялық кемістіктер мен аурулар кезінде белгіленеді. Сондай-ақ ағза қызметінде тұрақты әрі қайтымсыз өзгерістер мен бұзылулар және жүргізілген оңалту шаралары толық көлемде тиімсіз немесе мүгедектік тобы тұрақты болған жағдайда да мерзімсіз мүгедектік белгіленуі мүмкін. Бұл ретте бірінші топтағы мүгедектігі бар адам кемінде 4 жыл, 2-ші топтағы адам кемінде 5 жыл, 3-ші топтағы адам кемінде 6 жыл динамикалық қадағалауда болуы қажет. Оңалту болжамы қолайсыз жағдайда зейнеткерлік жасқа толған адамдарға да қайта куәландыру мерзімінсіз мүгедектік белгіленеді.
МӘС жұмысының маңызды бағыттарының бірі – куәландырылатын адамның еңбек ету қабілетін бағалау. Сараптама барысында еңбек қызметін шектеу дәрежесі, еңбек жағдайларына қойылатын талаптар, кәсіптік бағдарлау және ықтимал жұмысқа орналасу мүмкіндігіне қатысты ұсынымдар айқындалады. Яғни МӘС-тің мақсаты тек мүгедектік тобын белгілеумен шектелмейді. Азаматтың қоғамдағы белсенділігін сақтауға және мүмкіндігінше еңбекке араласуына жағдай жасау да маңызды.
Осы ретте медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалтуға ерекше мән беріледі. МӘС абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлей отырып, қажетті іс-шараларды, олардың түрлерін, мерзімдері мен көлемдерін анықтайды. Ағымдағы жылдың 7 айында облыстың МӘС бөлімдері мүгедектігі бар адамдар үшін 6 926 абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасын әзірледі. МӘС жүйесін дамытудың қазіргі заманғы бағыттарының бірі – цифрландыру және сырттай проактивті сараптама. Биылғы жылдың өткен кезеңінде облыста 2 294 адам сырттай проактивті форматта қайта куәландырылды. Бұл куәландырудан өткен барлық азаматтардың 47 пайызын құрайды. Республика бойынша сырттай проактивті куәландырудың нысаналы индикаторы 45 пайыз болып белгіленген.
Сырттай проактивті куәландыру азаматтарға көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін арттырып, бірнеше инстанцияға жүгіну қажеттілігін және қағазбастылықты азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қызмет көрсетуші мен қызмет алушы арасындағы тікелей байланысты жою арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға ықпал етеді. Іс жүзінде бұл азаматқа тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті медициналық тексеруден өту жеткілікті дегенді білдіреді. Азаматтың денсаулық жағдайы және емдеуші дәрігерлердің ағза қызметінің бұзылу дәрежесі туралы қорытындылары медициналық ақпараттық жүйелер арқылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүгедектігі бар адамдар туралы деректердің орталықтандырылған банкіне түседі.
Одан кейін ақпарат автоматты түрде, дербес деректер көрсетілмей, экстерриториялық қағидат бойынша 3 өңірдің сарапшыларына жіберіледі. Яғни сараптама бұрынғыдай азаматтың тұрғылықты жері бойынша ғана жүргізілмейді. Сарапшылардың қорытындысы негізінде алғашқы және қайта куәландыру нәтижелері бойынша бірлескен әрі нақты шешім қабылданады. Куәландыру нәтижелерін азаматтар электрондық цифрлық қолтаңбасы болған жағдайда портал арқылы немесе бір реттік парольді пайдалана отырып, қашықтан қол жеткізу режимінде ала алады.
МӘС саласында тәуелсіз сарапшылар институты да белсенді түрде дамып келеді. Олардың қызметі сараптамалық шешімдердің нақтылығы мен сапасын арттыруға бағытталған. Облыста 6 тәуелсіз сарапшы сырттай проактивті куәландыруға қатысады. Бұл – МӘС жүйесінің ашықтығы мен нақтылығын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Қазіргі заманғы МӘС – тек мүгедектікті белгілеу жүйесі емес. Ол адамның тіршілік-тынысын кешенді бағалауды, оның медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалтуға қажеттіліктерін анықтауды көздейді. МӘС-ті одан әрі дамыту цифрландыруды жетілдірумен, сараптаманың нақтылығын сақтаумен, әр азаматқа жеке тәсіл қолданумен және мүгедектігі бар адамдардың қоғамға әлеуметтік интеграциялану мүмкіндіктерін кеңейтумен байланысты.
Бұл бағыттағы басты мақсат – мүгедектігі бар азаматтарға қажетті қолдауды уақытылы көрсетіп қана қоймай, олардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өмір сүруіне, білім алуына, еңбек етуіне және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасау.
С. Булебаев,
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің
Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы





