Талдықорғанда қоғамдық тәртіпті сақтауға және қылмыстың алдын алуға белсене қатысқан тұрғындарды қаржылай ынталандыру мен сыйақы төлеудің жаңа ережелері бекітілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Қоғамдық қауіпсіздік пен шаһар тазалығын қамтамасыз ету – тек құқық қорғау органдарының емес, әрбір жауапты азаматтың ортақ міндеті. Шағын бұзақылықтар, түнде тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда ішімдік ішу сияқты тұрмыстық ережелердің бұзылуы қала тұрғындарының жайлы өміріне тікелей кері әсерін тигізеді. Мұндай теріс әрекеттерге бей-жай қарамау және оның алдын алуға көмектесу арқылы тұрғындар өз ауласы мен қаласының қауіпсіздік деңгейін едәуір көтере алады.
Осы мақсатта Жетісу облысы әкімдігінің 2026 жылғы 22-шілдедегі №193 қаулысына сәйкес, Талдықорған қаласының әкімдігі құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысатын белсенді азаматтарды көтермелеу ережелерін бекітті. Жаңа тәртіп бойынша шағын бұзақылық, қоғамдық орындарда ішімдік ішу, түнгі уақытта тыныштықты бұзу, біреудің мүлкін ұрлау, отбасы-тұрмыстық қатынастардағы заң бұзушылықтар мен жол жүрісі ережелерін бұзу фактілерін хабарлаған немесе анықтауға жәрдемдескен тұрғындарға арнайы ақшалай сыйақы қарастырылған.
Тұрғындар тарапынан берілген шынайы ақпарат пен белсенді азаматтық ұстаным заң бұзушылықтардың жылдам жолын кесуге мүмкіндік береді. Қалалық әкімдік өкілдері бекітілген ережеде сыйақы беру шарты, мерзімі және қаржылай төлем мөлшері нақты белгіленгенін хабарлайды. Мұндай тетіктер елімізде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға әрі полиция мен халық арасындағы тығыз әріптестікті арттыруға оң ықпал етеді.
Белсенді азаматтарды қаржылай ынталандыру тәжірибесі шаһардағы қылмыс деңгейін төмендетудің пәрменді құралына айналады. Әрбір азамат өз ортасында тәртіп пен заңдылықтың сақталуына үлес қосып, шаһар дамуын жаңа деңгейге көтере алады.





