Ғасыр жасаған әже дауыс беріп, жастарға өсиет айтты. Ол бейбітшілікті, тілді және ұлттық дәстүрді қадірлеуге шақырды.
Панфилов ауданында мәслихат депутаттарын сайлау күні есте қалған ерекше оқиғалардың бірі – 105 жастағы Нағиман Шалабаеваның дауыс беруі болды. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері ғасырдан астам ғұмыр кешкен кейуанаға арнайы барып, оның азаматтық таңдау жасауына мүмкіндік берді. Жасына қарамастан, Нағиман апа туған өлкесінің тыныс-тіршілігіне әлі де бейжай қарамайды.
Аудан тұрғындары үшін Нағиман апа – ұрпақтар сабақтастығының символына айналған өнегелі жан. «Батыр ана» атағының иегері 13 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ол – 36 немере, 103 шөбере және 13 шөпшек сүйіп отырған үлкен әулеттің ақылшысы. Ғұмырының ұзақ жылдарында ел өміріндегі маңызды оқиғалардан шет қалмай, үлкен отбасына жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді.
«Ұзақ ғұмырымда талай кезеңді бастан өткердім. Өмір маған ең қымбат құндылықтардың бейбітшілік, бірлік пен туған жердегі тыныштық екенін үйретті. 105 жасқа келсем де, сайлаудан шет қала алмаймын. Өйткені бұл – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ борышымыз. Қазақстанда әрдайым татулық орнап, балаларымыз бен немерелеріміз берекелі де бақуатты елде өмір сүрсін», – деді Нағиман апа.
Мәслихат сайлауының маңызына тоқталған ол халық қалаулыларының ата-бабадан жалғасқан рухани құндылықтар мен өмірлік тәжірибеге сүйенуі керектігін айтты. Кейуананың пайымынша, туған тілді, ұлттық мәдениет пен дәстүрді құрметтеп, жастарды үлкенге ізет, еңбекке құрмет рухында тәрбиелемей, ел мен өңірдің өркендеуі мүмкін емес.
Сондай-ақ Нағиман апа қазақы дәстүрмен ақ батасын беріп, ел игілігі жолында атқарылар жұмыстарға береке тіледі. Сайлау комиссиясының мүшелері мен байқаушылар үшін бұл кездесу азаматтық белсенділіктің жасқа қарамайтынын, туған жердің тағдырына деген шынайы жанашырлықтың ұрпақтарды біріктіретінін тағы бір аңғартты.
«Жетісу-Ақпарат»






