Денсаулық сақтау саласында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету жүйесіне қатысты бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылы 27 тамыздағы №95 бұйрығымен алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдарға жеке тұлғаларды бекіту қағидалары бекітілді. Жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – азаматтардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру, емхананы таңдау құқығын қамтамасыз ету және халықты нақты тұратын жері бойынша медициналық қызметпен қамту.
Өзгерістердің мән-жайы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында кеңінен талқыланды. Жиынға Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Кенжеқұлова және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Арыстанбек Өтеғұлов қатысты.
Басқарма өкілінің айтуынша, өңірдегі денсаулық сақтау саласында 8 457 медицина қызметкері, 1 719 дәрігер мен 6 738 орта буын маманы еңбек етуде. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облыс емханаларына 54 дәрігер жұмысқа тартылған.
Жаңа қағидаларға сәйкес, азаматтар бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде емхананы жылына тек бір рет өз еркімен ауыстыра алады. Сондай-ақ, 0-ден 17 жасқа дейінгі балаларды нақты тұратын жері бойынша бекіту нормасы енгізілді. Нәтижесінде өңірдегі 187 мыңнан астам баланың профилактикалық тексерілуге, вакцинацияға және патронаждық бақылауға уақытылы қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Студенттер емхананы өз бетінше таңдаса, мерзімді әскери қызметшілер қызмет өткеру кезеңінде жақын маңдағы емханаға бекітіліп, кейін бұрынғы ұйымына автоматты түрде қайта оралады, – дейді Алмагүл Кенжеқұлова.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы директорының м.а. Арыстанбек Өтеғұлов саланы қаржыландыруды цифрлық жаңғыртудың негізгі құралы «Qalqan» платформасы туралы баяндады. Бұл «МӘМС 2.0» моделінің технологиялық негізі ретінде медициналық қызметтерді есепке алу, тексеру және төлем жүргізу процестерін толық автоматтандырады.
Жүйеге Face ID және QR-код арқылы цифрлық сәйкестендіру тетіктері енгізілген. Негізгі ерекшелігі – алдын ала бақылау жүйесі. «Qalqan» шот қалыптастыру кезіндегі қателерді автоматты түрде анықтайды, ал адал жұмыс істейтін емханаларға төлемді жеделдету үшін «жасыл дәліз» қарастырылған. Тұрғындар да өздерінің жеке кабинеті арқылы қор тарапынан төленген қызметтерді көріп, кері байланыс бере алады. Платформаны кең көлемде енгізу және жасанды интеллект элементтерін біріктіру 2026 жылдың соңына дейін толық аяқталады.
«Qalqan» платформасы медициналық ақпараттық жүйелерді алмастырмайды және дәрігерлердің емдеу ісіне араласпайды. Ол диагноз немесе емдеу барысын сақтамайды, тек қаржылық ашықтықты реттейді. Бұл – МӘМС қаражатының мақсатты жұмсалуын камтамасыз ететін, азаматтарға өз медициналық қызметтерін бақылауға мүмкіндік беретін сенімді цифрлық құрал, – деді Арыстанбек Өтеғұлов.
Мақпал Әділханқызы





