Қазақстанда жаңа отбасын құруды жоспарлап жүрген азаматтар үшін маңызды әрі пайдалы бастама жүзеге асырылып жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Отбасын қолдау орталықтарының базасында некеге дейінгі оқыту бағдарламасын кезең-кезеңімен енгізу бойынша тиісті бұйрық қабылдады. Жаңа жоба болашақ ерлі-зайыптылардың отбасын саналы түрде құруына көмектесуді, ажырасулардың алдын алуды және шаңырақ шайқалмауы үшін өзара түсіністікті арттыруды көздейді.
Талапқа сай, арнайы курстан өткісі келетін жұптар, некені тіркеуге өтініш бергендер, сондай-ақ шаңырақ көтергеніне 5-6 жылдан аспаған жас отбасылар қатыса алады. Оқыту процесі толығымен ерікті түрде жүргізіледі.
Көптеген жастар той ұйымдастыруға, шығындарды есептеуге келгенде белсенділік танытқанымен, отбасылық өмірдің тұрмыстық мәселелерін екінші орынға ысырып қояды. Нәтижесінде, ортақ бюджетті басқару, үй шаруасы, бала тәрбиесі бойынша келіспеушіліктер туындайды. Аталған тегін курс дал осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған.
Жоба Астана мен Шымкент қалаларында сәтті сынақтан өтті. Мәселен, БҰҰ Халық қоныстану қорымен (ЮНФПА) бірлесіп ұйымдастырылған тренингтерге 300-ден астам жұп қатысып, оң бағасын берді. Енді бұл жүйе еліміздің барлық өңірлеріне енгізіліп жатыр.
Оқыту бағдарламасының 5 негізгі бағыты:
-
Серіктестік және жауапкершілік: Міндеттерді тең бөлу, бір-бірінің жеке шекарасын құрметтеу және бірлесіп шешім қабылдау мәдениеті түсіндіріледі.
-
Отбасын жоспарлау және репродуктивтік денсаулық: Медицина мамандарының қатысуымен бала тууға дайындық, ата-ана жауапкершілігі сөз болады.
-
Құқықтық сауаттылық және зорлық-зомбылықтың алдын алу: Некедегі заңды құқықтар мен міндеттер, тұрмыстық қысымның алғашқы белгілерін тану және тиісті орындардан көмек алу тетіктері үйретіледі.
-
Қаржылық сауаттылық: Отбасы бюджетін жоспарлау, кіріс пен шығысты сәйкестендіру, ортақ кредит пен жинақтарды дұрыс басқару жолдары көрсетіледі.
-
Эмоционалдық интеллект: Даулы мәселелерді ренішсіз, ашық талқылау, серіктесін тыңдай білу дағдылары шыңдалады.
Сабақтар өңірлік Отбасын қолдау орталықтарында тоқсанына кемінде бір рет ұйымдастырылады. Жазылу үшін тұрғылықты жер бойынша тиісті орталыққа немесе жергілікті әкімдіктердің ресми ресурсы арқылы өтініш қалдыруға болады.





