Қазақтың тарихы тамыры тереңге жайылған алып бәйтерек. Сонау ғасырлар қойнауына көз салсақ, туған жердің топырағын жаудан қорғап, елдің еңсесін тіктеген баһадүрлердің өмір жолы ұлт жадында айрықша орын алғанын аңғарамыз. Олардың әрқайсысының ғұмыры – кейінгіге өнеге, ерлігі – елдік пен намыстың өлшемі.
Сондай есімі ел аузында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ардақты тұлғалардың бірі – Тәнеке батыр. (Нұралы Дөсетұлы.) Оның өмірі мен ерлік жолы жөніндегі деректерді жинақтап, батырдың есімін кейінгі буынға кеңінен танытуды мақсат еткен «Тәнеке батыр» атты кітап жарық көрді.
Кітапты батырдың ұрпағы, даңқты палуан Нұрбай Жармұхамедовтің жары Гүлғайша Жармұхамбетова жазып-құрастырған. Еңбекке Тәнеке батырдың өмір жолы мен ел қорғаған ерлігін арқау еткен тарихи-танымдық зерттеулер, деректі дүниелер мен көркем шығармалар енгізілген.
Жаңа кітаптың тұсаукесері Ақсу ауданының Жансүгіров ауылындағы аудандық кітапханада өтті. Тағылымды шара «KitapTime-2026» республикалық фестивалі аясында ұйымдастырылып, кітап пен тарихты, әдебиет пен руханиятты тоғыстырған жиынға айналды.
Фестивальге батырдың ұрпақтары, ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары мен тұрғындар қатысты. Кітап көрмесі жасақталып, әдеби инсталляциялар көпшілік назарына ұсынылды. Жиын барысында оқушылар кітаптың адам өміріндегі орны мен рухани құндылығы жайындағы жырларды жатқа оқып, өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ аудандық кітапхананың тұрақты жас оқырмандарына алғыс хаттар табысталды.
Тарихи тұлғаны танытудың тағылымды тәсілдерінің бірі – дерек пен көркем бейнені сабақтастыру. Осы ретте жиын барысында Тәнеке батыр туралы деректі фильмнен үзінді көрсетіліп, батырдың бейнесінде монолог оқылды. Экраннан жеткен тарихи дерек пен сахналық көрініс көпшілікті өткен дәуірдің тынысына бір сәт жақындата түсті.
Басқосуда жас зерттеуші-жазушы Ерден Нұрахмет Тәнеке батырдың ел тарихындағы орнына тоқталып, оның жастайынан ел ісіне араласқанын, жауға қарсы жорықтарда қайратымен танылғанын айтты.
– Тәнеке батыр – қазақтың ұлт болып қалыптасуына күш салған баһадүр. Ол он бес жасынан ел ісіне араласып, ерте есейген, жастайынан жаужүрек батыр атанған. Қазақ ханы Кенесарының кегін қайтарған батыр ретінде де тарихта айрықша орны бар. Кек қайтару үшін ең алдымен намыс керек. Намыс бар жерде рух болады. Тәнеке батырдың бойында ер азаматқа тән барлық қасиет болған. Сондай-ақ батырдың артында қалған жәдігерлердің арасында алтын зерлі шапанының орны бөлек. Ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жеткен сол шапанның тарихы 178 жылды артқа тастап отыр. Қазір құнды жәдігер Ұлттық музейде сақтаулы, – деді Ерден Нұрахмет.
Тұсаукесер барысында ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері де сөз алып, кітаптың тарихи мәніне тоқталды. Олар Тәнеке батырдың есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңызына тоқталып, ел шежіресін толықтыруға қосылған өзіндік үлес екенін атап өтті.
Кітапты қолға алып, батырдың өмір жолын зерделеу автор үшін де оңайға соқпаған. Тарихшы не кәсіби қаламгер болмаса да, отбасылық шежіреден басталған ізденіс бірте-бірте ауқымды зерттеу жұмысына ұласқан. Жылдар бойы жинақталған дерек пен ел арасындағы әңгіме, көнекөздердің сөзі мен тарихи мағлұмат бір арнаға тоғысып, ақыры кітап болып қатталды.
Жиында сөз алған автор Гүлғайша Дүйсенбекқызы еңбектің жазылу тарихын тебіреніспен жеткізді.
– Мен тарихшы да, жазушы да емеспін. Бірақ қазақта «босағаға адал болу» деген қасиетті ұғым бар. Мен де осы ұстанымды өмірлік жолыма бағдар еттім. «Қай елге келін болып түстім? Қай жердің гүлі болып егілдім? Осы әулетке қандай аманат арқалап келдім?» деген сауалдар мені көп ойландырды. Сөйтіп, қаншама жыл өмір жолын бірге кешкен жарым, даңқты балуан Нұрбай Жармұхамедовтің бабасы Тәнеке батыр туралы жазуға бел будым. Алғашында жүрексіндім. Жинақтаған материалдарымды көрген Берікбол Қасымов ағамыз: «Келін болсаң да талай іске атсалысып жүрсің, осы кітапты бастасаңшы» деп ақыл-кеңесін айтты. Сол сөз маған үлкен демеу болды. Содан бастап өзімді басқа қырымнан тани бастадым. Ақыры 2024 жылы қолыма алған ісімді аяқтап, бүгін осы кітапты оқырманға ұсынып отырмын. Егер кітаптан инедей сәуле оқырманның жүрегіне түссе, мен үшін одан асқан жетістік жоқ. Кітап – мәдениетіміздің мәйегі, руханиятымыздың тірегі. Тарихымыз хатталып, рухани мұрамыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін, – деді Гүлғайша Дүйсенбекқызы.
Жиында сөз алған «Матай-Бөрібай батыр» қорының төрағасы Берікбол Қасымов авторға ақжолтай тілегін жеткізді.
– Гүлғайша өз босағасына адал келін бола білді. Тегінде, әйел – үйдің аяулысы, шаңырақтың шаттығы. Әулеттің берекесін кіргізіп, ұрпақтың ұйытқысы болып отырған осындай алтын құрсақ аналар аман болсын. Гүлғайшаның ел тарихына, өз әулетінің шежіресіне деген ықыласы кейінгі буынға үлгі боларлық. Оның бұл еңбегі әр қазақ әйеліне өнеге болсын Қазақта: «келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген сөз бар. Келіннің барған жеріне сіңісуі, босағасын берік ұстауы – тұтас шаңырақтың абыройы. Осы тұрғыдан алғанда, Гүлғайша Дүйсенбекқызының Тәнеке батыр туралы дерек жинап, оны ел кәдесіне жарар кітап етіп шығаруы – әулетке деген құрметтің аясынан асып, ұлттың мұратына ұласқан азаматтық іс, – деді ол.
Ал кітаптың жарық көруіне тікелей куә болған автордың жолдасы Нұрбай Жармұхамедов еңбектің елдік мәніне тоқталып, ризашылығын білдірді.
– Мен өз атымнан және әулетіміздің атынан осы кітаптың жарық көруіне атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтамын. Әсіресе, осы істің бастамашысы әрі ұйымдастырушысы болған өмірлік серігім Гүлғайшаға жүрекжарды ризашылығымды білдіремін. Оның атқарған еңбегі – бүгінгі күннің шаруасы ғана емес, арғы буын мен бергі ұрпақты жалғар рухани мұра. Бабамыздың ел тарихындағы орнын кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында жасаған еңбегі елдің алғысына лайық деп білемін, – деді Нұрбай Жармұхамедов.
Гүлғайша Дүйсенбекқызының айтуынша, Тәнеке батыр туралы соңғы еңбек 2002 жылы Жекен Қалиұлының қаламынан жарық көрген екен. Содан бері араға жиырма жылдан астам уақыт салып, батырдың өмірі мен ерлік жолын қайта зерделеген жаңа дүние оқырман қолына тиіп отыр.
Кітапты әзірлеу барысында жинақталған деректер мен бұрыннан сақталған мағлұматтар қайта қаралып, батырдың ғұмыр жолына қатысты дүниелер бір арнаға тоғыстырылған. Демек, кітап – өткеннің сүрлеуін бүгіннің көзімен қайта таразылаған ізденістің жемісі.
Бабалар: «Ер есімі – ел есінде». Ендеше, Тәнеке батырдың аты ұрпақ жадында жаңғырып, оның ерлік өнегесі елмен бірге жасай беретіні сөзсіз.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Жансүгіров ауылы,
Ақсу ауданы





