Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басындағы Қапал бүгінгі ұрпақтың көз алдына елестете алмайтын ерекше бір дәуреннің куәсі еді. Қазір ойлап отырсам, ауданның ең гүлденген, ең еңселі шағы сол кез сияқты. 1982 жылы мектеп бітіріп, аудан орталығына келгенімде Қапал маған кәдімгі шағын қала болып көрінген. Ресми мәртебесі болмаса да бала көңіл оны әлдеқашан қалаға айналдырып қойған еді.
Бір шетінде төрт қабатты аспанмен тілдескен еңселі дәрухана. Екінші қапталында жаңадан салынған кәсіптік-техникалық училище. Ортасында сәулеті келіскен Мәдениет үйі. Әмбебап дүкендер. Аудандық билік жүйесінің сәнді әкімшілік ғимараттары. Балконы әсем қонақүй. Кең көшелер. Айналаны тұтас көмкерген Алатау. Кешкісін ағаш жапырақтарының арасынан самал есіп тұратын. Ол кездегі Қапалдың өзіне ғана тән әдемі ырғақпен өмір кешкен тұрмысы көз алдымда. Ешкім ешқайда асықпайтын сияқты. Бірақ бәрінің атқарып жүрген ісі бар. Ауыл кішкентай болғанымен мәдени тынысы үлкен еді.
Сол күндері аудандық газет редакциясының табалдырығын алғаш аттадым. Редакцияның өзі екі қабатты еңселі ғимарат екен. Төменгі қабатында баспахана орналасқан. Қорғасын әріптер мен жаңа басылған газеттің бояуы араласқан ерекше иіс әлі күнге дейін жадымнан кеткен емес. Журналистикаға деген алғашқы құштарлығымның иісі де сол шығар. Газеттің редакторы – Секен Иманасов ағамыз еді. Кейін есейіп барып түсіндім, ол ұжымның шығармашылық өзегін жауапты хатшы Арасанбай Естенов ұстаған екен. Арасан ағаның мінезінде бір сабырлы салмақ болатын. Жылы жымиғаны болмаса, көп сөйлемейтін, бірақ газеттің әр беті со кісінің қолынан өтетін. Бір қызығы, редакцияның өз ішінде де бір әулеттің жылылығы сезіліп тұратын. Арасан аға – жауапты хатшы. Балдызы – тілші. Жеңгеміз Күләш тәте – корректор. Курстасы Тағаев – фототілші. Беріректе ойлап отырсам, редакция – газет ғана шығарып қоймай, үлкен бір отбасы сияқты өмір сүріпті. Ал сол отбасының ең шуақты адамының бірі – Әйгерім болатын. Менің газетке апарған алғашқы шимай-шатпақ мақаламды да қарап, өңдеп шыққан сол еді. – Жаман емес… – деп күлімсіреді. Сосын қызыл қаламмен бірнеше жерін түзетіп, қағазды Арасан ағаның алдына апарып қойды. Сол сәтте мен өзімді кәдімгі журналист болып кеткендей сезіндім.
Бір күні Арасан ағалар тұратын екі қабатты ақ үйдің алдында жермай сасып бензовоз тұр. Келесі жолы байқадым, тағы да сол бөшкелі «ГАЗ-52». Дәл Арасан ағалардың кіреберісінің тұсына тасжолға қойыпты. «Е-е, осы маңда тұратын біреу болды ғой» деп тұжырдым. Ертеңінде редакцияға кәсіптік техникалық училище жөнінде мақала апарып, Әйгерімге жолықтым. Ол менен екі жастай ғана үлкен, сондықтан еркінірек сөйлесем.
Әйгерімнің тағы бір ерекшелігі бар еді. Әр кездескен сайын әңгіме арасында Сайын Мұратбековті айтып кететін. Алматыға барған сапары жайлы, сессиясы туралы айтады. Жазушылар одағы жайлы баяндайды. Бірақ әңгіменің түп-төркіні бәрібір Сайын ағаға барып тірелетін.
– Сайын ағаның жаңа әңгімесін оқыдым…
– Сайын аға былай деді…
– Сайын аға шығарманың адамға әсері туралы айтты…
– Сайын аға Қапалға келгенде өңірлік жазушылар осында жиналды, арасында мен де болдым… «талпынысың жақсы» деп айтты дейді. Ол кезде мен Сайын Мұратбековтің атын және Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы екенін білетінмін, шығармаларын түгел оқып үлгермеген едім. Үлкен қаламгермен Әйгерімнің кездескеніне қызықтым. Әрі бір нәрсені анық аңғардым. Әйгерім Сайын Мұратбековті жай ғана жазушы ретінде емес, рухани ұстазындай көретін. Кейін ойланып қарасам, қаламгердің шығармалары дәл сондай ықпал жасауға лайық екен. Өйткені Сайын Мұратбеков адамның жандүниесін даурықтырмай суреттейтін. Оның кейіпкерлері батырлық жасап жатпайды. Олар өмір сүреді. Сүйеді. Күледі. Өкпелейді. Кешіреді. Сол қарапайым тіршіліктің өзінен үлкен адамдықты табады.
Қазақ әдебиетінде ауыл туралы көп жазылды. Бірақ ауылдың үнсіздігін, кешкі самалын, бұлақтың сылдырын, бозбаланың алғашқы махаббатын, ананың қабағындағы мұңды Сайын ағадай дәл суреттеген суреткер сирек. Ол табиғатты емес, табиғатпен бірге өмір сүретін адамның жүрегін жазды. Сондықтан оның шығармаларын оқығанда ауылды емес, өзіңнің балалығыңды іздейсің.
Бір күні редакцияға келгенімде сөзден сөз шығып, бойжеткен көңілі ауған азамат туралы жұмбақтай бастады.
– Өлең оқиды, әдебиетті жақсы көреді, жақсы адам, – деді. Мен де қалжыңға басып:
– Қазақтың мықтысы шығар? – деп қалдым, әрі Алматыға жылына екі рет қатынайтын қыздың сондай мықтымен араласатынына күмәнім болмай.
– Қазақтың мықтысы кім?
– Сері…
Көздері күлімдеп кетті.
– Одан да мықтысы.
– Онда… сал шығар…
– Иә, сал.
– Біржан болды ғой онда…
Ол басын изеп, үндемей күлді.
Кейін білдім. Сөйтсем, әлгі Арасан ағаның есігінің алдында күн аралап тұратын бензовоздың шопыры Қоңырдың жігіті екен де, аты – Біржан екен. Ол жігітті көрмедім, бірақ Әйгерім сол жігітке тұрмысқа шықты. Сайын ағаның ауылы – Қоңырдың келіні болды. Соңыра ойлап отырсам, әдебиетті жақсы көретін қыз қаламгерді ерекше қадірлеп, сол жаққа көңілі бұра берсе керек. Сөйтіп жүріп Сайын ағаның «Көкорай» әңгімесіндегі Моторбайдың інілерінің бірінің етегінен ұстаған.
Махаббат кейде әдебиеттен басталып, өмірдің өзімен жалғасады екен. Әдебиетті сүйген қыздың жүрегі де әдебиет секілді… Ол адамның қызметіне емес, мінезіне ғашық болады.
Сайын Мұратбековтің өзін алғаш 1986 жылы Жазушылар одағында көрдім. Бар болғаны сәлемдестік. Бірақ сол сәлемнің өзінен ерекше бір кішіпейілділік сезілді. Кейін оқу бітірген соң Арасанбай аға арқылы жақын танысып, жақсы араластым. Сонда аңғарғаным – үлкен жазушы болу мен үлкен адам болу екі бөлек дүние емес екен. Сайын аға екеуін бір бойына сыйдырған санаулы тұлғалардың бірі еді.
1996 жылы 60 жылдық мерейтойын өткізуге дайындық басталды. Ұйымдастыру тобының құрамына Қастек Баянбаев, Сәкен Иманасов, Секен Иманасов, Несіпбек Айтов, Ғұсман Жандыбаев, Өтепберген Ақыпбеков, Арасанбай Естенов секілді қазақ әдебиетінің айтулы азаматтары біріккен еді. Әрқайсының Сайын ағаға деген құрметінен қазақ әдебиетінің өзара бауырмалдығы сезілетін. Бұл бүгінгі буын сирек көретін орта еді. Несіпбек ағамыз Сайын ағамен жиі ақылдасып жүретін. Бір күні шашбауын көтеріп жүрген інілерін Сайын аға үйіне шақырды. Ол кезде «Достық» даңғылы мен «Шевченко» көшесінің қиылысында тұратын. Фариза апамыз және бірер қаламгер де сол үйде тұрды. Сайын ағамыздың пәтері бесінше қабатта. Мәриям тәтеміз үстелді қайқайтып жасаған, бауырлары келгендей мәз. Ақылдастар алқасының тізгінін ұстаған Сәкен ағамыз көп мәселеге қатысты ұсыныстарын айтып, жөн-жосығын көрсетіп отырды. Кейбір шаруаға өзі жүретінін ескертті. Сайын ағамыз қызылшырайлана күліп қояды. Бәлен істеңдер, түген істеңдер дегендей өтініштерін де білдірмеді. Бастары жиі қосыла бермейтін қаламдас бауырларымен шүйіркелесіп, бір дастарқан басында дәмдес болғанға мәз секілді. Сол жолы ұйымдастырушылар ақылдаса келіп, атқа жеңіл деп, Арасан аға екеумізді Қапалға жіберді. «Туған аудан не қам жасап жатыр екен, біліп келіңдер» деді.
Салып ұрып Қапалға бардық. Аудан әкімі Асылмұрат Тұрғанбеков деген Сайын ағаның замандасы, Арасанның тумасы. Сұрастырдық, бірер адаммен жолықтық. Бірақ аудан көлемінде 60 жылдық мерейтойға байланысты мардымды дайындық байқалмады. Көңіліміз құлазып қайттық. Қызық. Кейде туған жер өз перзентінің қадірін алыстағылардан кешірек түсінеді екен. Ал Алматыдағы мерейтой… Ол мүлде басқа әлем болатын. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театр лық толды. Сахна төрінде Сайын аға. Залдағы әр адам ол кісіні өз туысындай жақсы көріп отырғандай. Сол күні бір нәрсені ұқтым. Әуезов театрының сахнасына кез келген адам шыға бермейді екен. Ол сахна – халықтың өзі мойындаған тұлғалардың ғана тұғыры. Жан-жақтан келген құттықтау жеделхаттар оқылды. Ресейден, Татарстаннан, Башқұртстаннан, Өзбекстаннан… Италиядағы елшілік қызметінде жүрген Олжас Сүлейменовтен. Мерейтой «Қазақстан» қонақ- үйіндегі дастарқан басында жалғасты. Бұл қазақ әдебиетінің бір дәуірі әлі тарқамаған шақ еді. Әңгіме қызды. Әзіл айтылды. Өлең оқылды. Сайын ағаның аралары ажырамаған бес-алты құрдасы бар. Қалихан, Қабдеш, Әкім, Бек, Рамазан ағалардың арасында Шәрбану Құмарова апай жарқырап жалғыз отырды.
Үлкендер өткенді еске алады. Жастар үнсіз тыңдайды. Қазір ойласам, ол дастарқанның өзі – әдебиеттің көшпелі университеті сияқты екен. Той тарқады. Есіктің аузынан мені ұшыратып қалған Рымғали Нұрғалиев ағам:
– Көлігің бар ма? – деді.
– Бар, апарып салайын, – дедім.
Алдыңғы орындыққа отырғыздым. Тағы біреулерді күтіп, болмашы бөгеліп қалдық. Сол арада әлгі күткен адамымыз да келді. Түннің бір уағына дейін Алматы көшелерімен қазақ әдебиетінің алыптарын үйлеріне таратып шықтық. Қазір сол түнді ойласам, тұтас бір әдеби дәуірдің мүйізі қарағайдай алыптарын шығарып салып жүргендей екенмін.
Ал Сайын Мұратбеков…
Ол қазақ прозасына айқайлап емес, сыр ақтара сыбырлап келген жазушы еді. Бірақ сол сыбырдың үні бүгінге дейін өшкен жоқ. Алдағы уақытта да қазақ әдебиетінің классигі ретінде қала береді… Кезіндегі Әйгерім сияқты қазақтың қаншама бүлдіршін қыздары Сайын ағаның әңгімелерін әсерлене оқып, жандарының жібектеріне айналдырғанына еш шүбәсізбін. Өйткені шынайы әдебиет дауысымен емес, жүрекке қалдырған жаңғырығымен өмір сүреді.
Әділбек Ыбырайымұлы,
Ғабит Мүсірепов атындағы және
Ұлттық «Айбоз» әдеби
сыйлығының лауреаты





