Жетісуда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облыстық сенбілік ұйымдастырылды. Қаратал өзенінің жағалауын тазалауға 33 мыңға жуық тұрғын қатысты. Ауқымды шара барысында өңірдегі елді-мекендердің аумағын тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Экологиялық бастамаға мемлекеттік органдар, ұйымдар мен кәсіпорын қызметкерлері, қоғамдық бірлестік мүшелері, жастар мен волонтерлер, сондай-ақ аудан тұрғындары белсенді атсалысты. Бір күндік сенбілікке жұртшылықтың жаппай қатысуы қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсетті.
Талдықорған қаласында сенбілік жұмысының негізгі бағыты Қаратал өзенінің жағалауын тазалауға арналды. Қала тұрғындары мен түрлі мекеме өкілдері өзен маңын қоқыстан тазартып, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсартуға үлес қосты.
Қараталдың бойы таңертең және кешке өзіміз серуендеп, таза ауамен тыныстайтын жер болғандықтан сенбілікке қатысқанымыз дұрыс деп ойлаймын. Мұндай шаралар адамдарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға, қоршаған ортаны ластамауға тәрбиелейді. Тазалықты тек сенбілік кезінде емес, күнделікті сақтауымыз керек, – дейді сенбілікке қатысқан Талдықорған қаласының тұрғыны Мадина Дәулетбекова.
Жалпы облыс көлемінде қоғамдық орын, көше, аула, саябақтар мен скверлер және басқа да учаскелер тазаланып, абаттандырылды. Тазалық жұмысына 287 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде облыстық сенбілік барысында 2 935 тонна қоқыс жиналып, белгіленген арнайы орынға шығарылды.
«Таза Қазақстан» акциясы бір реттік тазалық жұмыстарымен ғана шектелмей, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тұрақты бастама. Жыл басынан бері өңірде қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті арттыру бағытында 180 іс-шара өткізілген. Оларға 133 мыңнан астам адам қатысқан. Сонымен қатар жыл басынан бері облыс аумағында 58 мың көшет отырғызылып, 12 мың тонна қоқыс шығарылды. Бұл көрсеткіштер табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын аңғартады.
Мақпал Әділханқызы





