Жетісу облысындағы «Көктал» полигонында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының «Шеп-2026» («Рубеж-2026») бірлескен оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскери контингенттері қатысуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жаттығу 13–18 қыркүйек аралығына жоспарланған. Оның аясында әскери бөлімдер далалық жағдайда әскерді қайта топтастыру, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау бағыттары бойынша машықтануда.
Оқу-жаттығуға Орталық Азия өңірінің Ұжымдық жедел өрістету күштерінің бөлімшелері жұмылдырылған. ҰҚШҰ дерегіне сәйкес, бұл күштер ұйымға мүше Орталық Азия мемлекеттерінің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соның ішінде сыртқы әскери агрессияға қарсы тұруға және бірлескен терроризмге қарсы операцияларға қатысуға арналған.
Маневрлер барысында таулы-шөлейт жер жағдайында басқару органдары мен ұлттық әскери контингенттердің өзара іс-қимылына ерекше назар аударылады. Сонымен қатар Қазақстанның Шекара қызметі және Ұлттық ұлан бөлімшелерімен бірлесе әрекет ету тәсілдері пысықталады. «Шеп-2026» оқу-жаттығуы Қазақстан Қарулы күштерінің «Шешуші тойтарыс-2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуымен өзара сабақтастырылған.
Мәлімет бойынша, жаттығуға шамамен 1,5 мың әскери қызметші, 300-ден астам қару-жарақ, әскери және арнайы техника, сондай-ақ 115 ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған.
Бұған дейін «Шеп-2026» оқу-жаттығуына дайындық аясында төрт мемлекеттің тиісті министрліктері мен ведомстволары, ҰҚШҰ Біріккен штабы мен Хатшылығы өкілдерінің штабтық келіссөздері өткен. Онда оқу-жаттығудың жоспары, ұлттық контингенттердің келу тәртібі, практикалық іс-қимылдар мен жан-жақты қамтамасыз ету мәселелері келісілген.
Оқу-жаттығуға байланысты 7–30 қыркүйек аралығында Жетісу, Алматы және Жамбыл облыстары аумағында әскери техника мен жеке құрамның жоспарлы қозғалысы жүзеге асырылады. Қорғаныс министрлігі бұл қозғалыстың оқу-жаттығуға дайындық пен оны өткізу шараларына байланысты екенін хабарлады.
«Шеп» оқу-жаттығулары ҰҚШҰ аясында тұрақты түрде өткізіліп, оған қатысушы мемлекеттердің аумағында кезекпен ұйымдастырылады. Негізгі мақсат – ұлттық әскери контингенттердің өзара үйлесімді әрекетін жетілдіру және Ұжымдық жедел өрістету күштерінің ортақ міндеттерді орындауға дайындығын арттыру.





