Жаһандық технологиялық нарықта ірі қаржылық ауытқу тіркелді. Жасанды интеллект саласының жетекші топ-менеджерлері ЖИ технологияларының ықтимал экзистенциалды қауіптері мен даму қарқынын бәсеңдету қажеттігі туралы мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Аталған үндеулерден кейін саладағы ірі компаниялардың құнды қағаздары бірден арзандап, инвесторлардың сеніміне айтарлықтай соққы тиді. Тіпті соңғы айларда рекордтық деңгейге көтерілген сектор индекстері төмендей бастады.
Уолл-стрит биржасында Nasdaq 100 индексі бір сәтте 1,2 пайызға құлдырап, соңғы 6 аптадағы ең төменгі көрсеткішті тіркеді. Сауда-саттық сессиясының соңында жалпы құлдырау 0,4 пайыз деңгейінде сақталды. Мұндай тербелістен әсіресе микрочиптер өндірумен айналысатын гиганттардың акциялары көбірек зардап шекті.
Interactive Brokers компаниясының бас талдаушысы Стив Сосник қалыптасқан жағдайды былай деп түсіндіреді:
«Егер бұл ЖИ-ге жұмсалатын шығындардың бәсеңдеуіне немесе қайта қаралуына алып келсе, оның салдары бүкіл экономика мен қор нарығына тиеді. Себебі соңғы кезеңдегі негізгі табыс дәл осы саладағы ауқымды инвестициялардың арқасында жүзеге асып еді».
Нарықтағы дүрбелеңге Anthropic компаниясының бас директоры Дарио Амодейдің X әлеуметтік желісінде жариялаған эссесі түрткі болды. Ол ЖИ-ді теріс бағытта пайдалану қаупі жоғары екенін айтып, модельдердің мүмкіндіктерін арттыруды уақытша тоқтата тұруға чақырды. Амодейдің бұл сөзін Илон Маск (xAI) пен Сэм Альтман (OpenAI) да қолдады. Өз кезегінде Альтман қауіпсіздік талаптарына байланысты биыл OpenAI компаниясының IPO-сы өтпейтінін жеткізді.
Амодей өз жазбасында жақын арада ЖИ агенттері бүкіл интернет кеңістігін басып алып, жүздеген млрд доллар көлемінде шығын келтіруі мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар, сала мамандары бұл жүйелердің адамзаттың өмір сүруіне қауіп төндіру ықтималдығы жоғары екенін алға тартуда.
Сала төңірегіндегі алаңдаушылық зерттеуші-антрополог Джейкоб Коксонның қызметтен кетуімен тереңдей түсті. Сондай-ақ Anthropic жариялаған есепте Claude AI модельдерін қару жасау, кибершабуылдар және алаяқтық сияқты қауіпті бағыттарда қолдану қаупі бар екені көрсетілген.
Бүгінде АҚШ Сенаты ЖИ компанияларын қауіпсіздік шараларын сақтауға міндеттейтін арнайы заң жобасын қарап жатыр. Сондай-ақ АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздерде ЖИ қауіпсіздігі басты тақырыптардың біріне айналмақ.
Дегенмен, Deutsche Bank сарапшылары сияқты кейбір қаржы мамандары мұндай үрейлі мәлімдемелерге сабырмен қарайды. Олардың пікірінше, компаниялар арасындағы бәсеке тым шиеленісті, сондықтан фирмалардың өз еркімен дамуды тоқтатуы екіталай. Мұндай баяндамалар өсімнің бақылаусыз бәсеңдеуін жасыру мақсатында жасалуы да мүмкін.





