Мұсабек ауылының «Кең дала» шаруа қожалығы егін шаруашылығында ауыспалы егістік жүйесін сақтауға айрықша мән береді.
2004 жылы құрылған шаруашылық бүгінде бірнеше дақыл түрін қатар өсіріп, нарық сұранысына қарай өндіріс бағытын жетілдіріп келеді. Биыл мұнда картоп өсіруге де басымдық берілген.
Мұсабек ауылдық округінің әкімі Ербол Тантыбайдың айтуынша, қожалықтың жалпы егістік алқабында 200 гектарға қант қызылшасы, 200 гектарға жүгері, 70 гектарға майбұршақ егілген. Ал ауыспалы егістік жүйесін тиімді ұйымдастыру мақсатында биыл алғаш рет 33 гектар жерге картоп отырғызылған.
Бұл – шаруашылық үшін жаңа бағыт. Соған қарамастан алғашқы жылдың өзінде-ақ алынған өнім жаман емес. Қазір әр гектардан шамамен 20-25 тонна өнім жиналуда. Маусым соңына дейін жалпы 1 мың тоннаға жуық картоп алу жоспарланып отыр.
Шаруашылықта жергілікті климат пен өндірістік талаптарға бейімделген голландиялық VR-808 сұрыпты тұқымы пайдаланылған. Өнімнің өткізу мәселесі де алдын ала шешілген. Шаруашылық Алматы қаласында жаңадан іске қосылған чипсы өндіретін зауытпен келісімшарт жасап, жиналған картоп сол кәсіпорынға жөнелтілуде. Яғни өнімді өсірумен қатар оны тұрақты өткізуге мүмкіндік беретін нарық та қалыптасқан.
Биыл картоп жақсы шықты. Оны өсірудің қыр-сырын тәжірибелі шаруашылықтардан үйрендік. Қазір науқандық жұмысты атқаруға жиырма шақты адам тартылды. Картоп теру басталғанына бес күн болды. Қазіргі қарқын сақталса, тағы он күн шамасында жұмысты толық аяқтаймыз. Күніне 20-25 тонна өнім жиналуда. Алматыдағы зауытқа бүгін 20 тонна өнім жөнелттік, ертеңнен бастап бұл көрсеткіш 40 тоннаға жетеді, – дейді «Кең дала» шаруа қожалығы басшысының орынбасары Таймыр Маматаев.
Егін жинау науқанының қысқа мерзімде әрі сапалы өтуінде техниканың маңызы зор. Шаруашылық бұл бағытта да өндірістік мүмкіндігін пайдалануда. Картоп жинау жұмысының уақытылы аяқталуы өнім сапасын сақтап, келісімшарт бойынша жеткізу кестесін орындауға мүмкіндік береді. Картоп алқабында тамшылатып суару технологиясы қолданылды. Бұл тәсіл суды үнемдеп қана қоймай, өсімдікке қажетті ылғалды дәл мөлшерде жеткізеді. Енді тамшылатып суару жүйесінің тиімділігі ескеріліп, алдағы уақытта да өзге егістік алқаптарын осы технология арқылы суару жоспарланып отыр.
Осылайша «Кең дала» шаруа қожалығының биылғы картоп өсіру тәжірибесі шаруашылықтың жаңа дақыл түрін игеріп қана қоймай, оны өңдеу кәсіпорнымен байланыстырып, толық өндірістік тізбек құруға ұмтылып отырғанын көрсетеді. Ауыспалы егістік жүйесі, су үнемдеу технологиясы, заманауи техника және алдын ала белгіленген өткізу нарығы – шаруашылықтың алдағы кезеңдегі жұмысын жүйелі жүргізуге бағытталған негізгі қадамдар.
Айта кетейік, облыста биыл картоп өсіруге жалпы 6,5 мың гектар жер бөлінді. Бұл көрсеткішке жеке қосалқы шаруашылықтардың алқаптары да кіреді. Қазіргі таңда шаруалар егіс алқаптарындағы өнімді жинауға кірісіп, жұмыс қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 4,6 мың гектар картоп алқабы жиналып, жоспарланған жұмыстың 73 пайызы орындалды. Жиналған өнім көлемі 125,5 мың тоннаға жетті. Ал орташа өнімділік гектарына 222,6 центнерді құрап отыр.
Айгүл Байбосын





