Жетісу облысының Қаратал ауданында Еңбек күніне орай «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті.
Ауданда екі күн қатарынан өткен акция барысында Көпбірлік ауылында тазалық жұмыстарын жүргізіп, Балқаш көлінің жағалауын аралап, Тасарал аралына да және Үштөбе қаласының маңындағы Көкдала ауылында 200 адамның қатысуымен тазалық жұмыстарын өткіздік.
«ӘДІЛЕТ» партиясының сайлауалды бағдарламасында ел дамуының 10 негізгі басымдығы айқындалған болатын. Соның тоғызыншы басымдығы – «Таза Қазақстан».
Бұл бағытта қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау және елді мекендеріміздің тазалығын қамтамасыз етуге ерекше мән берілген. Соның ішінде Балқаш көліне ерекше мәртебе беру және оны қорғауға бағытталған арнайы заң қабылдау көзделген. Бұл – көлдің экологиялық жағдайын, су ресурстарын және табиғи байлығын жүйелі түрде қорғауға бағытталған маңызды қадам.
«Бұл бағыттағы жұмыстар Жетісу облысында да нақты нәтижелермен жүзеге асырылып жатыр. 2026 жылдың басынан бері қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында облыста 180 іс-шара өткізілді. Оларға 133 мыңнан астам адам қатысты. 58 мың көшет отырғызылып, 12 мың тонна қоқыс шығарылды», – деді «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының басшысы Амангелді Есбай.
Сонымен қатар 182 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу, оның ішінде 96 шатыр мен 86 қасбетті жаңарту, 15,1 шақырым арық желісін салу және 304 шақырым көше жарығын орнату жоспарланған.
Ал жыл соңына дейін «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс бойынша 121 мың көшет отырғызу көзделіп отыр.
Аталған ортақ іске ауданның барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, партияның Әйелдер қанатының мүшелері, белсенді жастар және қоғам өкілдері қатысты.
Туған жердің тазалығы – барлығымызға ортақ жауапкершілік. Оны қорғау, таза сақтау және келер ұрпаққа аман жеткізу – бүгінгі біздің міндетіміз.





