Әлеуметтік желі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналғалы қашан?! Ұйқымызды ашар-ашпастан телефон тексереміз, шын-өтірігі аралас жаңалықты әлемжеліден оқып, пікірімізді де сол жерге қалдырамыз. Бір қарағанда мұның бәрі қалыпты құбылыс секілді. Желідегі жүгенсіздік бүгінде қоғамдық дағдарыс пен құқықтық түйткілге айналып отыр.
Бұрын айтылған сөз белгілі бір ортада ғана қалса, қазір бір ғана жазба бірнеше минуттың ішінде мыңдаған адамға тарап кетеді. Пікіріңізді сіз өшіріп үлгергенмен скриншот арқылы қайта таралады. Біреуге әзіл ретінде жазылған пікір басқа адамның ар-намысына тиіп, тіпті оның психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін. Ал тексерілмеген ақпараттың соңы қоғамдық дүрбелеңге ұласуы ғажап емес.
Адамдарға «интернеттегі еркіндік» ұғымымен қатар «цифрлық жауапкершілік» деген түсінікті де орнықтыру маңызды. «Заң мен тәртіп» қағидаты тек нақты өмірмен шектелмейді. Қолданушылар «бұл менің жеке парақшам, не істесем де өзім білемін» деген иллюзияда жүруі мүмкін. Алайда жазба жарияланған сәттен бастап мыңдаған, тіпті миллиондаған аудиторияға ашық таралады. Сондықтан экранның ар жағында отырып ойланбай айтылған сөз бен әрекетіңіз үшін заң алдында жауапқа тартылатыныңызды ұмытпаған жөн.
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің соңғы деректеріне сүйенсек, интернеттегі заңбұзушылықтың жиілеп кеткенін және оған қарсы шаралардың күшейгенін байқаймыз. Әсіресе жастар мен жасөспірімдер жиналып, тікелей эфирге шығатын ТikTok, Instagram сияқты платформаларда құқықбұзушылық жиі тіркеледі. Сондай жайттардың басым бөлігі – заңсыз контент тарату, бейәдеп сөздер айту, қоғамға құрметсіздік таныту және арандатушылық.
Еліміздің түрлі өңірінде тіркелген соңғы оқиғалар желідегі бейбастықтың заңсыз қалмайтынын аңғартады. Мәселен, Түркістан облысында TikTok арқылы тікелей эфирге шығып, агрессивті мінезбен бейәдеп сөздер жаудырған 39 жастағы азаматшаның әрекеті қоғам талқысына түсіп, тәртіп сақшыларының назарына ілікті. Ал Алматы облысында қоғамдық әдеп нормаларын белден басып, ашықтан-ашық балағат сөздер айтқан 22 жастағы азаматтың «эфирдегі желігі» бес тәулікке әкімшілік қамауға алумен аяқталды.
Желідегі жауапсыздық пен желігудің шегі кейде заңның да, моральдың да шекарасынан өтіп кетеді. Семей қаласында тікелей эфир барысында бопсалап, былапыт сөйлеп қана қоймай, мас күйінде есірткі тұтынатынын ашық айтқан тұрғын ұсақ бұзақылық бабы бойынша 10 тәулікке темір торға қамалды. Осыған ұқсас жағдай Павлодарда да тіркелген. Көлік тізгінінде отырып эфир жүргізген, қауіпсіздік белдігін тақпай, айналасына құрметсіздік танытқан 26 жастағы жүргізуші желідегі әдепсіздікті жол үстіндегі қауіппен ұштастырғаны үшін 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Ал талдықорғандық 44 жастағы азаматша TikTok-та бейәдеп сөздер айтып, ереже бұзған. Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Жанар Қалықованың мәліметінше, бұрын да дәл осындай теріс әрекеті үшін жауапқа тартылған азаматшаның үстінен жиналған материалдар қайтадан сотқа жолданып, оған әкімшілік айыппұл салынды. Бұл мысалдардың бәрі виртуалды әлемде айтылған әрбір сөз бен жасалған әрбір әрекеттің шынайы өмірде нақты құқықтық салдары болатынын айғақтайды.
Желідегі жүгенсіздікті көргенде, «платформаны толығымен жауып тастау керек» деген ұсыныстардың айтылуы заңды. Шындығында, әлемдік тәжірибеде TikTok немесе басқа да желілерге шектеу бар. Еуропаның бірқатар елі, АҚШ, Канада мен Австралия мемлекеттік қызметкерлердің кейбір платформаны қолдануға тыйым салған. Дегенмен шектеу мен бұғаттау түйткілдің түпкілікті шешімі емес. Тәжірибе көрсеткендей, бір платформаға шектеу қойғанмен оның орнын басқа қосымша басады. Технология мен алгоритм үнемі өзгеріп отырады. Мәселе платформаның атында емес, қолданушы мәдениетінде. Әрине, Meta мен TikTok секілді технологиялық гиганттар миллиондаған модератор мен жасанды интеллектіні іске қосып, заңға қайшы келетін контентті өшіріп, ереже бұзғандарды бұғаттап-ақ жатыр. Бірақ өркениеттің кез келген цифрлық тетігі адамның ішкі мәдениетін алмастыра алмайды. Ешқандай сүзгі немесе заманауи алгоритм адам бойындағы жауапкершілік пен ізгілік қасиетін мәжбүрлі түрде қалыптастыруға қауқарсыз.
Осы орайда көбіміз мән бере бермейтін, бірақ салдары салмақты тағы бір ұғым бар. Ол – «цифрлық із». Желіге жүктелген әр бейнежазба, пікір, тіпті жай ғана басылған «лайктың» өзі уақыт өте келе адамның виртуалды өмірбаянына айналады. Қазірде әлемдік және отандық ірі компаниялар жұмысқа маман іріктеу кезінде үміткердің әлеуметтік желідегі белсенділігіне арнайы скрининг жүргізуді әдетке айналдырған. Сөйлеу мәнеріңіз, бөліскен контентіңіз бен ұстанымыңыз мансаптық өсуіңізге тікелей ықпал етеді. Сондай-ақ АҚШ сияқты бірқатар дамыған елдер виза рәсімдеу кезінде де өтініш берушінің соңғы жылдардағы парақшалары мұқият тексеріледі. Демек, экран алдында ойланбай жасалған бір ғана қате әрекет ертеңгі күні білім алу, беделді жұмысқа орналасу немесе саяхаттау мүмкіндіктерін түпкілікті шектеуі ғажап емес.
Әлеуметтік желідегі тәртіпті тек жаза арқылы қалыптастыру мүмкін емес. Айыппұл салу немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту – құқықбұзушылықтан кейінгі шара. Ал мәселенің түпкі шешімі оның алдын алуға келіп тіреледі. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамда цифрлық мәдениет пен медиасауаттылықты қалыптастырудың қаншалықты маңызды екенін байқаймыз. Интернетті қолданудың қарапайым ережелерін бала кезден үйретіп, виртуалды кеңістіктегі әрбір әрекеттің салдары болатынын түсіндіру қажет. Әсіресе өзгені қорлау, жалған ақпарат тарату, арандатушылық сипаттағы жазбалар жариялау немесе адамның жеке өміріне қол сұғудың жай ғана «онлайн әрекет» емес, құқықтық жауапкершілікке әкелетін іс екенін жас ұрпақ ерте түсінгені жөн. Өйткені интернеттегі сауаттылық – технологияны меңгеру ғана емес, сол мүмкіндікті жауапкершілікпен пайдалана білу.
Мақпал ӘДІЛХАН





