Танылам десең де, жаңылам десең де, бүгін Тредстің өзі жетіп жатыр. Біреудің жаласы, наласы, сүрінгені, түңілгені осы жерден әп-сәтте ел алдына шығады. Кеше ғана өзара айтылған сөз бүгін көптің талқысына түсіп, әп-сәтте жұрт жадында қалатын әңгімеге айналады.
Мұқағали ақынның «Сүрініп кетпе, сүрініп кетсең болғаны…» дегені осындайда ойға оралады. Расында, әлеуметтік желі мен өмірдегі бір ағат қадамның жаңғырығы кейде адамның өзінен бұрын жетіп жатады. Біреудің суреті жарияланып, екінші біреу ұрандап, үшіншісі кінә тағып, көпшілік таразысы тартыла жөнеледі. Ал сол көпшіліктің ішінде нақты жағдайды білетін қанша адам бар?! Бір сәттік жазбаның ар жағында бір әулеттің абыройы, отбасының тыныштығы, адамның тағдыры тұруы мүмкін.
Әйтсе де Тредстің пайдасын да жоққа шығара алмаймыз. Кей мәселе көптің көзіне түсіп, тиісті орындардың назарын аударып, түйіні тарқап жатады. Алайда әр істің артық-кемі қатар жүреді. Көптің назарына шыққан мәселенің шешімімен бірге оның салдары да келуі ықтимал. Әсіресе ашумен жазылған сөздің қай жерге барып тоқтайтынын алдын ала межелеу қиын.
Ең қызығы, соңғы уақытта жастардың TikTok әлеуметтік желісін қолдануына қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Ал Тредстегі кейбір жазбаларға қарағанда мәселе бір платформамен шектелмейтінін аңғаруға болады. Жасөспірімнің жасына лайық көрмейтін дүниені ашық талқыға салуы, жеке өмірдің пердесін ысырып қоюы, біреудің «ұят-пендешілігін» көпшілікке жария етуі қалыпты құбылысқа айналмауы керек.
Тегінде адамға танымал болудың жолы көп. Тыныш жүріп те елге танылуға, еңбегімен мерейлі болуға болады. Адам баласы қадари-қалынша абыройды жылдар бойы жинайды, бірақ оны бір орынсыз дүниелер әп-сәтте төгіп кетеді. Тіпті экранның ар жағындағы бір жазба айрандай ұйыған шаңырақтың шырқын бұзуға дейін барады.
Сондықтан мәселе Тредстан бөлек оны қалай қолданатынымызда болар.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





