Елімізде халықты әлеуметтік қолдау бағытын оңтайландыру мақсатында маңызды өзгерістер қолға алынды. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлері біріктіріліп, нақты мұқтаж азаматтарға бағытталу көзделуде, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев премьер-министр Олжас Бектеновке азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету шарттарын жаңарту жоспарын таныстырды. Жаңа жүйе екі кезеңнен тұрады. Бірінші сатыда мемлекеттік қолдаудың атаулы моделіне көшу үшін тиісті нормативтік база қалыптастырылады. Ал екінші кезең аясында жергілікті атқарушы органдар ұсынатын әлеуметтік көмектің 13 түрін азаматтардың мұқтаждық деңгейін ескере отырып, 4 негізгі түрге біріктіру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар министр мүгедектігі бар тұлғаларға көмек көрсету саласына жасанды интеллект жүйелерін енгізу нәтижелерін атап өтті. Заңсыз әрекеттердің алдын алу шаралары барысында медициналық құжаттарды қолдан жасауға қатысты 167 дерек анықталып, тиісті құқық қорғау органдарына жолданды. Бұл бағыттағы жұмыстар ашықтықты қамтамасыз етіп, мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуына кепілдік береді.
Қазан айының 1-нен бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттарындағы өзгерістер туралы халыққа SMS, eGov Mobile және банк қосымшалары арқылы хабарлау басталады. Барлық бастама бойынша заңнамаға өзгерістер әзірленіп, тиісті органдардың қарауына енгізіледі.





