Жаңа органның құрамына еліміздің 126 азаматы енді.
Қазақстан Халық Кеңесі Конституцияда Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде айқындалған. Оның қызмет тәртібі мен өкілеттіктері 2026 жылғы 5 маусымда қабылданған «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңмен реттеледі.
Кеңестің негізгі мақсаты – мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру барысында халықтың мүддесін білдіруге қатысу. Осы мақсатта ол елдің ішкі саясатының маңызды бағыттары бойынша жалпыұлттық диалог ұйымдастырып, қоғамдық келісім, бірлік пен ынтымақты нығайтуға, сондай-ақ жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге атсалысады.
Халық Кеңесінің өкілеттігі тек пікір алмасумен шектелмейді. Конституциялық заңға сәйкес, ол мемлекеттің ішкі саясаты бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлей алады, Құрылтайға заң жобаларын енгізуге және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеруге құқылы. Сондай-ақ мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.





