Жетісу облысының Бақтыбай ауылында жеке тұрғын үйден өрт шығып, қайғылы жағдай орын алды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Төтенше оқиға кезінде бір отбасының үш баласы қаза тапты. Олардың ең кішісі 1-ден асқан бүлдіршін болса, қалған екеуі 6 мен 8 жастағы балалар. Тілсіз жауды ауыздықтауға өрт сөндіру қызметінің мамандары шұғыл тартылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен тілсіз жаудың шығу себептері толықтай анықталып жатыр. Мамандар оқиға орнында тиісті сараптамалық тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Ауылдық жерлердегі туындаған осындай төтенше жағдайлар тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың каншалықты маңызды екенін көрсетеді. Мамандардың айтуынша, жылыту маусымы қарсаңында немесе күн суытқан сәтте пеш пен электр желілерінің сапасын тексеріп тұру қажет. Үй ішіндегі пеш мұржасын тазалау, ақауы бар электр құрылғыларын пайдаланбау және кішкентай балаларды үйде жалғыз қалдырмау қауіпсіздіктің негізгі шарты саналады. Сонымен қатар тұрғын үйлерге арнайы өрт дабылдамаларын орнату да төтенше жағдайдың алдын алуға үлкен септігін тигізеді.





