Қазақстан мен Германия су ресурстарын басқаруда заманауи технологиялар алмасу және пилоттық жобаларды дамытуға арналған бірлескен су хабын құру мәселесін жан-жақты талқылап жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ауқымды бастама Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хайке Ренате Пайчтың кездесуі барысында сөз болды. Қарастырылып отырған платформа су саласына цифрлық шешімдерді енгізуді және жаңа жобаларды дамытуды көздейді.
Су хабын құру туралы ұсыныс алғаш рет Берлинде өткен «Қазақстан Республикасы – Германия Федеративтік Республикасының су саласындағы стратегиялық әріптестігі: жаңа деңгей» тақырыбындағы дөңгелек үстелде таныстырылған еді. Қазіргі уақытта Министрліктің Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы тұжырымдама жобасын әзірлеп шықты. Аталған құжат 300-ден астам компанияның басын қосатын German Water Partnership (GWP) неміс қауымдастығына келісу үшін жолданды. Өткен жылдың қазан айында екі тарап бұл саладағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған болатын.
Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, екі ел арасындағы өзара іс-қимыл соңғы жылдары нақты практикалық сипатқа ие болды. Ендігі басты мақсат жекелеген бастамалардан жүйелі әрі ұзақ мерзімді технологиялық әріптестікке көшуден тұрады. Бірлескен платформа екі мемлекеттің мемлекеттік органдары, бизнес өкілдері, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтары бірлесе жұмыс істейтін, заманауи технологияларды сынақтан өткізіп, маңызды жобаларды жүзеге асыратын практикалық алаңға айналмақ.
Кездесуде тараптар кадрларды бірлесіп даярлау, озық тәжірибелермен алмасу және отандық су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға неміс технологиялары мен инженерлік шешімдерін тарту мүмкіндіктерін қарастырды. Бұл бағыттағы серіктестік еліміздегі су ресурстарын үнемді әрі тиімді пайдалануға оң ықпалын тигізеді. Су инфрақұрылымын жаңарту аймақтардағы экологиялық және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.





