Жетісуда қан айналымы жүйесі ауруларын емдеу және алдын алу бағытында оң өзгеріс байқалады. Өңірде жоғары технологиялық көмек енгізу және профилактикалық жұмыстарды күшейту арқылы патологияларды анықтау көрсеткіші айтарлықтай өсіп, өлім-жітім деңгейі төмендеді. Дәрігерлер бұл нәтижеге жоғары технологиялық көмекті енгізу және профилактикалық жұмыстарды күшейту арқылы қол жеткізді.
Жетісу облыстық кардиологиялық орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Асқар Шормақов кардиологиялық көмектің қазіргі ахуалы мен дамудың басты бағыттарын айтты.
Қан айналымы жүйесі аурулары денсаулық сақтаудағы ең маңызды мәселенің бірі. Егер ауруды ерте анықтап, сапалы ем жасасақ, ауыр асқынулардың алдын алуға болады. Біздің міндетіміз – тек дертті емдеу емес, инфаркт пен инсульттің алдын алу, – деп атап өтті Асқар Шормақов.
Ол кардиологиялық қызметтің қалыптасу тарихына тоқталып, бұл салаға 2008 жылы өңірлік кардиоорталықтарды құру туралы бұйрық шыққаннан кейін жүйелі серпін берілгенін атап өтті. Өткен жыл ішінде жергілікті орталық медициналық көмектің көлемі мен спектрін едәуір кеңейтті. Мысалы, 2009 жылы 70 коронарография және 21 стентирование (стенттеу) жасалса, бүгінде жыл сайын шамамен 3 000 коронарография және 1 500 стенттеу орындалады. Бұлардың жартысынан көбі жоспарлы түрде жүзеге асырылады.
Кардиохирургия саласы да айтарлықтай өзгерді. 2010 жылы ашық жүрекке 2 операция жасалса, қазір олардың саны жыл сайын 300-ден асады. Тәжірибеге ырғақтың ауыр бұзылыстарын және жүрек жеткіліксіздігін емдеудің заманауи әдістері, электрокардиостимуляторлар, сондай-ақ радиожиілікті және криоаблация енгізілді.
Скрининг пен патологияларды ерте анықтау мәселесі де ерекше орын алады. 2026 жылдың алты айында өңірдің 71 448 тұрғыны профилактикалық тексеруден өтуге тиіс болса, оның 41 679 адам (58,3%) тексеруден өтті. Нәтижесінде 2 815 ауру жағдайы анықталды (тексерілгендердің 6,8%), ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1 999 жағдайды (4,9%) құраған еді. Осылайша, анықтау көрсеткіші пайызға шаққанда 40-тан жоғарылады.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қан айналымы жүйесі ауруларымен сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 2 970,8 құрады (өткен жылдың ұқсас кезеңінде бұл көрсеткіш 2 832,4 болатын). Бұл динамика диагностика сапасының жақсаруын, емдеу қолжетімділігінің артуын және пациенттерді диспансерлік есепке толықтай қамтуын көрсетеді.
Жүрек-қан тамырлары патологиясын тек бір ғана шарамен төмендету мүмкін емес. Бұл тәуекел факторларын ерте анықтау мен емдеуден бастап, шұғыл көмек пен қайталама профилактикаға дейінгі барлық кезеңдегі кешенді жұмыс. Бұл ретте нәтиже тек медициналық жүйеге ғана емес, әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігіне де байланысты. Тұрғындардың уақытылы тексеруден өтуі, қысымын бақылауы, дәрігерлердің кеңесін орындауы және алғашқы белгілер кезінде бірден көмекке жүгінуі маңызды. Біздің ортақ міндетіміз Жетісу облысы тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтау, заманауи медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және өлім-жітімді біртіндеп төмендету, – деп, түйіндеді Асқар Шормақов.
Мақпал Әділханқызы





