Қазақстан мен Мальдив арасындағы әуе рейстері аптасына 14-ке дейін артады. Канаданың Монреаль қаласында өткен ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Мальдив Республикасы Азаматтық авиация басқармасының төрағасы Абдул Харис кездесті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Тараптар екі жақты ынтымақтастықты нығайту, әуе қатынасы мен туристік байланыстарды кеңейту бағыттарын талқылады. Келіссөздер нәтижесінде әр тараптың тағайындалған әуе тасымалдаушылары үшін рұқсат етілген тұрақты рейстер санын аптасына 7-ден 14-ке дейін ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс билет бағасының қолжетімді болуына және рейстер жиілігінің артуына игі ықпал етеді.
Монреальдағы басқосу кезінде «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежелі құқықтарын пайдаланып ұшу мүмкіндіктері де қарастырылды. Аталған қадам әуе компанияларына халықаралық бағыттарды ұйымдастыру кезінде қосымша коммерциялық мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады. Мальдив аралдары отандастарымыз арасында аса танымал демалыс бағыттарының бірі саналады, сондықтан рейстер санының артуы туризм саласының дамуына тың серпін береді.
Екі елдің авиациялық ведомстволары салалық әріптестікті тереңдетуге дайын екендірін көрсетті. Алдағы уақытта рейстердің көбеюі туристер ағынын арттырып қана қоймай, іскерлік байланыстардың нығаюына да септігін тигізеді. Еске сала кетейік, осыған дейін Қазақстан мен Сенегал арасында әуе қатынасы туралы келісім жасасу жоспарланғаны хабарланған еді.






