Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні реттеу және оны ел экономикасына енгізу бағытындағы маңызды міндеттерді айқындады. Елімізде «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданып, құқықтық негіз қаланғанымен, салаға шамадан тыс шектеу қоюға жол берілмейді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президенттің пікірінше, талаптардың қатаң болуы тек азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарына қауіп төнген жағдайда ғана орынды. Әйтпесе, озық әзірлемелер мен капитал басқа юрисдикцияларға кетіп қалуы мүмкін. Технологиялық серпіліс жасау үшін ұлттық ғылыми-инженерлік мектепті қалыптастырып, жаңадан ашылған Qazaq AI Research University әлеуетін тиімді пайдалану қажет. Өндіріс, энергетика, медицина және қаржы секторларында AI+X моделі қолға алынып отыр.
Дегенмен, жасанды интеллект адамның ойлау қабілетін алмастыратын құрал емес, керісінше білім алуға көмектесетін әдіс болып саналады. Жаһандық деңгейде ғылыми-техникалық ынтымақтастықты сақтап, технологияны бейбіт мақсатта қолдану басты назарда болуға тиіс. Киберқауіпсіздік пен деректерді қорғау мәселелері кезек күттірмейтін шаралар қатарына кіреді.





