«Мейірімділік жүректен, мейірімсіздік білектен», – дейді дана халқымыз. Жабыққанға сүйеу, жоқ-жітікке демеу болу – халқымыздың бойына біткен қасиет.
Осы игі дәстүрді жалғастыру мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің жанынан құрылған «Еріктілер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының мүшесі, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың мұрындық болуымен халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына ерікті мемлекеттік қызметшілерді тарту арқылы көмек көрсетіліп, жалғызбасты қала тұрғындарына азық-түлік таратылды.
Биыл департамент бастамасымен «Еріктілер кеңесі» консультативтік-кеңесші органы 10 игі шара өткізді. Атап айтсақ, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ерікті мемлекеттік қызметшілерді қатыстыру арқылы саябақта, табиғи аймақтарда қоқыс жиналды. «Дүниежүзілік қан доноры» күніне орай 100-ге жуық мемлекеттік қызметші қан тапсырды. Сондай-ақ, көмекке мұқтаж 2 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, мектеп балаларына 45 теңбіл доп, тоғызқұмалақ, шахмат, бадминтон ойындарының жабдықтары берілді.
Алдағы уақытта қайырымдылық шаралары тоқтап қалмай, әрі қарай да жалғасын табады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті
Фото: azattyq-ruhy.kz





