Талдықорған қаласында Қала күніне арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Тал түстен кешке дейін жалғасқан мәдени бағдарламалар қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мерекенің негізгі шаралары «Жастар» саябағында өтті.
Түскі сағат 12:00-ден бастап саябақ аумағында түрлі ойын-сауық алаңдары жұмыс істеді. Әсіресе балаларға арналған бағдарламаларға ерекше көңіл бөлінді. Кішкентай келушілер батуттарда ойнап, аниматорлардың қызықты қойылымдары мен түрлі ойындарға қатысты. Сонымен қатар саябақта фуд-корт ұйымдастырылып, қолөнер шеберлері мен жергілікті кәсіпкерлердің крафт өнімдері ұсынылған жәрмеңке өтті.
Сағат 13:00-де бас сахнада мерекелік концерт басталды. Алғаш болып Оқушылар сарайы мен «Бриллиант» шығармашылық мектебінің жас өнерпаздары сахнаға көтеріліп, өз өнерлерін көрсетті. Олардың өнерін Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармония әртістері мен «Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблі жалғастырды. Концерт барысында халық әндері мен заманауи шығармалар орындалып, көрермендерге түрлі музыкалық қойылымдар ұсынылды.
Мерекелік шара аясында Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл тұрғындарды Қала күнімен құттықтады. Сондай-ақ қаланың дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Кешкі концерттік бағдарламада белгілі эстрада әншілері Ғазизхан Шекербек, Индира Елемес және Әли Оқапов өнер көрсетті. Танымал орындаушылардың әндері мерекелік кештің сәнін келтірді. Бұдан бөлек, Алматыдан арнайы шақырылған DJ Ali жастарға арналған музыкалық бағдарламасын ұсынды.
Мерекелік шара сағат 21:00-де ұйымдастырылған отшашумен қорытындыланды. Түрлі түске боялған отшашу қала аспанын жарқыратып, Қала күнінің соңғы сәттеріне ерекше әсер берді.
Осылайша, Талдықорғандағы Қала күні тұрғындардың басын қосқан мәдени мерекеге айналды.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ








