Әркімде әртүрлі әдет бар. Әркімде әртүрлі әлек бар. Қою мүмкін бе? Біреу ішкеннен арыла алмай жүр. Біреу ерінін тістеуді қоя алмай жүр. Әлде кім тістенуді, бәзбіреу күшенуді, тағы біреу тіс арасына пісте ілуді әдет қылған. Маңайыңызға қараңызшы, біреу қалтафонға емес, айнаға қарауға, ернін үйректің тұмсығындай етіп шүртитуге көп уақытын жұмсайды. Біреу сағызды 24 сағат шайнаңдауға, келесісі даусы жоқ болса да әнге еріп ойбайлауға ерінбейді. Себебі бәрінде әлекке салған әдет бар. О, тоба, мен де әдетсіз емеспін. Әлім келгенше қатардан қалмауға тырысып жатырмын. Тырмысып жатырмын.
Не әдет дейсіз бе? Қолым қалт етсе, өзімнің әлегім бар, әлемім бар. Мен тұратын екі бөлмелі пәтердегі сайрап жатқан ізімді көргендер таңданбасы анық. Азаннан кешке дейін елдің, жердің қамын жеп әлекке түсемін. Елім үшін ұрсысамын, айқайласып, қызыл кеңірдек боламын. Өйткені, ер елі үшін туып… Тфу, айтар ойымды айта салайын, ел үшін өлемін! Ал соны мына теледидар ұқпайды. Мені ұғындыруға тырысып-ақ жатыр. Шырылдап, шындықты айтқаныммен оның түсінігі таяз, өз әдетінен танбайды.
Көрші-көлем үшін мен жұмыссызбын. Қатыным тапқанды ішіп-жеп, күніге бір шөлмекті қылғытып, үйден шықпай, кірлеген шыттай, мойнына мініп, қатынымның құттай соры болған еркек деп ойлайды. Рас, үйден шықпаймын. Далаға шығып, жұмысқа тұрып, білекті түріп, ақша табуға көшсем, елдің жайы не болмақ? Теледидардағы кемшілікті кім айтады, әлеуметтік желіге кім жазады? Шыны керек, халық үшін өзімді құрбан етіп жүргенімді көршілер білсе нетті?!
Мендегі әдет осы. Жұрт әдеттен арылуға тырысушы еді ғой. О, тоба, атамаңыз. Арылғым келмейді. «Ескі жау атыспаққа жақсы» деген. Сенбейсіз бе, талай коучты састырғам, талай психологтың дегбірін қашырғам. Сіз де мені «дертімнен» емдеймін деп есіңіз шықпасын. Есеңгіретіп жіберемін. Жуырда, «Әйел деген құл емес, тамақ істеп, кір жуып, үй тазаламау керек» деген бір инстадиваның «истерикасын» шығарғам. «Әйелі күйеуінен рұқсат сұрамасын» деген коучты көлеңкесіз қалдырдым. Талай блогерді жер, талай психологты арам тер қылғаным бар енді.
Көп жұрт мені «диван-батыр» атайды. Көпке шындық жаққан ба?! Әр сөзіне баға беріп, сынап-мінеп отырғандарды кім ұнатсын?! Негізі, қоғамға прогресс дегенді енгізіп отырған мен және мен сияқтылар екенін ұмытпаған абзал. Қалтафоны бардың дені жасағаны мен істегенін желіге жүктейді. Кем-кетігін біз секілділер таразылайды. Сынайды. Мінейді. Содан олар кемшілігін түзейді. Осылай өмір доңғалағы біз сықылдылардың арқасында алға кетіп барады.
Біле-білгенге біз тегіннен пайда болғанымыз жоқ. Сонау грек заманындағы Диоген Синопский деген әулие бар ғой. Танымадыңыз-ау, киник, яғни «қабаған ит» пәлсапасының негізін қалаушы Диоген сұрақ қойғанға қабар иттей жауап қататын болған. Өзі бөшкенің ішінде тұрыпты. Дым жұмыс істемеген, «Құдай бергеннен» өзгені сұрамаған. Пақырың, бұлақтағы суды да ыдыспен емес, алақанмен ішкен дейді. Ұлы Александр Македон-скийдің өзіне «Күнді көлегелемей әрі тұршы» деген пақырыңның ізін жалғаушылармыз ғой. Іскендір Зұлқарнайындардың өзіне сын айтқан данышпан бабамыздың ұрпағы бола тұра блогер, коуч, тележүргізуші дегендерің «әулие» емес шығар?! Қазір заман басқа, көшеде шам алып адам іздеудің, ақыл-ой іздеудің қажеті жоқ, желіні аштың, «киник» бола ғой. Анаған да арс-арс, мынаған да арс-арс. Қап, тісте! Бірақ, біз де саналымыз. Боқтық сөз, былапыт әңгіме қоспаймыз сөзімізге. Заң бар. Қамалғандардың қатарында талай әріптес кетті. Торда отырғымыз келмейді тотықұстай.
Күндегі әдетім таңнан басталады. Таңғы жаңалықты тосамын. Көк жәшіктен «Анда барды, мында барды, сәлем жолдады, лебіз білдірді» дегеннен басталады біздің дау. Айтамын да, қолы бос жан қайда бармайды. Елдің ішіндегі былық пен шылықты көрмеген соң тентіреп жүреді ғой. Әйтпесе ел кезбей біздің қалаға келіп, бас даңғылдағы сан шұқырды санасыншы. Мақұл, оны көрмесе, біздің көпқабатты үйдің сырты мен ішін қарасыншы. Тентіреуге уақыт таппас еді. «Ерігесің-ей» деймін де басқа арнаға ауыстырамын. Бұл жақтың да сарнап жатқаны сан өтірік. «Елге пәлен млрд. инвестиция құйылып, халықтың тұрмыс-сапасы жақсарды» дейді. Қап, қасқайып қарсы тұруға тура келеді. Менің жыртық шұлық киіп, тоз-тозы шыққан майка ілгенім тұрмыстың жақсарғанынан ба?! Әлде мені тозған бұйым тұтынып жүргенімді бұлар аңғармай ма? Келесіне өтемін. Мұнда ырбаңдаған бір әнші теңіз жағасындағы жартаста көйлегін желбіретіп ән айтады. Бұлтың-бұлтың денесін бұлғаңдатады. Оның өз жөні бар, бұл әншінің ағасы министр екен. Тендер-мендер дегенің құлағында ойнайды. Кем дегенде әр облыстан он-оннан құрылыс жүргізуде. Оны менің сыныптасымның әкесінің інісі бар ғой, соның әйелінің құрбысымен бір туған әпкесінің күйеуі бірге жұмыс істейтін әріптесінің ағасы айтыпты. Ақшаға бөккен жан бөксесін көрсетпей ән айтсын ба?! Көк тиыны болмаса мен сияқты көне диванда ескі майкамен жатар еді. Келесі арнаға өттім. Бұл жақта да қатып жатқан жоқ. Камералар туралы айтып жатыр. «Олардың көмегімен полицейлер өткен алты айда 600 млрд. теңге айыппұл салыпты. Мыңдаған көлік айып тұраққа қойылған». Есіл қазағымды қырып бара ма-ей?! Теледидарға «Енді велосипедпен жүргіз», – деп жекідім және пультті қабырғаға атып ұрдым да теріс қарап жатып қалдым.
Сол-ақ екен теледидар бір өшіп, қайта қосылды. Ана кісі барған-келгенді доғарып, ауыл-аймаққа айтпай барып, жолды жаяу аралауға көшіпті. Өзі нұсқап, мердігерлердің кем жұмысын сынауда. Әкімдер аң-таң. Айтпай барғаны састырыпты. О, тоба, мұндай да болады екен. Келесі арнадан құйылған инвестициялар әкім-қараның қалтасына емес, зауыттарға, фабрикаларға салынып, елде жұмыссыздық айтуға тұрмайтын мәселеге айналыпты. Жұрт бір жұмыстан шығып, екіншісіне емін-еркін кіретін жағдайға жеткен. Жұмысшы іздеген зауыт көп. Пақыр-ай, елдің министрлері қайырымдылық жасауға көшіпті. Айлығының 10 пайызын өзіне, қалғанын үкіметке қайтарып жатыр. Тіпті бюджетке салмақ түсірмес үшін жаяу жүруге көшіпті. Сан-соқтым. Дегбірімді жартастағы әнші алып барады. Дереу арна ауыстырдым. Байғұсым, үстіне шапан, басына кимешек киіп ән айтып тұр. Ал полицейлер жол бойындағы камераларды шешуде. Негізі айттым ғой, «біз прогресспіз» деп сынымыз нәтиже беруде. «Ура!» дей бергенім сол еді, көк диваннан дүңк етіп еденге түстім. Жалма-жан меңіреу теледидарды қайта қостым. Сарнап тұр. Сол баяғы қалып. Шынын айтайын ба, біздер жұмыс істеу үшін олардың бағзы қалыпта жүргені жақсы. Әйтпесе мен не істер едім?! Әдетсіз қалуға құлық жоқ.
Мағмар МАҚСЫМ





