Экономиканы әртараптандыру Қазақстанның басты стратегиясының бірі. Байырғы кәсіпке иек артып, өрістейміз, өркендейміз деу бекер. Әсіресе, ауыл шаруашылығына өңдеу һәм қайта өңдеу үдерісі қажет. Ет пен сүт өндіріп қоюға болмайды. Мәселен, Ақсу ауданында ауыл шаруашылығы іргелене түскен. Бірақ, төрт түліктен алған өнімді қайта өңдеу жағы мақтана қоярлық деңгейде емес. Сонымен қатар, ауданда тас, қиыршық тас өндіретін кәсіпорындар жеткілікті. Алайда, сол тау қойнауынан алынатын тауарларды қайта өңдеп, құрылыс материалдарына айналдырушылар жоқ. Демек, мұндағы атқамінерлердің алдағы уақыттағы басты миссиясы қайта өңдеу болуы тиіс. Ақсу ауданына сапарлай барып, бұқарамен кездескен облыс әкімі Бейбіт Исабаев жергілікті әкімге міндетті тапсырмаларды дәл осылай жүктеді. Қалай дегенмен, мұндағы халықтың өмір сүру сапасын арттыру, тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін экономика әлеуетті болуы тиіс.
Өрістеу үшін өңдеу өнеркәсібі қажет
Аймақ басшысы кездесуде өңірдегі өркендеу қадамдары туралы баяндады. Айтуынша, өткен 8 айдың қорытындысына сай қысқамерзімді экономикалық индикатор 103,8%-ды құрады. Аграрлы өңірде ауыл шаруашылығын дамыту және өңдеу өнеркәсібін қолдау басты басымдықтар қатарында. Мәселен, былтыр агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 64 млрд. теңге қарастырылса, биыл бюджет қоржынынан 69 млрд. теңге бөлінген. Нәтиже де жоқ емес. Өңірдегі төрт түлік басы өткен жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға артып, 2,8 миллионға жеткен. Қолдау қанаттандырған саланың бір тармағы егін шаруашылығы. Былтыр жетісулық диқандар 511 мың гектарға дән сеуіп, 2 млн. тоннадай астықты қамбаға құйған еді. Биыл алқап көлемі 514 мың гектарға жетті. Нәтиже де соған сай жоғары болуы тиіс. Облыс әкімі дала еңбеккерлері шамамен 2,7 млн. тонна өнім алатынын жеткізді.
– Өңірде егін жинау науқаны жалғасуда. Қазіргі таңда бидай мен арпаны жинау жұмыстары толық аяқталып, 601 мың тонна астық бастырылды, орташа өнімділік гектарына 24 центнерден асады. Дәндік жүгері, майлы дақылдар мен қант қызылшасын жинау жұмыстары жалғасуда. Облыста қант саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл қант қызылшасы 13,5 мың гектар алқапқа егілді. 585 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Оның 374 мың тоннасын Көксу қант зауыты, 211 мың тоннасын Ақсу қант зауыты қабылдайтын болады. Ақсу және Көксу қант зауыттарының өндірістік қуаттылығы 950 мың тоннаға дейін өседі. Инвестиция көлемі 54 млрд. теңгеден асады. Ауыл шаруашылығын инвестиция арқылы әлеуетті ету маңызды. 2026-2028 жылдары облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 299 млрд. теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жыл басынан 2,7 млрд. теңгенің 2 жобасы іске қосылды. Сондай-ақ Көксу ауданында қуаттылығы 15 мың тонна құс етін өндіретін «Белес-Агро» құс фермасының құрылысы басталады, – деді Бейбіт Исабаев.
Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі болуы үшін ирригацияның маңызы зор. Өңір диқандары сепкен дән далада кетпес үшін ауқымды бастамалар жүзеге асуда. Биыл өңірде су үнемдеу технологиялары көмегімен егін егу көлемі 45,5 мың гектарға жетті. Дейтұрғанмен, арық һәм канал желісімен су тұтыну әлі де маңызды рөлге ие. Сондықтан осы жылы облыста ирригациялық жүйелерді жаңғыртуға 47 млрд. теңге қарастырылып, 9 жоба жүзеге асуда. Нәтижесінде 3,2 мың гектар жаңа суармалы егістік қалпына келіп, 34,3 мың гектар алқап жүйелі сумен қамтамасыз етілмек. Сондай жобалардың бірі Ақсу ауданында жүзеге асуда. Ислам Даму банкі арқылы 8,8 млрд. теңгеге 11,5 мың гектар егіндікті сумен қамту желілері жаңғыртылуда. Ал, республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа жүзеге асып жатқан Қызылағаш суару массивінің құрылыс жұмыстары 98 пайызға орындалған.
Әлеуметтік сала әлеуетті болуы тиіс
Өңірдің құрылысы да қарқынды. Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының көлемі 188 млрд. теңгені құрады. Нәтижесінде биыл 4600 отбасы баспаналы болмақ. Өңірде жүзеге асып жатқан оң үдерістің бірі газдандыру жұмыстары. Осы күні облыстағы 110 елді мекен көгілдір отынның игілігін көруде. Жыл соңына дейін тағы 16 ауыл желіге қосылмақ. Бұл Кербұлақ ауданы мен Талдықорған арасындағы ауылдар. Сонымен қатар «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталды. Қазір Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету міндеті тұр. Осы жұмыстарды бастауға Инфрақұрылымды дамыту қоры арқылы 27 млрд. теңге қарастырылып отыр. Демек, биыл үш аудандағы елді мекендерді газдандыру жұмыстары басталады. Жобалар аяқталған соң өңір халқының 94 пайызы көгілдір отынды тұтынады.
Жасырын емес, биыл өңірде жол салу, ескі жолдарды жаңғырту жұмыстарының аса қарқынды екені тайға таңба басқандай көрінді. Республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен автомобиль жолының Алматы облысының шекарасынан Талдықорған қаласына дейінгі учаскесінде 159 шақырымды құрайтын бөлігінде орташа және күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Оның 103 шақырымы биыл, қалғаны келер жылы аяқталады. Облыстық маңызы бар Талдықорған – Үштөбе және Ақсу – Жаңалық автожолы жөндеуден өтті. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде облыстық маңызы бар жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 96 пайызға жетпек.
Елімізде маңызды бастамалар қатарындағы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірді абаттандыруға 19 млрд. теңге қаралды. Осынша қаражатқа көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттері жөнделіп, балалар мен спорт алаңдарын салу және абаттандыру бойынша бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда.
– Облыста жалпы ауданы 74 гектар болатын үш экопарк: Талдықорған қаласында «Тасбақа», Текеліде «Серкесай» және Сарқан ауданында «Қойтас» паркі құрылды. Ақсу ауданында да табиғаты тылсым жер жеткілікті. Аудан әкімі «Тамшыбұлақ» экопаркін құруға жұмыс жүргізуі тиіс. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Ақсу ауданында ауқымды жұмыс бар. Жансүгіров ауылындағы 13 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері мен шатырлары жөнделуде, тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталды. Қапал ауылындағы арық желілері ағымдағы жөндеуден өтіп, Көшкентал ауылының көшелеріне жарық шамдары орнатылды. Жансүгіров ауылында қараусыз қалған 21 гектар алқаптағы саябақты екіге бөлу жоспарланған. Оның жартысы саябақ, қалғанына ауданға қажетті стадион салу жоспарланған. Биыл саябақ құрылысына жергілікті бюджеттен 200 млн. теңге қарастырдық. Ал қалған 1,7 млрд. теңге келер жылы бөлінбек. Аудан әкімдігі атқарылып жатқан жұмыстарды жіті назарда ұстап, стадион құрылысына қажетті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуді жүктеймін, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар аймақ басшысы білім, мәдениет, денсаулық саласындағы жетістіктерді тізбектеді. Бастысы, аудан халқының шымбайына батқан аудандық аурухананың күрделі жөндеуі аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев келер жылы осы ауруханаға компьютерлік томография сатып алу мен оттегі стансысын орнатуды уәде етті. Ал аудан әкімі Берік Тынышбайұлына мәдениет саласындағы құрылыс жұмыстарын жылдамдатуды, әсіресе Арасан ауылындағы Мәдениет үйін биыл іске қосуды жүктеді. Айта кетейік, мұнан бөлек ауданда 2 мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Мығым міндет оң нәтиже бастауы
Кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауданы әкіміне жаңартылатын энергия көздерін дамытуды жүктеді. Жалпы аудан тынысында өрістеу барын да сөз етті. Бірақ, бұл нәтижеге тоқмейілсуге болмайтынын, қолда бар мүмкіндіктердің барлығын тиімді пайдаланып, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге басымдық беру қажет екенін жеткізді. Өз кезегінде аудан әкімі атқарылған жұмысты да баян етті. Берік Тынышбаевтың айтуынша, жыл басынан бері ауыл шаруашылығында 20,9 млрд. теңгенің, өнеркәсіпте 7,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Құйылған инвестиция 10 млрд. теңгеден асады. Аудан әкімі биыл ауыл шаруашылығында 54,7 млрд. теңгенің өнімін өндіруді жоспарлап отырғанын алға тартты. Осы бағыттағы жұмыстар да ауқымды. Егістік көлемі ұлғайтылған. Мәселен, ауданда былтырдан бері жүгері алқабының көлемі артқан. Демек, өнім де молаяды. Өнімді шашауын шығармау үшін 45 мың тонналық жүгері сақтайтын қойма салынған. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында да ауыз толтырып айтар тірлік бар. Мәселен, Суықсай ауылында «АрасанЖидек» жеке кәсіпкерлігі 4 гектарға құлпынай егуді қолға алған. Ерте өнім алу үшін 1 гектарға жеңіл конструкциялы жылыжай да соққан. Нәтижесінде биыл 80 тонна өнім алған. Берік Тынышбаевтың сөзіне сенсек, саладағы өнімділікті арттыру үшін бұқара арасында «Кең дала-2», «Агробизнес», «Іскер» бағдарламаларының мүмкіндіктері кеңінен түсіндіріліп, 65 шаруашылыққа 1 млрд. 600 млн. теңге қаржылай қолдау көрсетілген.
Ауданда өнеркәсіп саласы да өрістеп келеді. Тұрақты жұмыс істеп тұрған 10 кәсіпорынның қатарын молайту үшін аудан әкімі жүйелі жұмыс жүріп жатқанын алға тартты. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, «БерекеАгроОптимус» ЖШС Алажиде ауылында күнбағыс майын өндіру зауытын салуда. Сонымен қатар Ақсу және Сағабүйен өзендеріне СЭС салуға инвестиция әкелу жұмыстары жүргізілуде. Берік Тынышбайұлы алда 3 су электр стансысы салынатына сендірді.
– Соңғы 3 жылда аудан аумағында 297 тұрғын үй, 2 жаңа мектеп, 14 ауылда денсаулық сақтау мекемесі, 2 мәдениет үйі, 4 ауылдық округ әкімшілігі, 8 ветеринарлық пункт және 3 өрт сөндіру бекеті бой көтерді. Сонымен қатар орталық аурухана, 2 мектеп және 2 мәдениет үйі күрделі жөңдеуден өтті. Мұндай ауқымды жұмыстардың жүзеге асуы аудан әлеуетінің артқанын аңғартады, – деді аудан әкімі Берік Тынышбаев.
Жиын соңында Бейбіт Исабаев аудан халқының талап-тілегін тыңдады. Арасан ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұртілеу Бетқамбеков елді мекендегі мектептің қысты күні балаларға қолайсыздық тудыратынын, яғни жылыту қазандығының нашар жұмыс істейтінін алға тартты. Облыс басшысы Берік Тынышбаевқа мәселені назарда ұстауды әрі жедел шешуді жүктеді. Одан өзге жиында қозғалған мәселе болмады. Аудан бұқарасы алғаусыз алғыс жеткізді. Осыдан-ақ ағынды Ақсу өлкесінде ауыз толтырып айтар тірлік барын аңғаруға болады.
Атқарылған іске халық таразы
Ақсу ауданында бұрыннан қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп, ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасалуда. Бұл өзгерістер, әсіресе денсаулық сақтау, тұрғын үймен қамтамасыз ету және ауыл инфрақұрылымын дамыту бағыттарында айқын байқалады.
Жансүгіров ауылындағы аудандық орталық аурухананың күрделі жөндеуден кейін қайта ашылуы – соның бір дәлелі. Сонымен қатар Қарашілік ауылында жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Өткен жылы облыс әкімінің халықпен кездесуінде Сағабүйен ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанатбек Дәуітбеков ауыл медицина қызметкерлерінің ескі мектеп ғимаратында қабылдау жүргізуге мәжбүр екенін базыналаған. Биыл қыркүйекте ашылған медициналық пункт бүгінде 500-ден астам тұрғынға, оның ішінде 149 балаға қызмет көрсетеді.
Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2026 жылы әлеуметтік осал санаттағы отбасылар үшін «InfraConstruction» ЖШС инвесторы 40 жеке тұрғын үй салды. Оның 33-ін мемлекет сатып алды: 6 үй Қапал ауылында, 27 үй Жансүгіров ауылында орналасқан. 10 үй «Отбасы банкке» берілді, қалған нысандар бойынша қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жалғасуда. Қазан айының соңына дейін тағы 7 жеке тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл бір реттік шара емес. Тұрғын үй құрылысының қарқынына назар аударсақ, бұл жұмыс 2023 жылы басталғанын және содан бері ауданда 297 тұрғын үй салынғанын көруге болады.
Осындай қолдаудың арқасында ұзақ жылдар бойы кезекте тұрған азаматтар баспаналы болуда. Аудан тұрғыны Гүлнара Сабырбаева біршама уақыттан бері тұрғын үй кезегінде тұрған.
– Мен кезегімді көп жыл күттім. Бір күні өз баспанамыз болады деп сендім. Биыл маусым айында отбасым пәтер алды. Мен үшін бұл – жай ғана баспана емес, тыныштық, қауіпсіздік және ертеңгі күнге деген сенім. Енді балаларым мен немерелерім өз үйіме келіп, бәріміз бірге отырамыз. Қолдау көрсеткен мемлекетке, облыс және аудан басшылығына алғыс айтамын, – дейді ол.
Тұрғын үй қорын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 2025 жылы Матай, Қызылағаш және Жансүгіров ауылдарындағы 16 үйдің қасбеті мен шатыры жөнделді. Биыл Жансүгіров ауылында тағы 13 үй жаңартылуда. Осы үйлердің бірінде 35 жылдан астам уақыт тұрып келе жатқан Мұратхан Жұманов жөндеу жұмыстарының тұрғындар үшін маңызды екенін атап өтті.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Мадияр Нұрахметовтің айтуынша, көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыруға да көңіл бөлінуде. Биыл Жансүгіров ауылындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласына асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолдары салынды, балалар ойын алаңы, орындықтар мен жарықтандыру жүйесі орнатылды. Ауылдардың түнгі жарықтандыру жүйесі де жаңартылуда. 2025-2026 жылдары ауданда мыңнан астам жарық бағанасы орнатылып, 40 шақырымнан астам электр желісі тартылды.
Жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылды. Ұзындығы 30 шақырым болатын Жансүгіров – Ақсу автомобиль жолын орташа жөндеу 2024 жылы басталған. Қазіргі уақытта жұмыстардың 80 пайызы орындалған. Жоба аясында жолды асфальттау, су өткізгіш құбырларды ауыстыру және жол белгілерін салу қарастырылған. Ал ұзындығы 22,6 шақырым болатын Ақсу – Жаңалық жолындағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Мұнда жаңа асфальт төселіп, 24 су өткізгіш құбыр ауыстырылды. Жаңалық ауылының тұрғыны Уәлихан Саяхметов жолдың жөнделуіне разылығын жеткізді.
– Біз бұл жолдың жөнделуін көп жыл күттік. Ауыл тұрғындары үшін жол – аудан орталығына қатынау, ауруханаға бару, жұмыс пен шаруашылықты ұйымдастыру мүмкіндігі. Ауыл тұрғындары қант қызылшасын өсіріп, шөп дайындаймыз, төрт түлік өсіреді. Сондықтан өнімді тасымалдау үшін жолдың жағдайы өте маңызды. Қазір қатынас әлдеқайда ыңғайлы болды, – дейді ауыл тұрғыны.
Сонымен бірге соңғы үш жылда аудан елді мекендерінің 49 көшеге асфальт төселіп, Қызылжар, Алтынарық және Есеболатов ауылдарының кіреберіс жолдары жөнделді. Ауданда жол қауіпсіздігіне де баса назар аударылып отыр. Алматы – Өскемен тасжолының 326-шақырымында, Қызылағаш ауылының маңында медициналық-құтқару пункті салынуда. Ақсу ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Талғат Зейнолдановтың айтуынша, нысан жол-көлік оқиғалары мен басқа да төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Мұнда медицина қызметкерлері мен құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарып, «жедел жәрдем» көлігі және қажетті құрал-жабдықтар болады. Құрылыс ұйымының өкілі Абылай Күнісбеков нысанды қараша айының алғашқы онкүндігінде аяқтау жоспарланғанын жеткізді.
Ақсу ауданындағы атқарылып жатқан жұмыстар денсаулық сақтау, тұрғын үй, жол және қауіпсіздік мәселелерін кешенді түрде шешуге бағытталған. Жаңа медициналық пункт, баспаналы болған отбасылар, жөнделген жолдар мен жаңартылған тұрғын үйлер – ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін өзгерістер. Мұндай жұмыстардың жалғасуы елді мекендердің дамуына және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Дастанбек САДЫҚ






