Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 7-саммитіне қатысу мақсатында Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласына жұмыс сапарымен барды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысын Баку халықаралық әуежайынан Әзербайжан Премьер-министрінің орынбасары Самир Шарифов және өзге де ресми тұлғалар құрметпен күтіп алды. Бакуде өтетін бұл алқалы жиын Азия құрлығындағы қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ықпалдастықты арттыру және халықаралық диалогты дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. АӨСШК бастамасының негізін қалаушы ел ретінде Қазақстан өңірдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға әрдайым басымдық береді.
Саммит барысында Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және гуманитарлық байланыстарды дамытудың басты бағыттары сарапқа түседі. Қазіргі жаһандық геологиялық және геоэкономикалық өзгерістер кезеңінде сенімді серіктестік пен өзара түсіністікті қалыптастыру ерекше мәнге ие. Саммитке қатысушы мемлекеттер өңірлік қауіпсіздікке қатер төндіретін заманауи сын-қатерлерге бірлесе қарсы тұру мен тұрақты дамудың тиімді жолдарын қарастырады.
Қазақстанның халықаралық бастамалары мен сыртқы саясаттағы беделі Жетісу өңірі сияқты шекаралық аймақтардың дамуына да тікелей оң ықпалын тигізеді. Өңір арқылы өтетін халықаралық транзиттік коридорлар мен логистикалық хабтар мемлекеттер арасындағы келісімдер мен тұрақты дипломатиялық қарым-қатынастардың арқасында қарқынды дамиды. Президенттің халықаралық сапарлары мен келіссөздері елімізге жаңа инвестиция тартып, инфрақұрылымды жаңартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.





