Республика күні қарсаңында Кербұлақ ауданында көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жолы Сарыөзек ауылында баспаналары апатты деп танылған отбасылар қоныстойын тойлады. Аудан әкімінің орынбасары Бақыткелді Бақытжанұлы тұрғындарды құттықтап, Күреңбел өлкесінде баспана кезегінде тұрғандар мен үйі апатты деп танылған азаматтарды баспанамен қамтуға бағытталған бастамаларды таразылады.
Ауданда тұрғындарды баспанамен қамтуда ауқымды шаруа еңсерілуде. Әсіресе жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған отбасыларды баспанамен қамтуға ерекше көңіл бөлінген. Ауданда тозығы жеткен үйлерде тұратын 240 отбасы бар еді. 2024 жылы осы мақсатта 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал былтыр да дәл осындай көпқабатты үй салынған еді. Сол жылы пәтерлерді үйлестіру мүмкін болмады. Былтыр мамырда тұрғын үйді үйлестіру функциясы «Отбасы банкі» АҚ құзіретіне берілді. Биыл қыркүйек айында заңнамалық өзгерістерге байланысты апатты үйде тұратындарды баспанамен қамту міндеті қайтадан жергілікті әкімдікке жүктелді. Осы ретте тұрғындар баспаналы болуда. Алдағы уақытта апатты үйі бар отбасылар толықтай жаңа баспанамен қамтылады, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Тұрғындарға пәтер кілті табысталған көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын «Гранит-М» серіктестігі жүргізген. Үйдің маңайы толық абаттандырылып, балалар мен тұрғындардың қолайлы өмірі үшін жағдай жасалған. Әсіресе үйдің сыртқы келбеті алыстан менмұндалайды. Айта кететін жайт, шаңырақ тойын тойлағандардың қатарында Сарыөзек елді мекеніндегі Абай, әл-Фараби, Рысқұлов, Масанов және Тимирязов көшесінде апатты деп танылған үйлердің иелері бар. Солардың бірі – Алтын Батырханова. Бүгін шын қуанғанын жасырмаған пәтер иесі облыс, аудан әкімдігінің апатты үйлердің мәселелерін шешуде белсенді болғанына разы.
«Баспана – бас қайғы» деуші еді ғой. Апатты үйде тұрғанымыз шынында бас қайғымызға айналды. Енді оны ұмытамыз. Аудан орталығынан теңдессіз пәтерге қол жеткіздік. Ауласы абаттанған, балалардың алаңсыз ойнауына жағдай жасалған жаңа көпқабатты үйден пәтерлі болғаныма ағайын-туысқандарымыз да қуанып жатыр. Мұндай шаттыққа кенелткен облыс, аудан әкімдігіне алғаусыз алғыс білдіреміз, – деді Алтын Батырханова.
Шаңырақ шаттығына кенелгендердің бірі – Мадина Досан. Ол да бұл қуанышты күнді ұзақ күткен.
Заманауи һәм зәулім ғимараттан баспаналы боламын деген үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Қазір сол түсім орындалып отыр. Алғысым шексіз. Мен сияқты баспанаға мұқтаж жандар осылай үйлі болсын, – деді пәтер иесі.
Тұрғындардың қуанышты сәтінде аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Бөкен Рысбеков тілеулестік танытып, ақ батасын берді.
Дастанбек САДЫҚ





