Күзгі каникул – оқушылар үшін тынығып, жаңа күш жинайтын кезең. Алайда бос уақыттың көбеюі балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Осыған байланысты Жетісу облысында оқушылардың күзгі демалысын мазмұнды ұйымдастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытында бірқатар іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Алмас Шаихов мәлімдеді.
– Мектеп оқушыларының күзгі демалысы 26 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді. Осы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында облыстық білім басқармасы «Қауіпсіз демалыс» іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспар аясында құқық қорғау органдарымен бірлескен профилактикалық жұмыстардан бастап, танымдық кездесулер мен спорттық жарыстарға дейінгі түрлі шара қамтылған.
Бала қауіпсіздігі үшін ата-ана, құқық қорғау органы мен білім беру ұйымының бірлескен жұмысы маңызды. Жолда жүру ережелерін сақтауын, су айдындары мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздік талаптарын білуін қадағалау, тұрмыстық жарақаттардың алдын алу және интернет кеңістігіндегі әрекеттеріне назар аудару – ересектердің күнделікті жауапкершілігі.
– Балалардың құқық бұзушылыққа тап болуының немесе қауіпті жағдайларға ұшырауының алдын алу үшін каникул уақытында полиция департаментімен бірлесіп «Түнгі қаладағы балалар» және «Жасөспірім» атты рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында 26-30 қазан күндері құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен «Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам негізі» тақырыбында кездесулер өтеді, – деп атап өтті сала өкілі.
Тыйым салынған уақытта үлкендердің қарауынсыз жүрген оқушыларды ұстау жағдайларында олардың жеке басына қатысты деректер құпия сақталады. Басқарма өкілінің айтуынша, кез келген фото және бейнетүсірілім ата-ана және оқушының келісімімен ғана жүзеге асырылады.
Балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды. 27-30 қазан аралығында құзырлы органдар өкілдерінің қатысуымен «Ойынға салауатты көзқарас», «Ойын мен өмір арасындағы шекара», «Саналы таңдауға – сау ойын» тақырыптарында танымдық кездесулер өткізу жоспарланған.
27 қазанда барлық мектепте «Күзгі демалыс уақытындағы қауіпсіздік», «Бала қауіпсіздігі – ата-ана жауапкершілігі», «Қауіпсіз демалыс: не білу керек?», «Сақтық – сау балалықтың негізі» тақырыптарында ата-аналар жиналыстары өтеді. Оған құзырлы орган өкілдері қатысады.
Каникул кезіндегі жұмыс тек қауіптің алдын алумен шектелмейді. Оқушылардың білімін жетілдіріп, ой-өрісін кеңейтуіне, шығармашылық қабілеті мен азаматтық ұстанымын дамытуына да мүмкіндік беріледі. Атап айтқанда, 23-31 қазан аралығында 8 сынып оқушылары арасында IQanat республикалық олимпиадасының бірінші кезеңі, ал 23-30 қазан күндері ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары арасында облыстық пәндік олимпиада өткізіледі.
26-30 қазан аралығында «Елдіктің бастауы: кеше, бүгін, болашақ» бағдарламасы аясында сурет және эссе байқаулары, іскерлік ойындар, олимпиадалар, челлендждер мен әдеби кештер өткізу көзделген. Сондай-ақ «Ұшқыр ой алаңы» жобасы аясында «Ұлттық код – менің бойымда» атты MI BATTLE зияткерлік ойыны мен «Кітап оқитын ұлт» оқу марафондары ұйымдастырылады.
Оқушылардың болашақ мамандығына деген қызығушылығын арттыруға да көңіл бөлінген. Осы мақсатта 26-30 қазан аралығында «Еңбек адамын таны» жобасы бойынша балалардың өндірістік кәсіпорындар мен мамандықтар орталықтарына танымдық экскурсиялары жоспарланған. Бұл кездесулер жасөспірімдерге еңбек адамдарының күнделікті жұмысымен танысып, түрлі кәсіптің ерекшелігін түсінуге мүмкіндік береді.
Демалыс күндерін белсенді өткізу үшін спорттық шаралар қарастырылған.
– 28-29 қазанда 7-8 сынып оқушылары арасында асық ату мен бес асықтан жарыс өткізіліп, салауатты өмір салтын қалыптастыру және нашақорлықтың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізіледі. Ал 3-4 сынып оқушылары мен олардың ата-аналары «Мен және отбасым» атты спорттық эстафетаға қатысады. Мұндай шаралар балалардың дене белсенділігін арттырумен қатар, отбасылық байланысты нығайтуға ықпал етеді деп үміттенеміз. Бұдан бөлек, 30 қазанда облыстық өзін-өзі басқару ұйымы президентінің инаугурациясы салтанатты түрде өтеді, – дейді Алмас Құдайбергенұлы.
Осылайша, алты күндік күзгі демалысқа жоспарланған толассыз іс-шаралар баланың тынығуымен қатар, жаңа білім мен тәжірибе жинап, өз қызығушылығын дамытуына мүмкіндік бермек. Сондықтан олардың нәтижелі өтуі ұйымдастырушылардың жұмысына ғана емес, ата-аналардың қолдауы мен ұстаздардың белсенділігіне де байланысты.
Баланың қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілікті бір мекеменің немесе бір адамның міндеті деп қарастыруға болмайды. Үйде, көшеде, мектептен тыс ортада және интернет кеңістігінде балалардың амандығын қамтамасыз ету үшін ортақ түсінік пен тұрақты бақылау қажет.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ





