Республика күні қарсаңында Талдықорғанда дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 300 орынды заманауи жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді. Білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналар қатысты.
Жетісу облысы құрылғалы бері білім беру нысандарының 41,8 пайызы жаңғыртылды. Биыл 5 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, 2 білім ошағы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Үштөбе қаласы мен Балпық би ауылында әрқайсысы 600 орындық 2 мектептің құрылысы, ал Текелі қаласында 1 нысанның күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгін зияткер ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең әлемдік дамудың алдыңғы қатарынан көрінетініміз анық. Осы бағытта облыс аумағында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және оқушылардың сапалы білім алуына тұрақты түрде қолайлы жағдай жасалуда. Соңғы үш жылда жетісулық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен зияткерлік конкурстарда 73 медаль иеленді. Аталған марапаттардың 40 пайызы тікелей осы лицей шәкірттеріне тиеcілі. Бұл айтулы көрсеткіш – лицейде қалыптасқан сапалы білім беру дәстүрі мен ұстаздардың кәсіби еңбегінің айқын көрінісі. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан біз жастардың терең білім алуына, жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасауды жалғастырамыз, – деді Бейбіт Өксікбайұлы.
Салтанатты шарада ардагер ұстаз Гүлтуған Айсина жиналған көпшілікті көптен күткен мерейлі күнмен құттықтап, білім қуған жастарға ақ тілегін арнады.
Мектептің лентасы қиылып, жиналған көпшілік ғимараттың ішкі мүмкіндіктерімен танысты. Облыс басшысы география, тарих, қазақ тілі, роботтехника кабинеттерін аралап, дарынды балалармен әңгімелесті. Лицей оқушыларының жетістіктерін қойылған көрмемен танысып, халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарымен тілдесті.
Мемлекет басшысы парасатты, оқитын, ізденімпаз, жаңа технологияны, жасанды интеллектті меңгерген, зерделі ұрпақ қалыптастыруға барлық жағдай жасау туралы нақты міндет қойды. Соған сай ел көлемінде, соның ішінде облыста да тың жобалар іске асырылып жатқанын білесіздер. Сіздер де осы үрдістен қалмай, республикадағы ең беделді, өзінің тарихы бар мектеп-лицейінде жақсы оқып, үлкен жетістіктерге жетіп, мықты азамат болып өсіңіздер. Сондықтан сіздерге «Кітап оқитын ұлт» жобасына енгізілген кітаптар тізіміндегі 60 жинақты сыйлаймыз. Ең бастысы – білім жолында қанаттарыңыз талмасын, – деді аймақ басшысы.
«Талдықорған дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған мектеп-лицейі 1993 жылы құрылған. 2026 жылы салынған лицей-интернаттың жалпы аумағы 5 000 шаршы метрді құрайды. Білім беру ұйымы 300 орынға арналған.
Қазіргі таңда лицей-интернатта 266 оқушы білім алуда. Олардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына 40 мұғалім қызмет көрсетеді. Педагогикалық ұжым оқушылардың білім сапасын арттыруға, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ олардың тұлғалық қалыптасуына бағытталған жұмыстар жүргізеді.
Лицей-интернаттың негізгі мақсаты – дарынды балалардың қабілеттерін шыңдап, білімді, бәсекеге қабілетті, жауапкершілігі жоғары тұлға тәрбиелеу. Білім беру ұйымы оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға және олардың болашақта жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне бағытталған.
Осы уақыттан бері білім мекемесін 1,5 мыңға жуық түлек бітіріп шықты. Өткен жылы бітірген 48 оқушының бәрі жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Мұнда оқыту қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде жүреді. Бүгінгі ашылып отырған жаңа ғимаратта 37 кабинет бар. Лингвистикалық кабинет және зертханалар жабдықталған. Бұл оқушылардың жетістіктерін еселей түсуге үлкен ықпал етеді. – дейді лицей-интернат директоры Айбек Аширметов.
Жалпы, мектепте 100-ден астам адам жұмыс істейді. Оның 37-сі – педагог. Солардың бірі биология пәнінің мұғалімі, жас маман Мирас Медетұлы. Білімді де білікті маман Өскемен қаласындағы «Білім-инновация» мектеп-лицейінің түлегі. І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде білім алған.
Бұл мектепте жараталыстану пәндері ағылшын тілінде өтеді. Сондықтан биология пәні де ағылшын тілінде жүреді. Алғашқы еңбек жолымды осы лицейден бастағаныма қуанамын. Қазақтың білімді, сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу жастары көп болса екен деп армандаймын. Осы жолда тынбай еңбектенуге, дарында балаларға саналы тәрбие мен сапалы білім беруге бар күш-жігерімді арнаймын, – дейді жас маман.
«Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқу ғимаратының құрылысы 2025 жылы мамырда басталды.
*Лебіз
Шынар АХМАДИЕВа, ата-ана:
«Білім-инновация» мектебінің жаңа ғимаратының ашылуы біз үшін ерекше күн. Ұлым Ескендір Жайдар бастауышта қаладағы Абай атындағы №1 мектепте, 5-6 сыныптарды №20 лицейде оқыды. Ал 7 сыныпта осы мектепке қабылданды. Қазір 11-сыныптың оқушысы. Биыл ұлым үшін де, біз үшін де ең жауапты кезең басталды. Осы жылда жаңа оқу корпусы қолданысқа берілгеніне қуаныштымын. Ғимараттың ішін аралап көрдім. Жарық, жылы, жайлы. Қабырғаға жазылған қанатты сөздер де баланың білімге деген құштарлығын арттырады. Жаңа корпустың құрылысына атсалысқан барша азаматтарға ата-аналар атынан алғыс айтамын.
Әділет БЕКМОЛДА, «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11- сынып оқушысы:
7-сыныптан бері осы мектепте оқимын. Алдыңғы жылы лицей президенті болдым. Республикалық олимпиадалар мен ғылым жобалар байқауының үш мәрте жүлдегерімін. Бүгін лицей тарихының жаңа белесі басталды. Отыз жылдан астам уақытта қалыптасқан білім мен тәрбие құндылықтары жаңа ғимаратта жалғасын табады. Меніңше, бізден кейінгі өсіп келе жатқан інілеріміз үшін бұл ғимарат керемет мүмкіндіктерге жол ашады. Болашақта осы жерден алған білімімді елдің игілігіне арнаймын деп ойлаймын.
Еңлік КЕНЕБАЙ





