Бекен Римова атындағы академиялық драма театрында Республика күніне орай мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев көпшілікті маңызы зор мерекемен құттықтады. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін баяндап, өркендеу мен өрістеуге үн қосқан һәм елеулі еңбек еткен 40-тан астам жетісулықты мемлекеттік наградамен марапаттады.
– Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 35 жыл толып отыр. Осы мерейлі жыл еліміз үшін ауқымды өзгерістерге толы болды. Халқымыз бүкіл ел болып жаңа Конституцияны қабылдады. Жаңа Ата Заң еліміздің болашақтағы дамуының құқықтық негізін айқындап, мемлекеттік институттардың тиімділігі мен жауапкершілігін нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашты. Түбегейлі өзгерістердің нақты нәтижесі ең алдымен халықтың тұрмысынан және өңірлердің дамуынан көрінуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Өңірдің аграрлық әлеуеті нығая түсті. Халықтың өмір сүру сапасына оң әсер ететін жол, газ, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым бойынша да ірі жобалар жүзеге асырылуда. Осындай айтулы нәтижелерге біз жетісулықтардың береке-бірлігінің арқасында қол жеткіздік, – деді облыс әкімі.
Мұнан соң облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы мемлекеттік наградаларды табыстады. Марапат биігінен әуелі «Құрмет» орденін 6 жетісулық азамат иемденді. Олардың қатарында «Абылқасымов Б» шаруа қожалығының басшысы Балтабек Әбілқасымов, «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық паркінің бас директоры Қуат Байтұрбаев, «Рамазан» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бекиев, Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев, Талдықорған қалалық емханасының дәрігері Ләйла Төлеуханова, облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының әншісі Абылайхан Хармысов бар. Өз кезегінде Абылайхан Хармысов мәдениет саласына қолдау білдіріп, жан-жақты өрістеуіне жағдай жасаған облыс басшылығына алғаусыз алғысын жеткізді.
Артынша облыс әкімі мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы орденімен 3 адамды, «Ерен еңбегі үшін» медалімен 20 адамды, «Шапағат» медалімен 9 адамды наградтады. Сонымен қатар салтанатты шарада облыстық мәслихаттың шешіміне сай бірқатар азамат «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атанды. Марапат биігінде Қазақстанның құрметті жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін, белгілі қаламгер, «Сарқан» газетінің директоры Жомарт Игіман, қоғам қайраткері, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт сынды тұлғалар бар.
Дастанбек САДЫҚ





