Талдықорған: +6°C
$ 451.05
€ 504.95
₽ 5.60
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР

«Қазақ барда әкем бар»

Бүгін, 08:30
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Қазақ барда әкем бар»
WhatsAppTelegramFacebook

Асылында, «тектінің тұяғы, асылдың сынығы» деген сөздің терең мағынасы бар. Әке даңқының даңғылына түсіп, оның атын ұлықтау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал туған жердің топырағын аңсап, атажұрттың әрбір бел-белесіне ыстық ықыласпен қарау жүрекке біткен ұлы қасиет болса керек. Қазақтың даңқты таэквондошысы Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслиханның Қазақстанға әр сапары елдің назарын өзіне аударып келеді. Әлеуметтік желіден көріп, бейнежазбаларын тамашалаған жұрт «Қан ғой, қан тартпай қоймайды» деп сүйсінеді. Әкесінің ізі қалған жерлерді аралап, оның тұтынған бұйымдарын көздің қарашығындай сақтап жүрген Неслихан ханымның әр қадамында сағыныш пен сауапты іс жатқандай. Кәсіби әншілікпен қатар қаламгерлікке ден қойған Неслихан Мұстафақызымен атажұртқа деген аңсар, әке аманаты және Мұстафа Өзтүріктің өшпес өнегесі жөнінде әңгімелестік.

– Әңгімеміздің әлқиссасын көңілдің түкпірінде жүрген бір сауалдан бастасақ. Бұған дейінгі сұхбаттарыңыздың бірінде: «Әкеміз тірі болғанда Қазақстанда тұратын едік. Әттең, өмірден озғаны біздің өмірімізді күрт өзгертіп жіберді» деген екенсіз. Арада қаншама жыл өтсе де Қазақстанға деген ықыласыңыз суыған жоқ. Елге жиі келіп, әкеңіздің ізі қалған мекендерді аралап жүрсіз. Көңіл түкпірінде біржола атажұртқа оралу арманы бар ма?

– Әрине, атажұртқа біржола оралу арманын жүрегімнің түкпірінде көптен бері сақтап келемін. Мен Германияда туып-өстім. Дегенмен Қазақстан мен үшін қай кезде де орны бөлек, қастерлі мекен. Өйткені бабаларымның кіндік қаны тамған жер, менің де тамырым тартқан топырақ – қазақ даласы. Әкем өмірден ерте озбағанда, бәлкім, қазір әлдеқашан Қазақстанда ғұмыр кешіп жатар едік. Дүниеден өтерінен аз уақыт бұрын әкем бізге туған жерімізге, өз Отанымызға қайтып оралатынымызды айтқан еді. Тіпті болашақта тұратын үйіміздің сызбасын көрсетіп, бөлмелерінің қалай орналасатынына дейін түсіндіргені есімде. Сол бір әңгіме әлі күнге дейін жадымда жатталып, көңілімде жаңғырып тұрады. Тағдырдың басқа арнаға бұрылғанын енді өзгерте алмаймыз. Әкемнің мезгілсіз қазасы отбасымыздың өміріне ғана емес, атажұртпен арадағы байланыстың өрісіне де өз таңбасын салды. Әйткенмен, өткенге өкінішпен телміре бергім келмейді. Қайта, алдағы ғұмырымды қалай өрнектеймін, келешегіме қандай із қалдырамын деген сауалдарға жауап іздеймін.

Бір күні Қазақстанға біржола қоныс аударып, осы елдің өркендеуіне, халқына өзімше болса да пайда келтірсем деген ниетім бар. Атамекенге деген перзенттік парызымды нақты іспен өтесем деймін. Әуелде Қазақстанға әкемнің өмір жолын танып, оның өткенін тереңірек зерделеу үшін келетінмін. Әке ізі қалған жерлерді аралап, ол туралы деректерді жинаған сайын, сапарларымның мәні де өзгере бастады. Уақыт өте келе іздегенім әкемнің өмірімен ғана шектелмейтінін аңғардым. Мен үшін Қазақстанның өзі, оның тарихы мен тағдыры, халқының болмысы, ата-бабамнан қалған рухани мұрасы да айрықша маңызға ие бола түсті. Сөйтіп, әке аманатына деген сағыныш бірте-бірте атажұртты тереңірек тануға деген құштарлыққа ұласты.

– Сізді жұрт кәсіби әнші ретінде таниды. Енді жазушылық жолға да қадам басып, әкеңіз туралы кітап жазудасыз. Бұл кітапты жазуға не түрткі болды? Әкеңіздің көпшілік біле бермейтін қандай қырларын ашуды мақсат еттіңіз? Еңбек қанша таралыммен жарық көрмек және Қазақстандағы оқырман оны қайдан таба алады?

– Музыка – менің жан серігім. Неміс және ағылшын тілдерінде ән айтып, әкеме арнап екі ән де жаздым. Алайда жүрегім Қазақстанға қарай біржола бұрыла бастаған тұста, өнердің осы саласы біраз уақытқа кейін шегінді. Дегенмен көкейімде бір арман бар: бір күні қазақ тілінде ән шырқап, жүрегімде қатталған сезімді туған тілдің құдіретімен жеткізгім келеді. Ол үшін қазақ тілін тереңірек меңгеріп, жан дүниемдегі сырды ана тілімізде төгілте айтатындай дәрежеге жетуім керек. Қазір домбыра тартуды да үйреніп жүрмін. Қолым қалт еткенде, бес минут болса да пернеге қол жүгіртіп, жаттығуға тырысамын. Домбыраның қоңыр үні мен үшін айрықша қымбат. Оның сазынан балалық шағымның елесі мен әкемнің рухын сезінгендей боламын. Шынын айтсам, әуелде кітап жазамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Бар болғаны әкемнің өмір жолын тереңірек танып, ол туралы ел білмейтін деректерді жинағым келді. Осы мақсатпен әкемнің көзін көрген, қадірін білген жандармен жүздесіп, әңгімелерін тыңдадым, көкейімдегі сауалдарға жауап іздедім. Әрбір естелік, әрбір дерек мен үшін өткеннің көмескі тартқан бетін ашқандай әсер қалдырды. Уақыт өте келе сол әңгімелерді ұмыт қалдырмай, қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманаттау қажеттігін аңғардым. Сөйтіп, әкем туралы ізденіс бірте-бірте кітап жобасына ұласты. Көпшілік әкемді спортшы, жаттықтырушы, қайсар мінезді батыр тұлға ретінде таниды. Тіпті оны «Ұлттың әкесі» деп атайтындар да бар. Мұның өзі оның ел жадында айрықша орын алғанын аңғартса керек. Алайда жұрт таныған қайраткер бейненің ар жағында отбасының тірегі болған жар, перзенттерінің маңдайынан сипаған әке, өз қуанышы мен мұңы, арман-аңсары бар қарапайым адам тұр. Мен кітапта әкемнің көпшілік біле бермейтін осы қырларын да ашқым келеді. Сонымен бірге оның өміріне қатысты әлі күнге дейін жауабы табылмаған сауалдар да бар. Сол түйткілдердің байыбына барып, ақиқатына жету – зерттеу жұмысымның бір парасы.

Жуырда Франкфурт кітап көрмесі аясында Қазақстанның ұлттық стендінде кітап жобамды алғаш рет таныстырудың сәті түсті. Қазақстанның Туы астында тұрып, әкем туралы әңгімелеу мен үшін жүрек толқытарлық, ғұмырымда ұмытылмас сәттердің бірі болды. Сол сәтте әкемнің бір кездері өзінің таэквондо командасымен тәуелсіз Қазақстанның Туы астында тұрып, ел намысын халықаралық аренада қорғағаны ойыма оралды. Әкем бір сұхбатында: «Еркектер де жылайды», – деген екен. Оның сол сөзінен туған жерінің туын көкке көтерген сәттегі толқынысын, жүрегін кернеген мақтаныш сезімін аңғаруға болады. Арада қаншама жыл өткенде, дәл сол тудың астында енді оның қызы тұрды. Әрине, әкемнің жолын спорт арқылы жалғаған жоқпын. Менің мақсатым да, мұратым да бөлек. Бірақ сол сәтте әкемнің кезінде қандай күй кешкенін аз да болса жан жүрегіммен сезінгендей болдым. Ол тәуелсіз Қазақстанның атынан әлемге танылса, мен сол елдің туы астында әкемнің өмірі мен өнегесін жұртқа таныстыру мүмкіндігіне ие болдым. Арамызды жалғаған көзге көрінбес бір рухани көпір бардай сезілді. Мұндай сәтті ұмыту мүмкін емес. Қазір де кітапты жазу және зерттеу жұмыстарымды жалғастырып келемін.

Ең басты тілегім – еңбектің әуелі қазақ тілінде жарық көруі. Өйткені бұл кітап, ең алдымен, әкемнің кіндік қаны тамған елдің оқырмандарына арналса деймін. Ал кітаптың нақты қашан басылып шығатыны мен таралымы әзірге белгісіз. Әлі де зерделейтін деректер, ақтарып қарайтын архивтер, сөйлесетін адамдар бар. Мен үшін ең маңыздысы – әкемнің өмір жолын барынша шынайы әрі тұтас жеткізу.

– Керемет! Тіпті, әкеңіздің «Жан тартпайды, қан тартады» деген сөзі сіздің өмір жолыңызбен астасып жатқандай. Жалпы Қазақстанға табан тіреген сайын бойыңызды қандай сезім билейді? Әкеңіздің табаны тиген жерлерді, өзі көрген өзен-көл мен кең даланы аралап жүргеніңізді байқаймыз. Сол сапарларда әкеңізге рухани тұрғыдан жақындай түскендей боласыз ба? Атажұрттың сіз үшін қадірі бөлек қай мекені бар?

– Иә, Қазақстанға табаным тиген сайын өзімді әкеме айрықша жақын сезінемін. Бұл сезім белгілі бір қаламен немесе мекенмен ғана шектелмейді. Тіпті елге бара жатқанда ұшақтың ішінде-ақ көңілімді әлдебір тылсым толқыныс билей бастайды. Айналама көз салып, өзіме ұқсас жүздерді көргенде, жүрегіме сөзбен айтып жеткізу қиын бір жылылық ұялайды. Ол адамдарды танымасам да баяғыдан білемін, ежелден ет жақынымдай көрінеді. Мұның себебін ақылмен таразылап түсіндіру қиын. Бәлкім, қанмен дарыған, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тектік тартылыс дегеніміз осы шығар.

Мен Германияда туып-өстім. Алайда Қазақстанға келген сайын, жат жұрттан өз жұртыма оралғандай күй кешемін. Көңіл түкпірінде көптен аңсаған сағыныштың табы бардай, жаным өзіне таныс мекенді қайта тапқандай болады. Мақаншы мен Бақтының орны мен үшін айрықша. Өйткені ата-бабамның тамыры сол топыраққа байланған. Ол өңірлерге деген ықыласымның жөні бөлек. Дегенмен Қазақ-станның бір өңірін екіншісінен артық көріп, бөліп-жарғым келмейді. Алматы ма, Астана ма, Атырау мен Семей ме, әлде ұлан-ғайыр даланың қойнауындағы шағын ауыл ма – осы уақытқа дейін табаным тиген әрбір мекен маған ыстық. Қай-қайсысынан да өз жұртымның лебін, ата-бабамның аманатын сезінгендей боламын. Әкемнің: «Жан тартпайды, қан тартады» деген сөзінің терең мағынасы осында жатқан шығар. Кейде адамға бір мекенді жақын тұту үшін сол жерде өткен балалық шақтың естелігі де, таныс адамдардың болуы да шарт емес. Жүректің әлдебір тылсым түйсігі сені сол жермен тамырластырып тұрады. Туған топырақтың тартылысы көзге көрінбегенімен, көңілге анық сезіледі.

– Қазір Германияның Мюнхен қаласында тұратыныңыз туралы мәліметтер кездеседі. Бүгінгі тіршілігіңіз қалай өріліп жатыр?

– Иә, отбасыммен бірге Мюнхен қаласында тұрамын. Өзім де осы шаһарда туып-өстім. Екі қыздың анасымын, жұмыс істеймін. Күнделікті тіршілігім отбасы қамы, қызмет пен жеке қызығушылықтарды қатар алып жүруге ұмтылатын көп әйелдің өмірінен онша алшақ емес шығар. Дегенмен соңғы екі жылда өмірімнің арнасы едәуір өзгерді. Бұрын көңілімнің түкпірінде бұғып жатқан сауалдар алдыңғы орынға шығып, әкемнің өмір жолын танып-білуге деген құштарлығым күшейе түсті. Әкем 40 жасында мәңгілік сапарға аттанды… Ал мен қырық жасымда өмірге енді ғана шын мәнінде көз аша бастағандаймын. Мұны жасымның толысуымен ғана түсіндіре алмаймын. Кейде адам белгілі бір белеске жеткенде, өзіне, шыққан тегіне, кешкен ғұмыры мен алдағы мақсат-мұратына бұрынғыдан бөлек көзбен қарай бастайды екен. Менің де әкемді тануға деген талпынысым өмірімнің жаңа бір парағын ашты.

Қолым қалт еткен сәттердің басым бөлігін кітап жазуға, дерек жинап, зерттеу жұмыстарына арнап жүрмін. Бір кездері өзімді жазушы ретінде елестетпеген едім. Енді, міне, әкемнің өмір жолын зерделеп, естеліктерді сабақтастырып, өткеннің көмескі тартқан тұстарына үңіліп жүрмін. Кейде осы ізденістің мені қай қиырға бастарын өзім де бағамдай алмай, терең ойға батамын. Бірақ ізгі ниетпен басталған істің өз жолы, өз межесі бар екеніне сенемін. Алдағы уақытқа межелеген бірнеше мақсатым мен көкейде жүрген арманым бар. Қолға алған ісімді баянды етіп, бастаған шаруамды соңына дейін жеткізгім келеді. Өйткені әкем бала күнімнен құлағыма құйып, санама сіңірген бір өсиет бар еді: «Бір істі бастасаң, соңына дейін жеткіз», – дейтін. Осы бірауыз сөз уақыт өткен сайын мен үшін терең мәнге ие болып келеді. Қазір де әр қадамымда әкемнің сол өсиетін жадымда жаңғыртып отырамын. Бәлкім, бүгінгі ізденісіме жігер беріп, жолымнан таймауыма медет болып жүргені де – әкемнен қалған осы аманат шығар.

– Биыл Астанаға келген сапарыңызда әкеңіздің көзі тірісінде пайдаланған құнды бұйымдарын түрлі көрмелерге ұсыну да ойыңызда бар екенін айтқан едіңіз. Сол ниетіңіз жүзеге асты ма? Мұстафа Өзтүріктің қандай заттары көпшілік назарына ұсынылды?

– Көшпелі көрме ұйымдастыру туралы ой әуелде әлеуметтік желідегі оқырмандарыма жолдаған ұсынысымнан туындады. Ең алдымен, отандастарымның пікірін білгім келді. Әкемнің көзі тірісінде тұтынған жеке заттарын Қазақстанның әр қиырындағы қалаларда көрмеге қою жөніндегі ойымды ортаға салып, жұртшылықтың көзқарасын сұрадым. Менің пайымымша, әр адамның көрме тамашалау үшін Алматыға немесе Астанаға ат басын бұруға мүмкіндігі бола бермейді. Ал Қазақстанның шалғайдағы шағын қалалары мен ауылдарында да әкемді білетін, оның өмір жолы мен өнегесіне қызығатын жандар, әсіресе, жас буын аз емес. Бәлкім, солардың да әкемнің тұтынған бұйымдарын өз көзімен көріп, оның өмір сүрген ортасын жақынырақ танығысы келетін шығар. Ендеше, жұртшылықтың өзі іздеп келуін күтпей, құнды мұраны халықтың ортасына апарсақ деген ой келді. Көшпелі көрме ұйымдастыру жөніндегі бастамам осындай ниеттен өрбіді.

Отандастарымның ұсынысымды жылы қабылдап, қолдау білдіргені мені ерекше қуантты. Әлеуметтік желіде көптеген адам өз ықыласын танытып, бұл бастаманың жүзеге асуын қалайтынын жеткізді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігімен байланыс орнатып, көрменің тұжырымдамасын да ұсындым. Ендігі кезекте оны ұйымдастырудың жай-жапсарын пысықтап, тиісті жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Ниетіміз қабыл болып, бұл жобаны таяу уақытта жүзеге асыруға мүмкіндік туады деп үміттенемін. Мен үшін мұның мәні әкемнің жеке заттарын көпшілікке таныстырумен ғана шектелмейді. Мен келешек ұрпақтың әкемнің: «Чемпион болу оңай, бірақ адам болу қиын», – деген сөзінің байыбына барып, мән-мағынасына үңілгенін қалаймын. Бұл сөздің астарында үлкен өмірлік тағылым жатыр. Жеңіс тұғырына көтерілу, биік белесті бағындыру, елдің алғысына бөлену – қажыр-қайрат пен табандылықты қажет етеді. Алайда адамдық қалпыңды сақтау, ар-ұжданға адал болу, кісілік қасиетті жоғалтпау одан да үлкен сын. Әкемнің осы бір өсиеті уақыт озған сайын өз мәнін тереңдете түседі. Мен оның мұрасы ұрпаққа жетіп, жастарды адамдықтың ақ жолы туралы ойландырса екен деймін. Өйткені адамның шын қадірі бағындырған биігімен ғана емес, артында қалдырған өнегесімен де өлшенеді.

– Биыл 25 мамырда Instagram парақшаңызға Алматыдағы Мұстафа Өзтүрік көшесінде тұрған сәтіңізді бейнелейтін жазба жарияладыңыз. Сол бейнежазбаға жұртшылық ерекше ықылас танытып, сіздің толқынысыңызға ортақтасты. Әкеңіздің атын иеленген көшеде тұру сізге қандай әсер сыйлады? Бұдан өзге Қазақстанда әкеңіздің есімімен немесе мұрасымен байланысты қандай оқиғаларға куә болдыңыз?

– Алматыдағы әкемнің есімі берілген көшеде тұрған сәтім мен үшін, оның қызы ретінде, айрықша толқынысты болды. Әкемнің аты жазылған тақтайшаға көз салғанда, жүрегімді мақтаныш пен сағыныш қатар тербеді. Кейбір азаматтар Алматыдағы Мұстафа Өзтүрік көшесінің тым шағын екенін, әкемнің бұдан да үлкен даңғылға лайық тұлға екенін айтып жатады. Тіпті тұтас бір қаланың атын әкемнің есімімен атау жөнінде пікір білдіретіндер де бар. Әкеме деген осындай құрметі мен ыстық ықыласы үшін баршасына шын жүректен алғыс айтамын.

Алайда мен үшін көшенің ұзындығы немесе тұтас бір қаланың әкемнің атымен аталуы шешуші мәселе емес. Ең әуелі, сол есімнің иесі болған адамның кім екенін, елге сіңірген еңбегі мен артында қалдырған өнегесін жұртшылықтың қаншалықты білетіні маңызды. Өйткені есімді көше бойына жазу бір басқа да, сол есімнің мәнін халықтың жадында жаңғыртып, кейінгі буынның санасына сіңіру бір басқа. Бұл ойым тек әкеме қатысты емес. Қазақ даласында елінің еңсесін көтеріп, жұртына қалтқысыз қызмет еткен талай ардақты тұлғаның есімі көшелерге, мектептерге және өзге де нысандарға берілген. Мұның өзі – өткенге көрсетілген құрметтің, тарихи жадыға деген тағзымның белгісі. Қазақстанға жасаған сапарларымда көңілімнің түкпірінде ұзақ сақталған кездесулер мен оқиғалар аз болған жоқ. Солардың ішінен біреуін ғана бөліп алып айту қиын. Әсіресе әкемді көзі тірісінде көріп, дидарласқан, тағдыр жолында жүздескен адамдармен қауышқан сәттерім мені ерекше тебірентеді. Олардың аузынан бұрын-соңды естімеген оқиғаларды тыңдап, әкемнің өміріне қатысты тың деректерге қанығамын.

Кейде бір адамның естелігі талай жылғы сағыныштың пердесін түріп, әкемнің бейнесін көз алдыма қайта әкелгендей болады. Мені қайран қалдыратын тағы бір жайт бар. Бүгінде Қазақстанда өздері де елге танылып, абырой-беделге ие болған азаматтардың кейбірі әкеммен бір кездері қол алысып амандасқанын немесе оны алыстан болса да көргенін ерекше мақтанышпен еске алады. Олар үшін сол бір сәттің өзі бағалы естелікке айналған. Арада қаншама жыл өтсе де сол жүздесуді ұмытпай, әкем туралы ықыласпен әңгімелеп отырғандарын көргенде, кейде толқығаннан сөз таба алмай қаламын. Бір сәттік жүздесудің адам жадында осыншалықты ұзақ сақталып, тұтас бір ғұмырдың қымбат естелігіне айналатыны таңғалдырады. Осындай кездерде қазақтың «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген қанатты сөзі ойыма оралады. Бұрын да естігеніммен, осы сөздің тереңіне енді бойлап, байыбына жете бастағандаймын. Әкеңді өзіңнен артық білетін, оның жүрген жолына куә болған, мінезін танып, қадіріне жеткен жандардың аузынан ол туралы естелік тыңдау – орны бөлек бақыт екен. Олар арқылы әкемнің өзім көрмеген қырларын танып, өмірінің беймәлім белестеріне үңілемін. Сөйтіп, сағыныштың орнын бір сәтке болса да рухани жақындық басқандай болады.

Әкемнің дүниеден озғанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Соған қарамастан, Қазақстанға әр сапарымда маған қайта-қайта: «Қазақ барда, сенің әкең де бар», – деп айтып жатады. Осы бірауыз сөздің өзінде қаншама мағына, қаншама мейірім мен мәрттік жатыр десеңізші?! Бұл – әкемнің есімі ел жадынан өшпегенінің, оның рухы халықтың ықыласы мен құрметінде өмір сүріп келе жатқанының айғағы. Әрине, мұндай сөздерді әке жүрегін аңсаған қыз ретінде естігенде, сезімімді сөзбен жеткізу оңай емес. Кейде тұла бойым шымырлап, көңілімді сағыныш кернейді. Бір жағынан, әкемнің орнын ешкім толтыра алмайтынын сезінсем, екінші жағынан, оны өз әкесіндей құрметтеп, қадір тұтатын қалың жұрттың бар екенін көріп, жүрегіме жұбаныш табамын. Мен үшін әкемнің ең үлкен мұрасының бірі де осы шығар: оның есімімен бірге адамдық болмысы, елге сіңірген еңбегі мен өнегесі халық жадында сақталған. Сондықтан әкемді ұмытпай, оның атын ардақтап, маған ықылас танытып жүрген барша отандасыма шексіз ризашылығымды білдіремін. Жылдар жылжығанымен, адамға деген шынайы құрметтің көмескі тартпайтынын, жақсы есімнің ел жүрегінде жасай беретінін Қазақстанға келген сайын тереңірек ұғынамын.

– Уақыт бөлгеніңізге алғыс айтамын!

Әңгімелескен Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ

Қатысты жаңалықтар

Үкімет: Қазақстанда газға қолжетімділік 80%-ға дейін артады

Алты үйге газ тартылды

Бүгін, 11:30
Тәуелсіздік тұғыры

Тәуелсіздік тұғыры

Бүгін, 09:30
«Қазақ барда әкем бар»

«Қазақ барда әкем бар»

Бүгін, 08:30
NVIDIA жетекшісі Президенттің стратегиялық мақсатын жоғары бағалады

NVIDIA жетекшісі Президенттің стратегиялық мақсатын жоғары бағалады

24 қазан 2026
Президент:   «Республика күні –  жалпыұлттық сипаты бар мереке»

Президент:   «Республика күні – жалпыұлттық сипаты бар мереке»

23 қазан 2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.