Өңір тәртіп сақшылары өткен тоғыз айды қорытындылады. Атқарылған істің нәтижесі көңіл көншітеді. Қылмыс азайған. Қоғамдық қауіпсіздік қалыптасқан. Облыстық полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсайынов әрбір құқық қорғаушы бұл нәтижеге тоқмейілсуге болмайтынын да жеткізді. Өйткені, Мемлекет басшысы бастамасымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда толық салтанат құрмайынша тәртіп сақшылары қарымды қарекетте болуы керек.
Қорытынды жиынның шымылдығы қызметте нәтижелі жұмыс пен оңтайлы қызмет еткен қызметкерлерді марапаттаумен түрілді. Әуелі саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнап, ел тыныштығын күзету жолында аянбай еңбек еткен бірнеше тәртіп сақшысы салтанатты түрде құрметті еңбек демалысына жіберілді. Биыл жыл көлемінде қажырлы еңбек еткен учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция қызметкерлері және туристік мезгілде қырағылық көрсеткен, шомылу маусымында Алакөл мен Балқаш көлдерінде қауіпсіздікті қамтамасыз еткен тәртіп сақшылары да марапат биігіне шықты. Сонымен қатар арнайы жедел әрекет ету жасағы қызметкерлерінің спорттағы жетістіктері де назардан тыс қалмады. Әмбебап жекпе-жектен 95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өткен жарыста Мақсат Оңалбаев екінші, ал Мәди Досмұхамбетов бірінші орынды иеленді. Екі спортшы да Түркияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алған еді.
Мұнан соң жыл басынан атқарылған жұмыстар сараланды. Жиын барысында құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Өткен тоғыз айда ұрлық 16,5 пайызға, интернет-алаяқтық 20,4 пайызға азайған. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 11,3 пайызға, ал көшелердегі қылмыс 19,9 пайызға төмендеген. Аймақтың тәртіп сақшылары есірткі қылмысымен күресте едәуір нәтижеге қол жеткізген. Есепті кезеңде құқық қорғаушылар 647 келі есірткі затын тәркілеп, заңсыз айналымнан шығарған. Табанды еңбектің нәтижесінде 2 есірткі зертханасы анықталды. Тергелген қылмыстық істер бойынша келтірілген мүліктік залалдың шамамен 1,6 млрд. теңгесі өндірілген. Яғни бұл жалпы соманың 90,7 пайызы.
Облыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да ауыз толтырып айтар қарекет бар. Есепті кезеңде жол-көлік оқиғалары 3,3 пайызға, ал жол апаты салдарынан қаза тапқандар саны 11,2 пайызға азайған. Жыл басынан бері полицейлер қоғамдық қауіпсіздік саласындағы 55 мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолын кесіпті.
Кеңестің маңызды бөлігінің бірі тәлімгерлер мен тәлімгерлік кеңесінің қатысуы болды. Олардың басты қызметі – жас мамандарға кәсіби тәжірибе беру, қызметтік тәртіпті нығайту және қызметке жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру. Жиын соңында жеке құрамға Ішкі істер министрінің тапсырмалары жүктелді.
Дастанбек САДЫҚ





