Талдықорған: +6°C
$ 451.05
€ 504.95
₽ 5.60
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР

Жалғызағаштың жаңа тынысы

24 қазан 2026
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жалғызағаштың жаңа тынысы
WhatsAppTelegramFacebook

Ауылдың тынысын алыстан болжап, сырттай бағамдау қиын. Оның шынайы болмысын елдің күнделікті тіршілігінен, маңдай термен атқарылған еңбектен, халықтың тұрмысынан, шешімін күткен мәселелер мен жүзеге асып жатқан игі істерден көруге болады. Сондықтан баспасөзге жазылу науқаны аясында аудан ауылдарын аралап, елдің тыныс-тіршілігіне көз жеткізудің маңызы зор. Ескелді ауданына барған сапарымызда осыны тағы бір мәрте аңғардық.

Әр ауылдың өзіне тән тіршілігі, өзекті мәселесі, алға қойған мақсаты бар. Бір жерде егіннің жайы сөз болса, енді бір елді мекенде төрт түліктің қамы мен кәсіптің жайы айтылады. Әлеуметтік нысандардың жағдайы, инфрақұрылымның жаңаруы, жастардың болашағы да ауыл өмірінің ажырамас бөлігі. Ал осының бәрін бір арнаға тоғыстыратын ортақ күш елдің еңбегі мен туған жерге деген жанашырлығы.

Аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі – ауыл шаруашылығы. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 15,3 миллиард теңгеге жеткен. Осы кезеңде 53,5 мың гектар жерге егіс егілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,8 миллиард теңгені құраса, негізгі капиталға 13,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіштердің артында ауылдағы қарапайым еңбек адамдарының күн сайынғы маңдай тері жатыр. Сол еңбектің бір көрінісін Жалғыз-ағаш ауылдық округінің тыныс-тіршілігінен де анық байқауға болады.

Округ құрамына Биғаш елді мекені кіреді. Таулы өңірдегі ауыл халқының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Бүгінде мұнда 48 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Соңғы 3 жылда округ тұрғындарының саны да өскен. Ауыл үшін бұл елеулі көрсеткіш. Себебі елді мекеннің болашағын ең алдымен оның тұрғындарының саны мен тұрақты тіршілігі айқындайды.

ЖАЛҒЫЗАҒАШТЫҢ бүгінгі жайын сөз еткенде ауыл әкімі Диас Сапарғалиевтың еңбегіне тоқталмай өту мүмкін емес. Оның ауылды дамытуға деген көзқарасының бір ерекшелігі бұл өңір оған жай ғана қызмет орны емес, туған жері.

Диас Асқарұлы осы ауылда дүниеге келіп, ержеткен. Үш жыл бұрын тұрғындардың қолдауымен ауыл әкімі болып сайланған.

– Бұл – менің туған ауылым. Сондықтан тұрғындардың мұң-мұқтажын, ел үшін қандай мәселенің маңызды екенін жақсы білемін. Әкім болып сайланғаннан кейін ең алдымен ауылды көркейтуге, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға күш салуды мақсат еттім. Халықтың сенімін ақтау – мен үшін басты міндет, – дейді ол.
Ауылда қолға алынған жұмыстардың бір бағыты әлеуметтік нысандарды жаңартуға арналды. Бұрын әкімдік ескі ғимаратта орналасып, сол жерде Мәдениет үйі мен ветеринарлық қызмет мамандары да отырған. Қазір ауылда жаңа әкімдік ғимараты бой көтеріп, қызметкерлер үшін қажетті жағдай жасалған. Ғимарат жаңа жиһаздармен және компьютерлік техникамен жабдықталған.

Мәдениет үйі мен ветеринарлық стансысы да жеке ғимараттарға көшірілген.

Ауыл тұрғындары үшін аса маңызды әлеуметтік нысандардың бірі өткен жылы пайдалануға берілген фельдшерлік-акушерлік пункт. Жаңа медициналық нысан Жалғызағаш пен Биғаш ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мұнда акушерлік, физиотерапия және балаларға арналған екпе кабинеттері жұмыс істейді.
Фельдшер Гүлнар Қанағатованың айтуынша, жаңа ғимарат ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейткен.

– Екі елді мекеннің тұрғындарына қызмет көрсетеміз. Аптасына екі мәрте консультативтік дәрігер Елдар Қайнаржанұлы келіп, қабылдау жүргізеді. Ұжымда жеті адам еңбек етеді. Екі медбике, фельдшер, акушер, тазалықшы, жүргізуші және аула сыпырушы бар. Қазіргі таңда тұмауға қатысты тұрғындар қажетті екпені толық алды. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген, – дейді маман.

АУЫЛДЫҢ әлеуметтік ахуалын мәдени өмірінен де аңғаруға болады. 2024 жылы пайдалануға берілген жаңа Мәдениет үйі бүгінде Жалғызағаштағы рухани-мәдени шаралардың орталығына айналған. Мұнда домбыра, би және қол- өнер үйірмелері жұмыс істейді. Әсіресе ұлттық өнерді дәріптеуге ауыл тұрғындарының ықыласы ерекше. Ақ жаулықты әжелерден құралған ансамбль түрлі мәдени шараларда өнер көрсетіп, ұлттық өнердің өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүр.

Мәдениет үйінің меңгерушісі Еркебұлан Мұсабековтің айтуынша, мекемеде 8 адам еңбек етеді.

– 2024 жылы ашылған жаңа ғимарат ел игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Ауылда өтетін әрбір мерекелік, мәдени шара Мәдениет үйінің назарынан тыс қалмайды. Ең қуаныштысы – ауылдың жасы да, кәрісі де мәдени шараларға белсенді атсалысады. Бұл біз үшін үлкен қолдау, – дейді ол.

Жалғызағаштағы тіршіліктің негізгі өзегі – ауыл шаруашылығы. Соның ішінде мал өсірудің үлесі басым.

«БИМҰРАТОВ» шаруа қожалығының төрағасы Айхан Бимұратов кәсібін 18 жасында бастаған. Бүгінде ауыл шаруашылығындағы еңбек өтілі 32 жылға жеткен. Ата-анасының қолдауымен бастаған кәсібін жылдар бойы дамытып, шаруашылығын кеңейткен. Қазір қожалықта 300-ге жуық ірі қара және ұсақ мал бар. Жайылымдық, тәлімдік жерлерімен бірге 16 гектар суармалы жері бар. Он шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

– Отыз екі жылда талай қиындықты бастан өткердік. Дегенмен еңбектің арқасында жеткен жетістігіміз аз емес. Менің ұстанымым – «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – дейді Айхан Бимұратов.

Алайда ауыл шаруашылығында өнім өндірумен қатар, оны өткізу мәселесі де маңызды. Шаруа 2 жыл бұрын қант қызылшасын егіп, өнімді қант зауытына өткізу кезінде қиындыққа тап болғанын айтады.

– Төрт күнде бір «КамАЗ» ғана қызылша өткіздік. Қант зауытына қаншама көлік кезек күтіп тұрады. 280 гектар жердегі қызылша қазылмай жерде қалды. Несие рәсімдеп, өнім аламыз деп едік. Өзіміз шығынға баттық, – дейді шаруа.

Қазір шаруашылық картоп өсіруге көшкен. Жиналған өнім чипсы өндіретін кәсіпорынға өткізіледі.

Шаруаның бұл сөзі ауыл шаруашылығының сырт көзге көрінбейтін қырларын аңғартады. Егін егу істің басы ғана. Одан кейін өнімді күтіп-баптау, жинау, сақтау, тасымалдау және өткізу секілді жауапты кезеңдер жалғасады.

ЖАЛҒЫЗАҒАШТАҒЫ еңбекпен ұштасқан кәсіптің тағы бір түрі – ұлттық қолөнер. Жаркенттің тумасы Ерқанат Жексенбиев 2017 жылдан бері ат-әбзелдерін жасап келеді. Осы ауылға көшіп келгеніне 3 жыл болған.

– Жылқы малына деген қызығушылықтан осы істі қолға алдық. Былайша айтқанда, атакәсіп қой. Ат-әбзелдерінің барлық түрін жасаймыз. Біздің бұйымдар сатылымда, экспортқа шығады, – дейді шебер.

Белгілі шабандоз Хамза Амангелдінің ер-тұрмандарын да ауыл шеберлері жасап береді. Қазір Ерқанат Айдос есімді азаматпен бірігіп жұмыс істейді. Тапсырыс көлеміне қарай бір күнде 20-30 тоқым жасауға болатынын айтады.

Әзірге бұл кәсіп қосымша жұмыс болғанымен, ауылдағы ұлттық қолөнердің қайта жаңғыруына жол ашты. Ұмыт бола бастаған дәстүрлі өнердің кәсіпке айналуы – әрі мәдени мұраны сақтаудың, әрі табыс көзін қалыптастырудың тиімді тәсілі.

Округте атқарылып жатқан игі істермен қатар шешімін күткен мәселелер де бар. Соның бірі – ауызсу жүйесі.

Ауылдағы су құбыры 1968 жылы салынған. Кеңес дәуірінен қалған желіні жаңарту қажеттілігі туындағандықтан, 2023 жылы арнайы жоба бекітіліп, жұмыстар қолға алынған. Жоба толық аяқталса, су желісі әр үйдің қақпасына дейін жеткізілмек. Сонымен бірге газдандыру жұмыстары да бастау алған. Қазіргі таңда жобаның 65 пайызы орындалған. Жеті көшенің барлығына газ құбырын тарту жоспарланып, 279 үйді көгілдір отынмен қамту көзделген.

– Газдандыру жұмыстарының сапалы әрі жүйелі жүргізілуіне мән берудеміз. Инженерлік желілер тартылғаннан кейін қайта қазу, қосымша шығын келтіру сияқты мәселелер тумауы үшін жұмыстарды өзара келісім негізінде жүргізудеміз. Жоспарымыз – 2027 жылға қарай ауыл тұрғындарын көгілдір отынның игілігіне жеткізу, – дейді ауыл әкімі.

Соңғы 3 жылда ауылдағы жарық бағаналарының саны да едәуір артқан. Бұрын 68 жарық бағанасы болса, қазір олардың саны 210-ға жеткен. Елді мекен көшелерінің 60 пайызы жарықтандырылған. Алдағы уақытта ауылды толық жарықтандыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ аудандық РЭС қызметкерлері ескі 10 мың вольттық электр бағаналарын жаңа бетон тіректерге ауыстыруда. Келесі кезеңде 0,4 кВ ішкі электр желілерін жаңарту көзделген. Электр желілеріне кедергі келтіретін ағаш бұтақтары да санитарлық талаптарға сәйкес ретке келтірілмек.

– Электр жарығының тұрақты болуы тұрғындар үшін маңызды. Аудандық РЭС қызметкерлері ауылдағы ақауларды жедел қалпына келтіруге күш салып келеді. Қазір желілерді жаңарту арқылы электрмен қамтудың сапасын арттыруға басымдық берілуде, – дейді Диас Асқарұлы.

АУЫЛДЫҢ ертеңін білім ордасындағы бала санынан да бағамдауға болады. Жалғызағаш орта мектебі 270-300 оқушыға есептелген. Қазір білім ордасында 240 бала білім алса, оның 28-і мектепалды даярлық сыныбында, 212-сі 1-11-сыныптарда оқиды. Өткен оқу жылында мектеп бітірген 8 түлек мемлекеттік грант иеленген. Олардың арасында «Алтын белгі» иегері мен үздік аттестат алған түлек те бар.

Биыл мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, терезелер ауыстырылған, жарықтандыру жүйесі жаңартылған. Биғаш ауылының балалары да Жалғызағаштағы білім ордасында оқиды. Екі елді мекеннің арасы шамамен 3 шақырым болғандықтан, автобус оқушыларды күн сайын мектепке жеткізіп, сабақтан кейін үйлеріне апарады. Бұл ауылдағы білім алушылар үшін жасалған жағдайдың бір көрінісі. Ал білімді ұрпақ қай елді мекеннің де ең басты капиталы.

Округте ауыл экономикасын әртараптандыру мақсатында жаңа кәсіп түрлерін дамытуға да көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда ауыл тұрғыны Ерлан есімді азамат балық шаруашылығын қолға алып, шағын тәжірибелік жобасын жүзеге асыруда.

– Ауылдың инфрақұрылымы жақсарған сайын жаңа кәсіп бастауға да мүмкіндік көбейеді. Алдағы мақсатымыз – инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Балық шаруашылығын қолға алып жатқан азаматымыздың тәжірибесі бар. Осындай шағын жобалардың өзі келешекте кеңейіп, ауыл экономикасына үлес қосса деген ниеттеміз, – дейді ауыл әкімі.

Жаңа нысандардың ашылуы да ауылдағы жұмыспен қамтуға әсер еткен. Мәдениет үйінде сегіз, ветеринарлық стансыда жеті адам еңбек етеді. Бұйырса, Республика күніне орай ашылатын өрт сөндіру бекеті толық іске қосылғаннан кейін тағы төрт азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылдың өз түлегі туған жеріне оралып, мектепте еңбек етуде. Бұл ауылға маман тартудың ғана емес, туған жердің түлегін елге қызмет етуге ынталандырудың да бір көрінісі.

ЖАЛҒЫЗАҒАШТЫҢ бүгінгі тынысына қарап, ауыл өмірін бір ғана ұғыммен сипаттау мүмкін емес. Мұнда мал шаруашылығы да, егіншілік те бар. Ұлттық қолөнер де, жаңа кәсіпке деген талпыныс та қатар өрістеп келеді. Әлеуметтік нысандар жаңарып, инженерлік желілер кезең-кезеңімен жөнделуде. Әрине, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Ескі су құбырын жаңарту, газдандыру жұмыстарын аяқтау, электр желілерін толық жаңғырту алдағы кезеңдегі маңызды міндеттер. Дегенмен ауылдың басты байлығы оның адамдары. Шаруаның жерге сіңірген маңдай тері, шебердің атакәсіпке деген адалдығы, медицина қызметкерінің ел денсаулығына деген жауапкершілігі, ұстаздың бала болашағына қосқан үлесі ауыл келбетін қалыптастырып отыр. Ал осындай еңбекті елге жеткізу баспасөздің басты міндеттерінің бірі. Газет арқылы ауылдағы жақсы бастама көпшілікке жетеді. Шешімін күткен мәселе назарға ұсынылады. Еңбек адамының еңбегі еленеді. Елді мекеннің тыныс-тіршілігі алыстағы оқырманға таныстырылады. Сондықтан баспасөзге жазылу жай ғана газетке жазылу емес, өз өңіріңнің тыныс-тіршілігінен хабардар болу, елдің сөзін оқу, ауылдың үнін есту, туған жердегі жаңалыққа ортақтасу.

Жалғызағаш ауылында жаңарған нысан ғана емес, жаңаруға ұмтылған ниет, жаңа кәсіпке талпыныс, атакәсіпке деген құрмет, ең бастысы туған жердің ертеңіне бейжай қарамайтын ел бар. Ал ауылдың ертеңі бүгін атқарылған істің нәтижесімен өлшенбек.

Сарби ӘЙТЕНОВА

Қатысты жаңалықтар

Өнер өрге жүзген кеш

Өнер өрге жүзген кеш

24 қазан 2026
Жалғызағаштың жаңа тынысы

Жалғызағаштың жаңа тынысы

24 қазан 2026
Журналистер де баспаналы болады

Баспана бақыты

24 қазан 2026
Тамыры терең Тәуелсіздік

Ел егемендігінің бастауы

24 қазан 2026
Емхана – ел игілігіне

Емхана – ел игілігіне

24 қазан 2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.