Талдықорған қаласында отандық өндірістен шыққан жаңа автобустар таныстырылды. Семей қаласындағы Daewoo Bus Kazakhstan автозауытынан жеткізілген автобустарды «Майка Инвест» ЖШС сатып алуды жоспарлап отыр. Жаңа техниканы таныстыруға Талдықорған қаласындағы сегіз тасымалдаушы компанияның өкілдері мен банк мамандары қатысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесу барысында автобустардың техникалық сипаттамасы, жабдықталуы мен мүмкіндіктері таныстырылды. Қалаға екі түрлі автобус ұсынылды. Оның бірі дизель отынымен жүрсе, екіншісі табиғи газбен жүреді. Газбен жүретін Skywell NJL6108HN автобусының жолаушы сыйымдылығы – 80 адам. Ал дизельді Skywell NJL6856H автобусы 47 жолаушыға арналған. Екі автобус та жолаушылар тасымалына қажетті жабдықтармен қамтылған.
«Майка Инвест» ЖШС директоры Жеңіс Молдәлімнің айтуынша, автобустарды сатып алу үшін тиімді қаржыландыру шарттарын ұсынатын банк таңдалады. Кездесуге келген банк өкілдері өздерінің талаптары мен ұсыныстарын таныстырды. Енді тараптар өзара келісімге келіп, келісімшарт жасау арқылы автобустарды сатып алу мәселесін пысықтамақ.
«Біз үшін басты басымдық – тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсету және шаһар экологиясын сақтау. Отандық өнім саналатын бұл жаңа автобустар барлық заманауи талаптарға сай. Қазіргі уақытта банк өкілдерімен келіссөздер жүргізілуде. Тиімді ұсынысты таңдап, келісімшартқа отырған соң, жаңа автобустарды сатып алуды жоспарлап отырмыз», – деді Жеңіс Молдәлім.
Айта кету керек, «Майка Инвест» ЖШС отандық автобустарды өз паркіне қосуды көздеп отыр. Жаңа автобустардың қатарға қосылуы Талдықорғандағы қоғамдық көлік сапасын арттырып, жолаушыларға көрсетілетін қызметті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Жаңа автобустардың ішінен газбен жүретін үлгісі Талдықорған үшін тиімді шешімдердің бірі саналады. Өйткені табиғи газбен жүретін көлік экологиялық жағынан тиімді әрі қоршаған ортаға түсетін салмақты төмендетуге мүмкіндік береді. Отандық өндірістен шыққан заманауи автобустарды сатып алу қаладағы қоғамдық көлік сапасын жақсартуға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болмақ.




