Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл өзгеріс 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджет саласында жұмыс істейтін 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Президенттің сөзінше, ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеру жұмыстары жалғасады. Бұл ретте әлеуметтік саясатты жетілдіру және азаматтардың табысын арттыру маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы алғашқы медициналық көмек көрсету жүйесін дамытуға және емханаларда жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруға қатысты тапсырма берді.
Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік медициналық қызмет мамандарының еңбекақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеру көзделген. Бұл шара 77 мыңнан астам маманның табысын арттыруға бағытталған.
Президент алғашқы медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, салаға бөлінетін қаржыны біртіндеп арттыру қажеттігін де атап өтті.





