Әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен орта және ұзақ мерзімді даму жоспары болуы тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президенттің сөзінше, ауыл-аймақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлінгенімен, қалалар да экономиканың, білім мен технологияның негізгі орталығы саналады. Сонымен қатар олар таланттарды шыңдап, адами әлеуетті арттыруда маңызды рөл атқарады.
«Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз. Алайда қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн», – деді Президент.
Мемлекет басшысы қала ресурстарын тиімді басқару үшін Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ қалалардың қауіпсіз, жайлы әрі көрікті болуына басымдық беру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл міндет «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасының талаптарына толық сәйкес келеді.
«Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап. Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





