2029 жылдың соңына дейін Қазақстанда әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президенттің айтуынша, Үкімет елдегі инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған ауқымды жоспар әзірлейді. Оның аясында барлық өңірде әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып, қолданыстағы инфрақұрылым жаңартылады.
«Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 трлн теңге қарастыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Ол Ұлттық қор қаражаты тиімді жұмсалып, оның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы керектігін атап өтті.
Қандай нысандар салынады?
Жоспарға сәйкес, өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек станциялары, балаларды оңалту орталықтары және ерекше балаларға арналған спорт залдары бар.
Сонымен бірге 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға да басымдық беріледі. Атап айтқанда, көптеген елді мекенге газ бен таза ауыз су жеткізу көзделген.
Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеп, оған еліміздің барлық өңірін қамтуға тиіс.
Бағдарлама «Халықтық құрылыс» деп аталады
Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастаманы «Халықтық құрылыс» деп атауды ұсынды. Оның пікірінше, бағдарлама азаматтардың әл-ауқатын арттырып, кәсіпкерліктің дамуына және ұлттық экономиканың жандануына ықпал етеді.
«»Халықтық құрылыс“ бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ», – деді Президент.
Сондай-ақ бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан экономикасы туралы не айтылды?
Жолдауда Мемлекет басшысы ел экономикасының негізгі көрсеткіштеріне де тоқталды. Оның айтуынша, Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 млрд долларға жуықтайды. Жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады.
Экономика көлемі бойынша Қазақстан әлемде 47-орынға көтеріледі. Ал өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14%-дан асқан.
Бұған қоса, елдің алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемі 130 млрд доллардан асып отыр.
Мемлекет басшысы қолда бар экономикалық әлеуетті инфрақұрылымды жаңғыртуға және өңірлерді дамытуға тиімді бағыттау қажеттігін атап өтті.





