Қазақстанға визасыз режиммен келетін шетел азаматтары үшін арнайы QazETA электронды рұқсатын енгізу тәртібі күшіне енді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Еліміздің әуе көлігі саласындағы отандық FlyArystan компаниясы саяхатшылар мен қонақтарға жаңа цифрлық талаптардың қалай жұмыс істейтінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Бұл жаңашылдық еліміздегі шекаралық бақылау ашықтығын қамтамасыз етіп, көші-қон үдерістерін реттеу мен заңсыз миграцияның алдын алуды мақсат етеді. Сандық технологияларды енгізу халықаралық туризмді дамытуға әрі қауіпсіздік деңгейін арттыруға оң ықпал етеді.
Жаңа шарттар 2026 жылғы 24 қазаннан бастап ресми қолданысқа енгізілгенімен, азаматтар мен шекара кызметтерінің бейімделуі үшін жүйе кезең-кезеңімен іске қосылады.
Шетелдік азаматтар сапарға шықпас бұрын мынадай басты ережелерді ескеруі тиіс:
-
Тегін әрі онлайн: QazETA рұқсаты арнайы цифрлық платформа немесе мобильді қосымша арқылы тегін рәсімделеді.
-
Жарамдылық мерзімі: Бұл электронды рұқсат рәсімделген күннен бастап 180 күнтізбелік күн бойы өз күшінде сақтайды.
-
Өтініш беру уақыты: Саяхатшылар Қазақстанға келуді жоспарлаған мерзімнен кем дегенде 72 сағат бұрын өтінім жіберіп, жеке басын растауы шарт.
-
Шекарадан өту: Елге кіру кезінде тиісті рұқсат тіркелген паспортты көрсету жеткілікті.
Жүйенің толыққанды жұмыс істеуі біртіндеп жүзеге асады. Бастапқы уақытта 2026 жылғы 1 қарашадан бастап Ақтау халықаралық әуежайында тексеріледі. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Астана мен Алматы әуежайларына, 2027 жылғы 1 наурыздан бастап қалған өткізу бекеттеріне таратылады.
Өтпелі кезеңде рұқсаты жоқ азаматтардың елге кіруіне бірден тыйым салынбайды. Ма мамандар оларға жүйенің маңызы мен оны рәсімдеу жолдарын түсіндіреді. Алайда 2027 жылғы 1 шілдеден бастап QazETA толықтай міндетті құжатқа айналып, онсыз шекарадан өту мүмкін болмайды.


