«Туған жерге туыңды тік» деген нақылды Жаркенттегі «MURA зияткерлік мектебінің» негізін қалаушы Алмас Тоқсанбай тұсбағарындай санайды. Туған жерінің әлеуетін көтерумен қатар, білім аламын деген жас буынға жан-жақты қолдау көрсетуді азаматтық парызы санап, аталмыш мектепті 2024 жылы ашқан.
Мектепте пәндерді тереңдете оқытуға, сонымен қатар бүгінгі күні өзекті болып отырған ағылшын және қытай тілдерін меңгеруге басымдық танытылады. Оқушыларға берілетін білімнің салмағына сай, оларға қойылатын талап та жоғары. Мәселен, бұл мектептің оқушылары ағылшын тілінен IELTS тестін 7-сыныпта тапсырады. Мұның себебін мектеп директоры 8-сыныпқа келгенде оқушылар физика пәнін ағылшын тілінде түсінуге тиіс екенімен түсіндіреді.
– Қазіргі технология заманында робототехника саласына сұраныс жоғары. Ал роботтарды құрастыру мен бағдарламалау ағылшын тілінде іске асады. Демек, осы бағытты меңгергісі келетін бала ағылшын тілін жетік меңгеруі тиіс, – дейді Алмас Тоқсанбай.
Пәндерді межесіне жеткізе оқыту үшін ең алдымен білікті маман қажет. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген қағиданы ұстанған мектеп басшысы шетелде жемісті еңбек етіп жүрген білікті мамандарды білім ордасына шақыртуға күш салып келеді. Қазірдің өзінде олардың бірқатарымен келісімшарт жасасып үлгерген.
Алмас мырза қытай тіліне басымдықты көршілес елдің ғылым мен технология саласындағы жетістіктерімен байланыстырады. Әсіресе нанотехнология бағытында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген ҚХР-дің тәжірибесі келешек ұрпақ үшін маңызды деп есептейді. Оның пайымынша, бұл саладағы әлемдік өзгерістерден қалыс қалмау үшін оқушыларды бүгіннен бастап заманауи ғылым бағыттарына бейімдеп, қажетті біліммен қаруландыру қажет.
Расында, деректерге сүйенсек нанотехнология саласында Азия елдері әлемдік ғылыми-технологиялық бәсекеде елеулі орынға ие. Әсіресе, Қытайдың жетістігі жоғары. 2025 жылы жарияланған мәліметке сәйкес, елде ширек ғасыр ішінде 464 мыңнан астам нанотехнологиялық патент тіркелген. Бұл әлем бойынша берілген патенттердің шамамен 43 пайызына тең.
Білектің емес, білімнің күші артқан шақта балаларға заманға сай бейімделу керек дейді басшы.
«Заман талабына сай қалыптасу үшін бала ең алдымен кітап оқуы керек. Одан кейін ағылшын тілін меңгеріп, денсаулығын шыңдап, өнер мен іскерлікке ден қойғаны маңызды».
Білім рухты да тәрбиелейді. Осыны ескерген «MURA зияткерлік мектебінде» «Айына бір кітап» жобасы қолға алынған. Техникалық білімді меңгертумен қатар, оқушылардың рухани дамуына да мән берген мектеп әкімшілігі кітап оқудың бала тәрбиесіндегі маңызы зор екенін айтады. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың рухани құндылықтарын қалыптастырып, ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Бұл туралы Алмас Тоқсанбай мынадай ойтолғам айтады:
– Абайдың атын біліп, «Абай жолын» оқымасаң, Жүсіпбек Аймауытовты танып, оның бірде-бір шығармасымен таныс болмасаң, өзіңді білімдімін деу қиын.
«Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген Мағжан Жұмабаевтың нақылын ұстанған мектеп басшылығы ұстаздарды іріктеуге ерекше мән береді. Өйткені сапалы білім мен саналы тәрбиенің негізі – білікті ұстаз дейді. Осы ретте Талдықорған қаласынан да білікті ұстаздарды жұмысқа алуға мүдделі екенін жеткізді. Кәсіби тәжірибесі мол, жаңашылдыққа ашық мамандардың мектеп ұжымына қосылуы білім ордасының дамуына тың серпін бермек. Мамандарға ұсынылатын еңбекақы көлемі мен еңбек жағдайы да көңіл көншітерліктей.
Мектепке оқушылар бірінші сыныптан бастап еркін форматта, ал төртінші сыныптан жоғары тестілеу нәтижесі бойынша қабылданады. Сонымен қатар жыл сайын 5-сынып оқушыларына 20 грант бөлінеді. Грант иегерлеріне білім жетістіктеріне қарай оқу ақысын тегін жалғастыруға мүмкіндік беріледі. Атап айтқанда, оқушы 6-сыныпта Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсу тестінен 1200-ден жоғары балл жинаса, грант тағы бір жылға ұзартылады. Ал 7-сыныпта міндетті IELTS емтиханынан 6-балдан жоғары нәтиже көрсетсе, грант мерзімі тағы бір жылға ұзартылмақ. 8-сыныпта халықаралық олимпиада жеңімпазы атанған оқушыға грантпен қатар стипендия да ұсынылады.
Осылайша, білімге құштар, талабы мен ізденісі жоғары оқушылар оқу ақысын төлемей білім алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл, бір жағынан, баланың ынтасын арттырса, екінші жағынан, сапалы білімге қол жеткізуіне жасалған үлкен қолдау.
Жеткіншекке сапалы білім беру үшін қолайлы орта қалыптастыру маңызды. Мектеп жалға алынған ғимаратта орналасқандықтан, оны қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету жағы біршама қиындық туғызып келген. Бұл мектеп басшылығының көңілін алаңдатқан мәселенің бірі еді. Дегенмен, келесі оқу жылынан бастап 550 оқушыға арналған, заманауи білім беру талаптарына сай жаңа ғимарат бой көтермек. Ол жерде оқушылардың ғылыми-техникалық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Робототехника және IT кабинеттерінде оқушылар заманауи технологиялармен жұмыс істеп, бағдарламалау, құрастыру және инженерлік бағыттар бойынша білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар домбыра, музыка және шығармашылық бағыттағы үйірмелерге арналған кабинеттер болады. Мектеп кешенінде 150 орындық асхана, 150 орындық акт залы, жабық спорт залы және екі ашық спорт алаңы қарастырылған.
Алмас Тоқсанбайдың мына пікірінен бұл мектептің болашағы жарқын боларын түсіндік:
– Жастардың сауатын ашу мен білімін жетілдірудің түрлі жолдарын мемлекет онсыз да жан-жақты қарастырып келеді. Білім беру мекемесін ашуға ниетті азаматтарға да қолдау көрсетіледі. Алайда біздің мақсатымыз – мемлекеттік қолдауға ие болып, елімізде бұрыннан қалыптасқан тәсілдермен оқушыларға білім берумен шектелу емес. Мұны мемлекет өз деңгейінде жүзеге асырып отыр. Біз елге және жастарға нақты пайдамызды тигізгіміз келсе, білім беру саласына жаңашылдық әкеліп, тың мүмкіндіктер ұсынуымыз керек, – дейді білікті басшы.
Осы мақсатты көздеген мектептің басты ұраны – «Мұрадан – Гарвардқа». Бұл білім ордасының алға қойған биік мақсаты мен ұстанымын айқындайтын бағдар. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, туған топырағынан нәр алған ұрпақты әлемдік білім кеңістігіне шығару идеясы осы ұранның өзегіне айналған.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ

