Өзгенің жетегінде кетпей, өз құндылығымызды бағалау, қоғамдағы татулықты сақтау және этносаралық қатынастарға жауапкершілікпен қарау бүгінгі ақпараттық кезең айрықша маңызға ие. Өйткені қоғамдық келісім өздігінен орнамайды. Ол саналы көзқарас, парасатты пайым мен ортақ жауапкершілік арқылы нығаяды.
Талдықорғанда ұлтаралық қатынастар мәдениетін қалыптастыруға, этносаяси үдерістерді түсінуге және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған «Этносаяси сауаттылық негіздері» атты семинар-тренинг өтті. Басқосуға «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің сарапшылары, этномәдени бірлестіктердің белсенділері және қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтауға мүдделі азаматтар қатысты.
Іс-шараның мақсаты – этнос-аралық қатынастар саласындағы кәсіби құзыреттілікті арттыру, этносаяси үдерістердің мәнін түсіндіру, ықтимал жанжалдардың алдын алу және қоғамдық келісім қағидаттарын нығайту. Семинарды «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Айдос Назкенұлы жүргізсе, негізгі баяндаманы саясаттанушы Талғат Қалиев жасады.
Кездесу барысында Талғат Бегімұлы этносаяси сауаттылықтың мәніне тоқталып, ұлтаралық қарым-қатынастағы қалыптасқан стереотиптердің қоғам санасына әсерін саралады. Оның айтуынша, белгілі бір этнос туралы үстірт түсінікке сүйену адамдар арасындағы сенімге сызат түсіріп, қоғамдық қатынастарда негізсіз күдік пен алшақтық туғызуы мүмкін. Сондықтан этносаралық байланыстың берік болуы үшін әр адам өзгеше ойлайтын, басқа мәдениет өкілі саналатын азаматты жатсынбай, оны қоғамның тең мүшесі ретінде қабылдай білуі қажет.
– Этносаяси сауаттылықты бір семинарға қатысумен ғана толық меңгеру мүмкін емес. Қоғам өзгереді, ұрпақ алмасады, соған сәйкес адамдардың көзқарасы мен қарым-қатынас мәдениеті де жаңарып отырады. Ал ксенофобия, яғни өзіне ұқсамайтын адамды жатсыну мен қабылдамау мәселесі бүкіл әлемге ортақ. Қазақстан бейбіт өмір мен қоғамдық келісімнің қадірін түсінетін ел ретінде осы құндылықтарды сақтап қана қоймай, оны келер ұрпақтың санасына сіңіруі керек, – дейді Талғат Қалиев.
Сарапшының пайымынша, қазіргі қоғам үшін ашық ойлау мәдениетін қалыптастыру, адамның дүниетанымын шектейтін жаңсақ түсініктерден арылу және қандай да бір адамға не әлеуметтік топқа алдын ала теріс баға бермеу айрықша маңызды. Әсіресе ақпарат ағыны күшейген заманда сырттан таңылған пікір мен өз қоғамымыздың шынайы мүддесін ажырата білу қажет.
Әлеуметтік желілер мен түрлі ақпараттық алаңдарда тарайтын мәліметтер қоғамдық пікірге ықпал етіп, жастардың көзқарасына әсер ететіні жасырын емес. Кейде азаматтар өздері де аңғармай, арандатушы сипаттағы талқылауларға араласып, қоғамды бөлетін пікірлердің таралуына себепші болуы мүмкін. Сондықтан ақпаратты саралай білу, эмоцияға ерік бермей, әрбір мәселені байыппен бағалау этносаяси сауаттылықтың маңызды құрамдас бөлігі саналады.
– Бүгінде өзекті мәселенің бірі – қоғамның күн тәртібі мен сырттан таңылатын ақпараттық ықпалдың аражігін ажырату. Біз қолда бар құндылықтарымызды бағалап, ел ішіндегі тұрақтылықтың қадірін терең түсінуіміз керек. Бұл семинарда этносаясаттың негізгі қағидаттарын талқылап қана қоймай, қоғамда теріс үрдістердің алдын алуға мүмкіндік беретін тетіктерді де қарастырып отырмыз. Өйткені елдің ең басты байлығы – халықтың амандығы, бейбіт өмірі мен өзара келісімі, – дейді баяндамашы.
Оның сөзінше, этномәдени бірлестіктердің қоғамдық-саяси өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, түрлі этнос өкілдерінің үнін есту және жас ұрпақты ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыру қоғамдық тұтастықты нығайтуға ықпал етеді. Бұл ретте жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, олардың ел болашағына қатысты бастамаларға белсенді араласуына жағдай жасау маңызды.
Семинар-тренинг соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Басқосу этносаяси сауаттылықты арттырумен қатар ел бірлігін сақтау жолындағы ортақ жауапкершілікті тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Медет ЖҰМАБАЙ

