Еліміздің автокөлік нарығында үлкен өзгерістер орын алды. Мемлекет шетелден көлік тасымалдау тәртібін реттеп, «сұр» дилерлерге тосқауыл қойды. Сонымен бірге отандық автоөнеркәсіпті дамыту мен жергілікті қамту үлесін арттыру бағытында маңызды шешімдер қабылданды. Ресми орындар енгізілген реформалар нарықта ашықтықты қамтамасыз ету, сапа мен қауіпсіздікті арттыру, сондай-ақ ішкі өндірісті қолдауды көздейді.
Кедендік әкімшілендірудегі жаңа тәртіп бойынша шетелдік автокөліктерді елге кіргізу ережелері айтарлықтай қатаңдады. Азаматтардың өзі үшін әкелетін көліктері мен сатуға арналған коммерциялық импорттың арасы нақты бөлінді. Енді жеке тұлға өз атына жылына тек бір автокөлік қана рәсімдей алады. Сонымен қатар импортталатын көліктің шыққан мерзімі 5 жылдан аспауы, ал экологиялық стандарты Евро-5 деңгейінен кем болмауы тиіс. Тағы бір маңызды талап – утильсбор сертификатын көлікті кеденнен еркін айналымға шығарғанға дейін алу міндеттелді.
Бұрынғы олқылықтарды пайдаланып, коммерциялық партияларды жеке тұлғалардың атына жазып әкелген заңсыз схемаларға толық шектеу қойылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев саладағы жағдайға қатысты өз пікірін білдірді: «Басты міндет – сұр ввозды барынша шектеу және заңсыз көліктердің Қазақстанға кіруіне жол бермейтін қатаң шаралар қабылдау».
Аталған қадам қарапайым сатып алушыларды да қаржылық әрі құқықтық тәуекелдерден қорғайды. Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Макашева бейресми арналардың қаупі туралы:
«Неофициалды арналар арқылы елге келетін автокөліктердің көбі залогта тұрған, ұрланған немесе заңды проблемалары бар көліктер саналады. Азаматтар мұны кейін біліп, қаржысынан да, көлігінен де айырылып жатады», – деді.
Импортты реттеумен қатар, Үкімет жергілікті өндірісті тереңдетуге басымдық беріп отыр. Елімізде автокөлік шығару көлемі 2025 жылы 171 мың бірлікке жетсе, 2026 жылы 190 мыңға жуықтайды деп күтілуде. Қарағанды облысының Саран қаласындағы «QazTehna» зауыты Теміртаудағы «Qarmet» комбинатының мырышталған болатынан автобус шанақтарын өндіруді жолға қойды.
«QazTehna» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры Александр Мизгулин отандық шикізаттың артықшылығын атап өтті:
«Qarmet-тен қаңылтыр металл келгеннен кейін, оны арнайы біліктерден өткізіп, қажетті қаттылық қабырғаларын қалыптастырамыз. Өнім барлық сынақтардан өтті. Жергіліктендірудің басты артықшылығы – өніміміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және тасымалдау шығындарын азайту».
Алдағы уақытта «Qarmet» пен «Allur» және «Kia Qazaqstan» кәсіпорындары бірігіп, 2028 жылы жеңіл автокөліктерге арналған болат табақтар шығаруды жоспарлауда. Ал 2029 жылы жыл сайын 100 мың кузов бөлшегін шығаратын өндіріс іске қосылады. Allur директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев кәсіпорындардың ынтымақтастығын былай түсіндірді: «Біз металлургия мен автомобиль жасауды біртұтас өндірістік тізбекке біріктіретін металларалық жобаны әзірлеп жатырмыз».
Үкімет басшысы Олжас Бектенов бастамаға қолдау білдіріп:
«Стратегиялық маңызы бар автосталь өндірісін Үкімет толық қолдайды. Металлургия мен автоөнеркәсіп арасында жақсы синергия қалыптасты», – деп атап өтті.
Қазақстан электромобильдер мен заманауи электрлі көлік өндірісін дамытуға да қадам басты. Алматыдағы «Astana Motors» зауытында «BYD» маркалы B12 моделіндегі алғашқы электробустар топтамасы шығарылды.
«Astana Motors» жолаушылар және коммерциялық техника зауытының директоры Әділбек Гаев жұмыс барысы туралы:
«Құрамдас бөлшектер зауытқа келіп жетті. Бүгінгі таңда Қазақстанда B12 моделінен 30 дана BYD электробустарының алғашқы партиясы шығарылды. Біз жыл соңына дейін тағы 70 электробус, ал жалпы көлемде 100 BYD электробустарын шығаруды жоспарлап отырмыз», – деді.
Сондай-ақ алдағы жылдары жеңіл электромобильдер мен гибридтерді жергілікті жерде шығару көзделіп отыр. «Astana Motors» компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов жоспармен бөлісті: «Шанхайда BYD компаниясымен кездестік. Жолаушылар автобустарынан бөлек, келесі жылы жеңіл автомобильдер өндірісін де игереміз».
Қорыта айтқанда, заңсыз импортты шектеу және ішкі локализацияны тереңдету шешімдері ел экономикасын нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және азаматтарды сапалы әрі заңды өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге отандық машина жасау саласы шикізат өндіруден бастап дайын өнімге дейінгі толық өндірістік циклге көшу арқылы халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Аталған өзгерістер ұзақ мерзімді перспективада елдің көлік нарығының тұрақты дамуына оң ықпал етеді
Мәулен Әнербай


