Бүгінде әлеуметтік желіні ашсаңыз «күніне екі сағат жұмыс істеп, 50 мың теңге тап», «телефон арқылы отырып-ақ миллионер бол» деген жарнамалардан көз сүрінеді. Бір қарағанда, мұндай ұсыныстар үйден шықпай-ақ табыс табудың оңай жолын көрсететіндей. Бірақ экранның ар жағындағы мүмкіндік пен алдаудың аражігін қалай ажыратамыз?
Шын мәнінде, фриланс арқылы табыс табу миф емес. Бірақ оны «оңай ақша» деп қабылдау да үлкен қателік. Цифрлық дәуірде интернет арқылы жұмыс істеу қалыпты кәсіп түріне айналды. Дизайнер, копирайтер, SMM маманы, бағдарламашы, аудармашы сынды мамандар кеңсеге байланбай-ақ түрлі жобалармен жұмыс істеп, табыс тауып жүр. Фриланстың басты артықшылығы жұмыс уақытын өзің жоспарлайсың. Интернет пен қажетті құралдарың болса, үйде отырып та, сапарда жүріп те жұмыс істеуге болады. Алайда еркіндік жауапкершіліктен босатпайды. Фриланста бастықтың күн сайын қадағалауы болмағанымен өзіңе қоятын талап жоғары болуы керек. Тұрақты табысқа жету үшін кәсіби білім, тәжірибе, тәртіп және үздіксіз ізденіс қажет. Яғни фриланс ештеңе істемей ақша табудың емес, өз еңбегіңе өзің жауап берудің жолы.
Мәселенің екінші жағы интернеттегі алаяқтық. «Үйде отырып ақша табу» деген тартымды ұсынысты пайдаланатын алаяқтар аз емес. Әсіресе тез әрі көп табыс тапқысы келетін жастар олардың арбауына жиі түседі. Алаяқтар адамның ақшаға деген қызығушылығын пайдаланып, түрлі схемалар арқылы қаражатын иемденеді немесе өздерінің заңсыз әрекеттеріне араластырады. Солардың бірі – дропперлік. Алаяқтар кейде адамдарға «банк картаңызға ақша қабылдап, басқа шотқа аударып берсеңіз, әр операция үшін пайыз төлейміз» немесе «картаңызды уақытша пайдалануға беріңіз» деген ұсыныс жасайды. Сырт көзге қарапайым жұмыс сияқты көрінгенімен мұндай әрекет заңсыз ақша айналымына қатысуға әкелуі мүмкін. Ең қауіптісі адам өзінің қылмысқа араласқанын бірден түсінбеуі ықтимал. Алайда «мен ақшаның қайдан келгенін білмедім» деген уәж жауапкершіліктен толық құтқарады деп ойлау қате. Сондықтан банк картасын, шотты немесе басқа да қаржылық құралдарды бөтен адамдардың пайдалануына бермеген жөн.
Интернеттегі алаяқтықтың басқа да түрлері бар. Мысалы, кейбіреулер жұмысқа орналастыру үшін алдын ала тіркелу жарнасын, оқыту ақысын немесе «материалдың құнын» төлеуді талап етеді. Тағы бір кең тараған тәсіл бейнероликтерге лайк басып, скриншот жіберу сияқты қарапайым тапсырмалар ұсыну. Алғашында аз мөлшерде ақша аударып, адамның сеніміне кірген алаяқтар кейін «үлкен табыс табу үшін» немесе «тапсырыс алу үшін» қомақты қаржы салуды сұрауы мүмкін. Мұндай ұсыныстардың ортақ белгісі бар: аз еңбекпен көп ақша табуға уәде беру. Ал интернеттен жұмыс іздегенде ұсыныстың сыртқы тартымдылығына емес, оның заңдылығы мен нақты шарттарына назар аудару қажет. Жұмыс беруші туралы ақпаратты тексеріп, келісімшарт талаптарын мұқият оқып, бейтаныс адамдарға банк картасының деректерін, құпия кодтарды және басқа да қаржылық мәліметтерді бермеу керек.
Еркіндік қалаған уақытта жұмыс істеу ғана емес, өз таңдауыңа жауап бере білу. Сондықтан интернеттегі мүмкіндікті пайдаланайық, бірақ сақтықты да ұмытпайық. Оңай ақша іздеп, қиындыққа тап болғаннан гөрі адал еңбектің арқасында келген табыс әлдеқайда сенімді. Табыстың ең қауіпсіз жолы – білім, кәсіби шеберлік және адал еңбек.
Қарақат АҚЫЛШАЕВА
ЖУ 311-тобының білімгері





