Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани байлығы, елдігіміздің айқын белгісі. Ана тіліміз арқылы біз тарихымызды танып, салт-дәстүрімізді сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан асыл мұрамызды жеткіземіз. Сондықтан тілді құрметтеу – әр азаматтың парызы. Ал мемлекеттік тілді дамыту – баршамызға ортақ міндет.
Қазақ тілі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан бай мұрасы, ұлттық болмысымыздың негізі. Оның көркемдігі мен тереңдігі мақал-мәтелдерден, шешендік сөздерден, жыр-дастандардан және ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармаларынан айқын көрінеді. Ата-бабамыз сөз қадірін өз қадірім деп білген, бірауыз сөзбен дау шешіп, татулықты ту еткен. Бұл – қазақ тілінің құдіретін танытатын асыл қасиет. Қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп тілдің маңызын терең түсіндірген. Шынында да тілін сақтаған халық қана өзінің ұлттық ерекшелігін, мәдениетін сақтайды.
Қазақстан Республикасында қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілді құрметтеу отбасынан басталады. Баланың ана тілінде еркін сөйлеп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуі ата-ананың берген тәрбиесіне байланысты. Отбасында қазақша сөйлеп, кітап оқып, мақал-мәтелдерді үйретіп, халқымыздың әдеби мұрасын таныстыру арқылы біз келешек ұрпақтың тілге деген сүйіспеншілігін арттырамыз.Бұл бағытта кітапханалардың атқаратын қызметі ерекше. Құрақсу ауылдық кітапханасында да қазақ әдебиетін насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оқырмандардың тіл мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың маңызы зор. Кітап көрмелері мен мәдени іс-шаралар арқылы оқырмандарға ана тіліміздің байлығын таныстырып, көркем әдебиетті оқуға үнемі үндеу жасалады. Әсіресе жас оқырмандарды қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын оқуға баулу – ұлттық руханиятты дамытуға қосылған үлес. Қорыта айтқанда, тіл тағдыры – ел тағдыры. Қазақ тілінің болашағы әрқайсымыздың оған деген құрметіміз бен күнделікті қолданысымызға байланысты. Ана тілімізді ардақтап, оның мәртебесін көтеру – бүгінгі ұрпақтың қасиетті міндеті.
Жанар Райханова,
Құрақсу ауылдық кітапханасының кітапханашысы





