Талдықорған: +7°C
$ 453.87
€ 508.33
₽ 5.65
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР РУХАНИЯТ

Сабырханның сұлу сөздері

Бүгін, 12:36
РУХАНИЯТ
Сабырханның сұлу сөздері
WhatsAppTelegramFacebook

Ақын Сабырхан Асановқа арнаған жырында мұзбалақ Мұқағали: «Қызылқұмда ізіміз қалар ма екен, іздеген жан біздерді табар ма екен?!» деп толғанады. Іздеген жанның табары анық. Алайда уақыт озған сайын ақын мұрасын тәптіштеп, сөз қадіріне бойлайтын жұрттың қатары сиреп бара жатқандай көрінеді. Әсіресе қазақтың сөз өнерін сырлы күйге бөлеп, сүбелі шумақтар сыйлап кеткен Сабырхан ақынның шығармашылығына келгенде осындай ойға қаласың.

Иә, қазақ поэзиясында өзіндік өрнегімен із қалдырған ақынның бірі де бірегейі – Сабырхан Асанов. Оңтүстік Қазақстандағы Иіркөл ауылында дүниеге келген қаламгердің артында қалған әдеби мұрасы қыруар. Оның өлеңдері өз алдына бір төбе болса, әнге айналған жырларының жөні тіпті бір басқа. Ақынның сөзіне жазылған әндер халықтың жадында жатталып, талай буынның жүрегіне жол тапты. Өз естелігінде Сабырхан ақын Шәмші Қалдаяқовтың жиырмадан астам әніне сөз жазғанын айтады. Мұның өзі оның сазгермен шығармашылық үндестігін, сөз бен сазды жарастыра білген зергерлігін аңғартса керек.

Сіз бен біз бала күннен құлаққа сіңіріп, көңілге тоқып өскен «Дүңген қызы», «Сағынышым менің», «Теріскей», «Отырардағы той» әндерінің сөзін жазған да – осы Сабырхан. Әуеніне елітіп, қайырмасына қосылып жүргенімізбен сол әндердің астарында жатқан ақындық қуатқа, көркемдік кестесіне үңіле бермейміз. Ал зер салып қарасаңыз, әр шумақтан сырлы сурет, әр тармақтан жүрек лүпілі сезіледі.

Мәселен, «Теріскей» әнін алайық.
Байлығы жатқан жалпақ жерге сыймай,
Кеудесі әнге сыймай,
Күлімдеп тұрған менің Теріскейім,
Күнгейдің құрдасындай, сырласындай.

Туған жерге деген перзенттік махаббат осындай қарапайым да келісті жолдармен өріледі. Ақын Теріскейдің байлығын тізбелеп, табиғатын құрғақ баяндап отырған жоқ. Жердің дарқандығын адам мінезімен астастырып, оны әнге сыймаған кеудеге, күлімдеген жанға балап, тірі бейнеге айналдырады. «Күнгейдің құрдасындай, сырласындай» деген жолдардан да жерге деген жақындық, бауырмалдық аңғарылады. Туған өлкені сырласындай көру – оны мекен еткен елдің де, сол топырақтан түлеген ақынның да көңіл-күйін танытатын нәзік ишара.

Балалық шағыңызда болсын, бозбала кезіңізде болсын, қай жиынға барсаңыз да «Теріскейдің» әуелеген әуенін естімей қалуыңыз екіталай. Әннің ел арасына кең тарауы саздың сиқырына ғана байланысты десек, ақынның сөз өрнегіне қиянат жасаған болар едік. Өйткені әуенге қанат бітіріп, тыңдаушының жүрегіне жеткізетін де – мағыналы мәтін. Сабырхан осы үдеден шыға білген.

Жыр жампозы Жұмекен (Нәжімеденов) Сабырхан ақын туралы мақаласында: «Ол – бүгінгі таңда ең ізденгіш ақындарымыздың бірі», – деп баға берген екен. Бұл пікірдің өзегінде қаламгердің шығармашылық қарымын тану жатыр. Ізденіс ақынның өсу жолы, ал сөзге жауапкершілікпен қарау оның шеберлік өлшемі. Сабырхан жырларынан осы екі қасиеттің де табы байқалады. Ол таныс ұғымды тосын тіркеспен жаңғыртып, қарапайым көріністің өзінен көркемдік қуат таба білген.
Келесі «Отырардағы той» әнінің алғашқы шумақтарына назар аударайық:

Той басталды Отырарда,
Сұлу Сырдың бойында.
Кеудесінде оты жанған,
Қызылқұмның қойнында.

Бұл – елдің құлағына сіңіп, жатқа айтылатын әннің шумағы. Мұндағы «Кеудесінде оты жанған, Қызылқұмның қойнында» деген тіркес бірден назар аудартады. Қызылқұмның аптапты табиғатын еске алсаңыз, кеудесінде оты бар мекеннің бейнесі көз алдыңызға келеді. Дегенмен, ақын меңзеген мағына мұнымен шектелмейді. От – тіршіліктің қызуы, елдің жігері, көңілдің алауы. Қызылқұмның қойнындағы Отырардың кеудесінде жанған жалыннан халықтың қуанышы мен мерейін, той үстіндегі шаттықты аңғаруға болады.

Әрине, әннің танымал болуына оны орындаған өнерпаздардың да үлесі зор. Әсіресе Бағдат Сәмединованың орындауындағы «Отырардағы той» тыңдаушы көңілінде айрықша әсер қалдырады. Оның дауысындағы сыршылдық пен ән табиғатындағы жарасым бірін-бірі толықтырып, ақын сөзінің ажарын аша түседі.
Ал «Дүңген қызы» әніндегі мына бір шумаққа құлақ түріңіз:

Сені ойлаумен артта суық қыс қалды,
Сені ойлаумен жазғы ұзақ күн қысқарды.
Бақыт жайлы әнді бірге шырқасақ,
Қонақтатып қойып бауға құстарды.

Мұнда ғашықтық сезім мезгілдермен астасып, уақыттың өзін өзгеше өлшейді. Сүйген жанын ойлаған адамға қыс та сырғып өте шығады, жаздың ұзақ күні де қысқарады. Ақынның көңіл-күйі табиғат құбылысымен үндесіп, махаббаттың уақытқа бағынбайтын болмысын танытады. Ал «Қонақтатып қойып бауға құстарды» деген жолдың жөні бөлек. Құстарды бауға қондырып, бақыт туралы ән шырқап отыру – көзге көрінетін көрініспен қатар көңілге ұялайтын ғажайып сурет. Құс атаулыны да шаттықтың куәсіне айналдырып, табиғат пен адам сезімін бір арнаға тоғыстырады. Сөздің суретке айналуы дегеніміз – осы.
Сабырханның сыршылдығы «Сағынышым менің» әнінде де айқын аңғарылады:

Сен жанымда жүрсең,
Сен жадырап күлсең,
Бақыттымын мәңгі, асыл арманым.

Сүйген жанның қасында болуы мен оның жадырай күлгенін бақыт санау үшін жүректің тазалығы, сезімнің мөлдірлігі керек. Ақынның айтпағы – адам бақытының кейде бір жанның күлкісіне, бірауыз жылы сөзге сыйып кететіндігі. Шынайы сезімнің құдіреті де қарапайымдылығында емес пе?
Әннің келесі шумағы сол нәзік иірімді одан әрі тереңдете түседі:

Құшағыма кіріп,
Күле қарап тұрып,
Қосылшы әнге сол бір жүрек тербеген.
Тал жанына барсақ,
Таңды күтіп алсақ,
Таңдай әппақ адал тілектерменен.

Мұнда махаббаттың ыстық құшағы да, қос жүректің үндестігі де, таңмен бірге оянған ақ тілек те бар. «Тал жанына барсақ, таңды күтіп алсақ» деген жолдардан қазақы тіршіліктің қарапайым көрінісі сезіледі. Ал таңның атуын адал ақ тілекпен қарсы алу – жан тазалығының белгісіндей.
Әннің қайырмасындағы:

Тауды бұлт асып,
Жерге жұпар шашып,
Бал бұлақтар тасып,
Жатқан кезде.
Қырқасынан қырдың,
Арасынан нұрдың,
Еркетайым, сені көріп қалдым ба?! – деген жолдар да бірден көңілге қона кетеді. Таудан асқан бұлттың жерге жұпар шашқаны, арнасынан асып-тасыған бал бұлақ – бәрі де сезімнің оянуына әзір тұрған көрікті де көркем әлем. Ақын сүйген жанын кездейсоқ көрген сәтті табиғаттың түрленген шағымен астастырады. Сөйтіп, махаббат мезеті айналадағы дүниені де нұрландырып жібереді.

Бәлкім, біз де осы әнге елтіп жүріп, талай қырдың қырқасынан, талай нұрдың арасынан өз еркетайымызды іздеген шығармыз. Әйтеуір әнді тыңдаған сайын баяғы бір сағыныш қайта оянып, көңіл түкпірінде тәтті сезімдерге жан біткендей болады.

Қысқасы, Сабырхан Асановтың ән мәтіндеріне үңілгенде, оның ақындық болмысын айқындайтын бірнеше қасиет көзге түседі. Біріншісі – бейнелілік. Екіншісі – сезімнің табиғилығы. Үшіншісі – сөз бен әуеннің өзара жарасымы. Ақын артық сөзге ұрынбайды, қарапайым тіркестің өзінен мағына тауып, тыңдаушыға ой салады.

Әйткенмен, ел аузында жүрген әннің сөзін жазған қаламгердің есімі сол әннің даңқымен қатар аталуы әрдайым мүмкін бола бермейді. Әуенді жатқа білсек те сөз авторын естен шығарып алатынымыз бар. Сондықтан Сабырхан Асановтың шығармашылық мұрасына қайта үңілу – бүгінгі оқырман мен тыңдарманның әдеби талғамын таразылау да. Ақынның есімін жаңғырту үшін оның жырларын қайта оқып, әнге айналған сөздерінің көркемдік табиғатын кейінгі буынға таныту қажет.
Шіркін, адамдар мәңгі жасаса ғой! Ақындар өлмесе ғой! Әсіресе Сабырхан сынды сұлу сөздің суреткерлері…

Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ

Қатысты жаңалықтар

Дамудың стратегиялық негізі

Дамудың стратегиялық негізі

Бүгін, 17:28
Кел ,балалар, оқылық

Кел ,балалар, оқылық

Бүгін, 16:39
Мүмкіндік мекенге қарай ма?

Мүмкіндік мекенге қарай ма?

Бүгін, 15:21
Ұмыт қалған сөз сыры

Ұмыт қалған сөз сыры

Бүгін, 13:15
Сабырханның сұлу сөздері

Сабырханның сұлу сөздері

Бүгін, 12:36

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Веб-сайт редакторы: Асыл Сұлтанғазы

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.