Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауында білім, ғылым және инновацияны дамытуға, цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға ерекше мән берілді. Қазіргі технологиялық өзгерістер кезеңінде сапалы білім беру, ғылыми әлеуетті арттыру және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау еліміздің тұрақты дамуының маңызды шарты болып саналады.
Биылғы Жолдаудың ерекшелігі – жаңадан қабылданған Конституция мен жаңадан құрылған Құрылтай аясында еліміздің алдағы даму бағыттарының айқындалуы. Мемлекет басшысы Құрылтайға, Үкіметке және Қазақстан халқына арналған стратегиялық басымдықтарды нақтылап, алдағы міндеттерді айқындап берді. Соның ішінде ерекше атап өтетін мәселе – 2027 жылдан бастап еліміздің әр қаласы мен облысында ауқымды құрылыс жұмыстарының қолға алынуы. Бұл ретте білім беру, спорт, денсаулық сақтау және басқа да салаларға қажетті инфрақұрылымдық нысандар салу көзделіп отыр. Мемлекет басшысы алдағы кезеңді «қазақстандық құрылыс» кезеңі ретінде атап өтті.
Алдағы үш-бес жылда елімізде елеулі өзгерістер болады деп ойлаймын. Биылғы Жолдауда Қазақстанның алдағы бес-он жылда қалай дамуы керегі, жасанды интеллект дәуірінде қандай бағыттарға басымдық берілуі қажеттігі нақты көрсетілді. Президент стратегиялық міндеттерді айқындап, тиісті тапсырмалар берді. Бұл білім беру саласы үшін де маңызды.
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияда айқындалған білім, ғылым және инновация қағидаттарына, әсіресе жасанды интеллект дәуірінде білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Келесі жылдан бастап білім беру инфрақұрылымын дамытуға, жаңа мектептер салуға және педагог мәртебесін арттыруға қатысты маңызды міндеттер жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесіне де басымдық берілді. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, педагогтердің құқықтарын қорғау және олардың қоғамдағы беделін көтеру мәселелері назарға алынды. Бұл бастамалар ұстаздардың мәртебесін нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын. Сондай-ақ педагогтердің еңбекақысына қатысты мәселелердің қарастырылуы білім саласы үшін маңызды.
Ермек Бөрібаев,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры





