«Ана пәленшенің келіні бір салақ екен. Қашан көрсең де иленіп, үйінің астан-кестеңі шығып жатады. Иленіп жүріп, ертең қалай үй болады екен?..» Осы сөзді естіген сайын, ойға қаламын. Қыздың бір босағаны аттап, сол үйдің келіні атануы оңай көрінуі мүмкін. Бірақ оның артында қаншама өзгеріс бар.
Кеше ғана өз үйінде еркелеп жүрген жан бөтен шаңыраққа келеді. Өзінің үйренген тәртібін қалдырып, өзгенің әдетіне бейімделеді. Біреудің мінезін танып, біреудің көңілін бағуға үйренеді. Көбіне үндемейді. Кейде ішінен жылайды. Бәріне үлгергісі-ақ келеді, бірақ қолынан келмей қалады. Сонда оны бірден «салақ» деп айту қаншалықты әділ? Мүмкін ол әлі иленіп келетін шығар… Адамның өзі де бір күнде қалыптаспайды ғой. Қамырдың да иленіп барып жұмсаратыны секілді, адам да өмірдің талай иірімінен өтіп барып өз қалпын табады.
Ал «үй болу» ше? Меніңше, үй болу деген үйдің әр бұрышын тап-таза ұстаудан әлдеқайда қиын. Үй болу шаршап келген адамның алдынан жылы сөзбен шығу, ренжіскенде есікті тарс жауып кетпей, сөйлесуге тырысу, бір-біріңнің кемшілігіңді санамай, түсінуге ұмтылу, үндемей-ақ бір-біріңнің көңіліңді сезу. Ал кейде үй шашылып, ыдыс жуылмай қалып, тірлікке үлгермей қаласың. Бірақ сол үйдің ішінде бір-біріне деген мейірім болса, болғаны да… Білгенге, таза еден емес, таза көңіл үйді үй етеді.
Бәлкім, біз келіннің қолынан бірден мінсіздік күтпей, оған алдымен адам ретінде орын беруіміз керек шығар. Оны сынамай тұрып үйрету. Мін тағудан бұрын демеу болу. «Қашан үй болады?» деп сұрағаннан гөрі «Осы үйде өзін бақытты сезініп жүр ме?» деп бір рет сұрап көрген жөн болар. Себебі қыздың келін болуы үйге тағы бір адамның қосылуы ғана емес, бір адамның тұтас жаңа өмірге қадам басуы. Ал жаңа өмірге әркімнің де бірден икемделіп кетуі міндет емес.
Илену деген үй бола алмаудың емес, үй болуға бара жатқан жолдың өзі шығар…
Уақыт күтпейді
«Жизнь мгновенная, ветром гонима, прошла, Мимо, мимо, как облако дыма, прошла. Пусть я горя хлебнул, не хлебнув наслажденья, Жалко жизни, которая мимо прошла». Омар Хайямға телінетін осы рубаиді оқыған сайын өмір туралы түсінігің өзгере түсетіндей. Төрт жолға сыйған ойдың өзі адамды бір сәт аялдатып, өз ғұмырыңа үңілдіреді. Себебі өмір біз ойлағандай ұзақ сапар емес, көзді ашып-жұмғанша өте шығатын бір сәт.
Бала кезде уақыттың жүрісі мүлде бөлек көрінетін. Жаздың әр күні ұзақ, туған күнді күткен бір жыл таусылмайтын сапар секілді еді. Ал есейген сайын уақыттың да асыққанын сезесің. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған бала бүгінде университет қабырғасында отыр. Ата-анасының қолынан жетелеп жүрген сәби енді өз жолын іздеген ересек жанға айналды. Сөйтіп, байқатпай жылдар артта қалады. Ал адам «әлі үлгеремін» деп ойлап, талай дүниені кейінге ысырады. Арманын да, айтқысы келген сөзін де, жасағысы келген ісін де ертеңге қалдырады. Бірақ ертеңнің келетініне сенгенімен оның қандай боларын ешкім білмейді. Уақыттың ерекшелігі сол бізді күтпейді. Өмірдің бұлт секілді көшіп өтетіні де сондықтан. Бұлт бір сәт аспанды көлеңкелеп, артынша алыстап кетеді. Оның қайтып келетінін білмейміз. Өткен күн де бір сәт біздің өміріміздің аспанынан өтіп, алыстап барады. Оны қайтара алмаймыз, қайта сүре алмаймыз.
Бізге берілген уақыттың да қанша екенін ешкім білмейді. Бірақ оның өтіп жатқанын бәріміз сеземіз. Сағат тілі тоқтамайды. Күндер де бірінің артынан бірі келеді. Ал біз сол күндердің арасында өз өмірімізді сүріп келеміз. Омар Хайямның осы жолдары адамды мұңайту үшін емес, оятып, өмірдің қадірін ұғындыру үшін айтылғандай. Өйткені өмір расында да желмен бірге кеткен бұлттай, алақаннан сусып түскен құмдай. Ендеше, оны ұстап қалуға емес, мәнді өткізуге тырысқан жөн. Айтылмай қалған жылы сөзді ертеңге қалдырмай, жақсы көрген адамыңа бүгін көңіл бөлген дұрыс. Арманның жолын кейінге ысырып, «уақытым бар» деп жүре бермей, алғашқы қадамын бүгін жасаған жөн. Бір күні біз де артқа қарап: «Уақыт қалай зымырап өтіп кетті?» деп қалуымыз мүмкін. Сол күнге дейін өмірдің әр сәтін бағалай білейікші…
Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ




