Ауыл мен қала – бір елдің екі түрлі тынысы. Екі ортада да білімге ұмтылған, болашағын елестеткен жастар бар. Бірақ олардың арманға жетер жолы бірдей ме?
«Қалада мүмкіндік көп, ауылда мүмкіндік аз» деген пікірді жиі естиміз. Шынында, қалада түрлі курс, үйірме, жоба мен жаңа мамандық үйренуге мүмкіндік көбірек. Ал ауыл жастары қызыққан ісін меңгеру үшін аудан орталығына немесе қалаға баруға мәжбүр болуы мүмкін. Кейде интернеттен іздеп, кейде біреуден кеңес күтеді. Дегенмен ауылды тек мүмкіндігі аз орта деп қабылдау дұрыс емес. Ауылда өскен жас еңбекке, жауапкершілікке ерте араласады. Отбасына көмектесу, күнделікті тіршілікке араласу оның бойына шыдамдылық пен еңбекқорлық қалыптастырады. Ал қала жастарының да өз қиындығы бар: мүмкіндік көбейген сайын таңдау да көбейіп, кейде қай бағытпен жүру керегін анықтау қиынға соғады.
Бүгінде интернет ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтуға жол ашып отыр. Бір батырмамен әлемнің әр түкпірінен білім алуға болады. Бірақ интернеттің сапасы, уақыттың жеткіліксіздігі секілді мәселелер әлі де бар. Сондықтан айырмашылық ауыл немесе қала жастарының қабілетінде емес. Екеуінің де арманы, екеуінің де таланты бар. Маңыздысы сол талантты дамытуға және көрсетуге жағдайдың жасалуы.
Таланттың мекенжайы болмайды. Үлкен арман қалада да, ауылдағы үйде де дүниеге келеді. Ендеше жастардың қай жерде туғанына емес, сол арманын жүзеге асыруына қандай мүмкіндік беріліп отырғанына мән бергеніміз жөн.
Шағала ҚАБАЙ
ЖУ 311-тобының білімгері





