Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында еліміздің болашақ даму бағдарын айқындайтын маңызды міндеттер көтерілді. Соның ішінде жасанды интеллект негізінде цифрлық экономика қалыптастыру және инфрақұрылымды дамыту бастамаларының маңызы зор. Бұл бағыттар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлердің әлеуетін нығайтуға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған.
Президент Жолдауда: «Енді бұл жұмысты әрі қарай жүйелі жалғастырып, жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруымыз қажет», – деп атап өтті. Расында, қазіргі технологиялық даму кезеңінде жасанды интеллектіні тиімді пайдалану мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға және еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда цифрландыру тек жаңа технологияларды енгізумен шектелмеуі керек. Ең бастысы, оның нәтижесі азаматтардың күнделікті өмірінен көрініс табуы қажет. Бұл үшін цифрлық сауаттылықты арттырып, отандық технологиялық жобаларды қолдау және жастардың инновациялық бастамаларына жағдай жасау маңызды.
Мемлекет басшысының келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс» жылы деп жариялау туралы ұсынысы да ерекше назар аударуға тұрарлық. Президенттің айтуынша, әр облыс орталығында, аудандарда және елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу мен жөндеу жұмыстарына кірісу қажет. Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар салу көзделіп отыр.
Мұндай жобалар өңірлердің дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Әсіресе, шалғай елді мекендердегі инфрақұрылымды жақсарту – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты.
Президент Жолдауда: «Бастамалардың барлығы ел игілігі, әсіресе өскелең ұрпақтың қамы үшін қолға алынып отырғанын баса айтқым келеді», – деді. Бұл ретте атқарылатын жұмыстардың сапасына, қаражаттың тиімді жұмсалуына және нысандардың нақты қажеттілікке сай болуына мән берілуі тиіс.
Жалпы, цифрлық жаңғыру мен инфрақұрылымдық даму өзара сабақтасып, бірін-бірі толықтыруы керек. Оларды жүйелі жүзеге асыру Қазақстанның экономикалық әлеуетін нығайтып, азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бөкен Кабиұлы,
Кербұлақ аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы




